Басты ақпаратЕл тынысы

50 000 адам үйін жекешелендіре алады

Осы аптаның жағымды жаңалығының бірі ұзақ жылдар бойы баспана кезегінде тұрған қазақстандықтарға үй алу мүмкіндігі берілді. Бұдан былай тұрғын үйді бөлу, үй алуға кезекке қоюмен Ұлттық даму институты болып қайта құрылған «Отбасы банк» айналысады. Сонымен қатар тағы бір жаңалық, еліміздегі 50 мыңнан астам адам сатып алу құқығынсыз жалға берілген баспананы жекешелендіре алады. Бұл нормалар биылғы 4 желтоқсаннан бастап, басқа жаңа нормалар 2025 жылдың мамырынан бастап күшіне енеді.

16 млн шаршы метр баспана тапсырылды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында құрылыс саласын дамыту мәселелері қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова баяндама жасады. Сондай-ақ бірқатар өңір әкімдерінің есебі тыңдалды.

10 айдың қорытындысы бо­йынша құрылыс жұмыстарының көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 15,7%-ға өсті. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев 2024 жылы 18,03 млн шаршы метр тұрғын үйді енгізу жоспарланғанын айтты. Осы жылдың қаңтар-қараша айларындағы динамиканы ескере отырып, қазірдің өзінде 16 млн шаршы метр салынды, бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінің 107%-ын құрайды. «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Үкімет басшысына «Наурыз», «Отау» және «Асыл мекен» сияқты ипотека бағдарламаларының іске асырылу барысы туралы баяндады. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 6,6 мыңнан астам адам қарыз ресімдеп, өз баспанасының иесі атанды.

Премьер-министр Олжас Бектенов құрылыс саласы Қазақстан экономикасындағы негізгі салалардың бірі саналатынын, тұрғын үй мәселелерін шешуге, инфрақұрылымды дамытуға және жұмыс орындарын құруға тікелей әсер ететінін атап өтті. Мемлекет басшысының 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр жаңа тұрғын үйді іске қосу жөніндегі алға қойған міндеті шеңберінде 2023 жылы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы өзектендірілді. Биыл Үкімет аталған секторды одан әрі ынталандыру мақсатында қосымша шараларды іске асырды. Атап айтқанда, Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң қабылданды, жаңа жеңілдетілген ипотека бағдарламалары іске қосылып, қаржыландыру көлемі артты.

Олжас Бектенов құрылыс сапасы мен іргелес инфрақұрылымды арттырудың, бөлінген қаражатты тиімді пайдаланудың және тұрғын үйге кезекте тұрғандарды өзектендірудің маңызын атап өтті. Премьер-министр өңірлердегі тізімдерді түгендеуді жеделдетуді тапсырды және кезекте нақты мұқтаж азаматтар болуы тиіс екенін атап өтті.

Үлестік құрылыс мәселесіне ерекше назар аударылды. Кепілдіктер бермей шарттар жасасу фактілерін болдырмау мақсатында үлескерлерді қосымша қорғау үшін заңнамаға түзетулер енгізіледі.

«Көптеген құрылыс компаниясы заң талаптарын айналып өтіп, үлескерлердің қаражатын тартуды жалғастырып келеді. Олармен ешқандай кепілдік берместен шартқа отырады. Қазір Парламент Мәжілісі Үлестік құрылыс мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі. Министрлік депутаттармен бірге үлескерлер қаражатын тарту ісіне бақылауды күшейту нормаларын сапалы пысықтауы қажет. Бұған қоса, үлестік құрылысқа қатысты шартқа отыру тетігін әзірлеуді тапсырамын. Ол азаматтарымыз үшін тәуекелдерді толығымен жоюға тиіс» деп атап өтті Олжас Бектенов.

22 жалдамалы пәтер сатып алады

Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев құрылыс саласындағы негізгі жетістіктер туралы баяндады. Бүгінгі таңда оның үлесі елдің ЖІӨ-нің 5,6%-ын құрайды. Салада 670 мыңға жуық адам, 53 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

«2024 жылдың 11 айында құрылыс жұмысының көлемі 6,9 трлн теңгеге дейін өсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,3%-ға жоғары. Жалпы жыл соңына дейін жоспарланған көлем орындалады» деп мәлімдеді министр.

Биыл рекордтық түрде 18 млн шаршы метр тұрғын үй енгізу жоспарлануда, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 44%-ға жоғары. Осы жылдың 11 айында 16,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылады. Салаға инвестицияны қарқынды тарту үшін Үкімет тұрғын үй құрылысын ынталандыру бойынша біршама шара қабылдады.

«Биыл бұл мақсатқа барлық көздер есебінен шамамен 965 млрд теңге қаражат жоспарланған. Бұл 160 мыңнан астам азаматтың 41 мың жаңа пәтерге көшуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар осал топтарға қолжетімді құралдарды ұсынуға ерекше көңіл бөлінуде» деді спикер.

Қанат Шарлапаевтың айтуынша, биыл мемлекеттік қаражат есебінен 22 мыңнан астам жалдамалы пәтер сатып алу үшін 336 млрд-қа жуық теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін 165 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы 10 мыңнан астам несие­лік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде аталған пәтерлер бойынша 2-5%-бен жеңілдетілген ипотека арқылы 7861 несие берілген.

Осы жылдың мамыр айынан бастап «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында осы жылы 300 млрд теңгеге 12000 ипотекалық несие беру жоспарлануда. Бүгінгі таңда шамамен 172,4 млрд теңгеге 6 мыңнан астам несие берілді. Тұрғын үй саясатын реформалау шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың есепке қою және үйлерді бөлу функцияларын Ұлттық даму институты – «Отбасы банкке» беруді көздейтін заң қабылданды. Бұл саясат үй алуды қолжетімді етеді. Тұрғын үйді бөлу тіркеу күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асады. Бұл, ең алдымен, ұзақ уақыт бойы кезекте тұратын азаматтарды үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға жалға берілген үйлерді жекешеленді­руге мүмкіндік берілді. Бұл норма биыл 4 желтоқсанда күшіне енді. Осы шараның арқасында 50 мыңнан астам азамат үйлі болады. Жалпы реформалау бойынша қарастырылған жаңа өзгерістер келесі жылдың мамыр айында күшіне енгелі отыр.

«Отбасы банк» 32 895 адамға қарыз берген

Үкімет отырысында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы ­Ләззат Ибрагимова 2024 жылдың 11 айында қаржы институты 32895 қарыз бергенін баяндады. Жалпы берілген несие сомасы 571 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 7861 қарыз тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтарға берілді. Банктің өз бағдарламалары бойынша – 25034. Қарыздардың 40%-ы «Наурыз» және «Отау» бағдарламаларына тиесілі, оның шеңберінде банк жалпы сомасы 240 млрд теңгеге 9370 қарыз берді. Бағдарламаларды игеру маусым айында басталды, келесі жылдың басында жалғасады.

«Биыл екі мемлекеттік бағдарлама бойынша кезекте тұрғандарға баспана беру ісі жүргізілді. Бірінші бағдарлама – «Бақытты отбасы» бастапқы жарнасы 10%-ды құрайды. Оған қатысушылар – ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған азаматтар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар жандар, көпбалалы отбасылар және жетім балалар. Республика бойынша 42 млрд теңгені құрайтын 3,5 мың қарыз берілді. Қалған 4,5 мың қарыз кезекте басқа санаттар бойынша тұрған азаматтарға екінші бағдарлама – «Шаңырақ» бойынша берілді» деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.

«Наурыз» және «Отау» екі ірі ипотека бағдарламаларын бір мезгілде іске қосумен байланысты «Отбасы банк» тұрғын үй нарығында бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында «Баспана маркет» жылжымайтын мүлік порталы арқылы қатысушылардың бастапқы тұрғын үйді таңдау және брондау тетігін енгізді. Осы тетікке сәйкес құрылыс салушы 12 ай ішінде тұрғын үй құнын көтермеуі тиіс. Қазіргі уақытта «Баспана маркет» порталында «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары бойынша 921 тұрғын үй объектісі, 18940 пәтер жарияланған. Олардың ішінде үздік 5 құрылыс компаниясы бар.

«2024 жылы банк «Наурыз» және «Отау» бағдарламаларына барлығы 68,7 мың өтініш қабылдады. Бұл – сатып алу бойынша нақты сұраныс көлемі. Бағдарламаларды іске асыру барысында Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Павлодар және Атырау облыс­тарында алғашқы нарықтағы тұрғын үйдің тапшылығы байқалды, бұл жағдай 2025 жылы да қайталануы мүмкін. 2025 жылы «Наурыз» бағдарламасы бойынша шығарудың жоспарланған көлемі 300 млрд теңгені құрайды» деді спикер.

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, бағдарламаларды талдау екі өзекті мәселені көрсетті. Біріншіден, көптеген қарыз алушы жөндеуге шығын шығармай, тұрғын үйді дайын күйде сатып алуды жөн көреді. Сондықтан банк құрылыс салушылар қауымдастығының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Олар пәтерді порталда дайын күйінде орналастырады, ал сатып алушылар оларды 10% бастапқы жарнамен сатып ала алады. Екіншіден, бағдарламаға қатысу үшін депозитте 1 млн теңгенің болуы міндетті, ал конкурста жеңіске жеткен жағдайда қарыз алушы қысқа мерзімде 20%-ға толықтыруы тиіс. Бірақ бағдарламалар бойынша клиент­тердің төмен конверсиясы байқалуда. Банкте қарастырылған 2,5 мың өтініштің тек 39%-ында ғана бастапқы жарна 20%-ды құрады. Сондықтан бағдарламаға қатысуға өтінім беру үшін ең төменгі қажетті соманы 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін ұлғайту ұсынылады. Бұл бағдарламаларды іске асыруды жеделдетеді.

«Бағдарламаларды жал­ғас­тыру мақсатында 2025 жылы қосымша 200 млрд теңге облигацияларды шығарамыз. Банк облигацияларды 14-15%-дан нарықтың бағамы бойын­ша шығарады, 7%-ға дейін мемлекеттік субсидияланады. Купонның алғашқы төлемін 24 қаңтарда 8,18 млрд теңге көлемінде жүргізуді сұраймыз. 2025 жылы «Наурыз» бағдарламасын табысты жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы бөлу процесін тездетуді ұсынамыз. Аталған бағдарлама жас отбасылар арасында сұранысқа ие. Сондықтан банк жұмысты одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр» деп түйіндеді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button