Болашағымыз құрдымға құламасын!
Елордада құзырлы органдар есірткіге қарсы күресті жүйелі түрде жүргізіп, ауқымды жұмыс атқаруда. Қырағылықты бір сәт те естен шығаруға болмайтын аса қатерлі қоғам дертінен көпшілікті сақтау – маңызды міндет. Әсіресе, жастарды қоғамдық кеселден айықтыру кезек күттірмейді. Осы турасында Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлия ҚИБАТҚЫЗЫМЕН қалада нашақорлықтың алдын алу жайында әңгіме өрбіттік.
– Цифрлы дамыған заманда психотроптық заттарды сату да, сатып алу да жеңілдегені жасырын емес. Бас қалада бұл дертпен күрес қалай жүргізіледі?
– Бүгінгі таңда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған республикалық кешенді жоспары және мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар тартылған «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы іске асырылуда. Оның аясында уәкілетті органдармен нашақорлықтың алдын алуға және есірткінің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстарды анықтауға бағытталған бірқатар іс-шара жүргізілуде.
Нашақорлықтың алдын алу мақсатында мектеп оқушылары, оқу орындарының студенттерімен кездесулер, «Біз есірткіге қарсымыз!» деген ұранмен спорттық акциялар, есірткі заттарын жарнамалайтын қаладағы тұрғын үйлер мен ғимараттардың сыртындағы жазуларды өшіру акцияларын тұрақты түрде өткіземіз. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, жас журналистер арасында байқау ұйымдастырамыз. Мақсат – жастар арасында аталған дертпен күрес жүргізудің тиімділігін арттыру.
Есірткіні қолданудың қайғылы салдарын жастарға жеткізу үшін есірткі бизнесіне қарсы насихаттың кез келген түрін қолдану қажет. Осы бағытта жақында қалада «Тәуелсіздер» атты драма сахналанды. Меніңше, қоғамдық кеселдің зардабын танудың жаңа әрі тың әдісі ретінде театрдың әсері бөлек. Одан бөлек, халықаралық тәжірибелерді назарға алып, біліктілігімізді жетілдіре отырып, бұл кеселмен күресудің мүмкіндіктерін қарастырамыз.
Жыл басынан бері Астана қаласында заңсыз есірткі айналымына қатысты 407 қылмыстық іс қозғалды. Оның
285-і есірткі затын сатумен байланысты болды. Сондай-ақ жалпы 449 кг
есірткі заты тәркіленді
Жыл басынан бері Астана қаласында заңсыз есірткі айналымына қатысты 407 қылмыстық іс қозғалды. Оның 285-і есірткі затын сатумен байланысты болды. Сондай-ақ жалпы 449 кг есірткі заты тәркіленді. Олардың қатарында марихуана, гашиш, героин және 20 кг синтетикалық есірткі бар.
– Есірткіні таратуға неліктен жастар көп тартылады?
– Заңсыз есірткі айналымына қатысы бар тұлғалар пандемия кезін, барлығының онлайн отырған уақытты өз мүддесі үшін ұтымды пайдаланды, интернет-дүкендерді цифрландырып, жастарды есірткі саудасына көптеп тартуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде нашақорлық бүгінде бизнеске айналған. Өзіндік маркетолог және тасымалдаушы мамандары бар бұл бизнеске 16-25 жас аралығындағы жастар еріп жатады. Оның себебі де әртүрлі. Бірі әлеуметтік жағдайы төмен, қаражат табамын дегендер болса, бірі – жеңіл ақшаны көздегендер, енді бірі ара-тұра ауқатты отбасылардан шыққан, жай ғана қызығушылық танытқан жас азаматтар.
Жастар әлеуметтік жағдайымды өзім жақсартып, ата-анама күш салмаймын, оқуымды өзім төлеймін деген сынды себептермен немесе оңай олжа табамын деп, опық жеп қалып жатады. Мәселен, жақында есірткі тасымалымен айналысқан колледждің білім алушысы ұсталып, одан 16 бума синтетикалық есірткі тәркіленді.
Есірткіге қатысты кез келген іске әкімшілік құқықбұзушылық ретінде айыппұл салынбайды. Заң бұл тұрғыда қатаң. Нашақорлықпен байланысты қандай да бір әрекетке барғандар тек қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру.
– Қоғам арасында есірткінің қай түрі көп таралған?
– Қазір қолдануға бірінші кезекте «синтетика» шығып, оның өзі түрлендіріліп, қауіпті күшейте түсуде. Мұның ең қорқыныштысы, «дәстүрлі» есірткіге қарағанда жасөспірім бір-екі пайдаланғаннан-ақ тәуелді болып қалатындығында. Яғни синтетикалық есірткі өз кезегінде героиннан да қатты әсер етеді. Синтетиканы бірінші рет тұтынған адамның жағдайы героинды жарты жыл тұтынған адамның халімен бірдей болады. Синтетиканың бір сәттік ләззатын көргеннен кейін оның тұзағына қалай оңай түсіп кетіп жатқандарын жастар аңғармай жатады. Ал оның салдары өте ауыр. Оған тәуелді болған жастың көп дегенде 3 жыл ғана өмірі қалады, себебі ол артынан өз-өзіне қол жұмсауға бейім тұрады. Биік ғимараттан оп-оңай құлай салуға дайын болады. Көшедегі кішкентай көлшікті алып теңіздей көреді, ақыл-есінен айырылады.
Тағы бір сұмдығы, бұрын есірткіге құмартқандар тек тамырына егу арқылы өзіне ләззат алатын. Қазір иіскеп те, жалап та, көзіне, мұрнына тамызып та, шегіп те түрлі жолмен құмарын қандыратын болып жүр.
– Нашақорлықтың алдын алуға бағытталған тиімді жобалармен бөліссеңіз.
– Бүгінде нашақорлықпен күресте Полиция департаментінің ғана жұмысы аздық етеді. Сондықтан бұл іске қалалық мекемелермен бірге күш біріктіреміз. Мәселен, бұл бағытта «Smart Astana» қосымшасы өзіндік үлесін қосып отыр. Қосымшадағы есірткіні жарнамалауға және таратуға қарсы бағытталған «Есірткіге жол жоқ» сервисінің есірткі заттарының заңсыз жарнамасын жедел жоюға бағытталған функциясы бар. Пайдаланушы анықталған құқық бұзушылыққа қатысты фотосуретті немесе бейнені мобильді қосымшада тіркеп, кейін бұл өтініштер қарастырылып, әрбіріне қатысты құқық бұзушылық фактісі бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Сол сияқты «Сергек» камералары қылмыскерді жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, осы жылы «Сергек» камералары арқылы есірткі жарнамасын таратып, баласын бірге жетектеп жүрген әйел адам ұсталды.
Сондай-ақ елордалық волонтерлермен бірлесіп, есірткі жарнамасын бояуға күш саламыз. Кейбір жастар түрлі-түсті бояумен есірткі затын жарнамалайтын заңсыз граффити мен жазуларды қалдырып, қаланың сыртқы келбетін бұзып қана қоймай, жастар мен жалпы қоғамға қауіп төндіреді. Бірақ шындап келгенде, бұл жазулар есірткіні насихаттайтынын өздері білмей жатады. Ал білместік жазадан арашалай алмайды. Есірткі және психотроптық заттарды насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін Қылмыстық Кодекстің 299-1-бабына сәйкес 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Жасөспірімдердің есірткі бизнесімен шұғылданғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту 14 жастан басталатынын еске салу керек.
– Жастардың нашақорлыққа бейім болуы тәрбиеге көңіл бөлмегеннің салдарынан ба?
– Иә, нашақорлықтың жасарып бара жатқанының бір себебі жасөспірімнің бақылаусыз, жүгенсіз кетуімен байланысты. Отбасыңда ата-ана баласына үлгі болуы қажет. Алайда бүгінде баламен сөйлесудің өзі сиреп барады. Сабақтан келген баладан әрі кетсе: «Қалай, бәрі дұрыс па? Сабағына бардың ғой?» деп қысқа хал сұрасып, анасы ұялы телефонға, әкесі теледидарға «жармасып», отбасында әркім өз әлемінде жүреді. Сөйтіп бала өзінен еш жауапкершілік талап етілмейтінін сезінеді де, сыртта жүріп көп нәрсеге ұрынады. Одан қалды ата-ана балаға қымбат гаджеттер алып беріп, қалтасын да ақшасыз қалдырмайды. Бастысы, баланың киімі бүтін, қарны аш емесіне көңілін демдеп қойып отыра береді. Ал тәрбие жайына қалады. Осылайша бала кіммен араласып жүргені белгісіз, өз бетінше өсе береді. Ата-аналарға айтарым, балаңды аясаң, аяма. Тәрбиеге қатты қарау керек. Бала теріс жолға түссе, мұның барлығынан есеп алатын ата-анасы бар екенін сезінуі керек. Телефонмен қандай сайттарға кіреді, мінезінде өзгеріс бар ма, соған мән беріңіз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Индира Бержанова