Денсаулық

Ең жақсы әдіс – диагностика

Бауыр мен ұйқы безінің қатерлі ісігі Қазақстандағы онкологиялық аурулар арасында үшінші орын алады. Бұрын бұл ауру көбіне қарт адамдарда кездессе, қазір мамандар бұл диагнозды 30-40 жастағы адамдарға да жиі қоя бастады.

Ұлттық онкологиялық ор­талықтың онколог-хирургі Бекқожа Ескендіровтің айтуынша, «қатерлі ісік» диагнозы бүгінгі таңда үкім емес. Егер ауру ерте кезеңде анықталса, 90 пайызға дейін емдеуге болады.

«Ең бастысы, уақытты жоғалтпай, емдеуді дер кезінде бастау қажет. Алайда көптеген адам мамандарға жүгінуден қорқып, салдарынан өз жағдайын төмендетіп алады. Емдеуді уақытында бастау өте маңызды» дейді Бекқожа Бакрамұлы.

Жалпы бауыр мен ұйқы безі қатерлі ауруының дамуына ең басты себеп – экология, стресс және дұрыс тамақтанбау. Барлығы адам денсаулығына теріс әсер етіп, ұзақ уақыт өткен соң онкологиялық ауруларға әкелуі мүмкін. Сол үшін дәрігерлер жылына кемінде бір рет іш қуысының ағзаларын тексеріп тұруға кеңес береді. Алғашқы тексеру қан зерттеуін қамтиды, ал қажет болған жағдайда, УЗИ, компьютерлік томография (КТ) немесе магнитті-резонанстық томография (МРТ) тағайындалады. Бұл зерттеулер нақты диагноз қоюға көмектеседі, өйткені КТ мен МРТ ісіктің қай жерде орналасқанын, оның көлемін және өмірлік маңызды тамырларды зақымдағанын көрсетеді. Осы зерттеулердің нәтижесінде дәрігерлер ең тиімді емдеу әдісін таңдауға мүмкіндік алады.

«Ісік ерте кезеңде анық­талған жағдайда, барлық қажетті зерттеуден кейін мамандар операция немесе химиотерапия сияқты емдеу әдісін таңдайды. Сонымен қатар емдеу курсынан кейін тұрақты бақылау қажет, өйткені ісіктің жағдайы өзгеруі мүмкін. Егер ісік көлемі кішірейіп, өмірлік маңызды тамырлардан босаса, операция арқылы оны алып тас­тауға болады. Бауыр ісігінің қаупі – оның нервтік ұштары жоқ, сондықтан кішкентай ісіктер алғашқы кезде байқалмайды. Симптомдар ісік өскенде ғана пайда болады. Тәбеттің болмауы, оң жақ қабырға астындағы ауырсыну, әлсіздік сияқты белгілер болуы мүмкін. Ал ұйқы безі ауруының белгілеріне арқадағы ауырсыну, тәбетсіздік, әлсіздік, тері мен көздің сары түстері жатады. Мұндай белгілер байқалғанда, дереу дәрігерге жүгіну қажет» дейді онколог.

Ұлттық онкологиялық орталықтың мәліметіне сүйенсек, жыл сайын клиника-диагностика бөлімшесіне 1500-ден астам науқас бауыр мен ұйқы безінің ісіктері бойынша шағымданады. Олардың 100-інде қатерлі ісік анықталады, ал тек 50-60 адам ғана операцияға жіберіледі. Қалған науқастардың ауруы қатты асқынған, бұл емдеуді күрделендіреді екен.

Беккожа Бакрамұлының айтуынша, ең қолжетімді ­диагностика әдісі – УЗИ, оны әрбір емханадан өтуге болады. Ұйқы безінің қатерлі ісігінде ағзаны толықтай алып тас­тауға болады, бұл науқастың сауығуына мүмкіндік береді. Ал бауырда ісік анықталса, жағдай әлдеқайда күрделі, ­өйткені донорлық бауыр трансплантациясы қажет болуы мүмкін. Сондай-ақ бауырдың сегменті туыстарынан немесе қайтыс болған адамнан алынуы мүмкін. Емдеуді уақытында бастамаса, ісік тез өсіп кетеді. Мысалы, ісік алғашқы тексеруде кішкентай болса, бір айдан кейін ол үлкен көлемге ие болады екен.

Қорыта айтқанда, бауыр мен ұйқы безінің қатерлі ­ауруын ерте кезеңде анықтау – өмірді сақтап қалудың кілті. Уақытылы тексеру, дұрыс ­диагностика және емдеу адамның сау өмір сүруіне мүмкіндік ­береді.

Гүлмира Аймағанбет

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button