Орта білім саласындағы олқылықтар анықталды
Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында орта білім беру саласындағы еңбек пен жалақыны есепке алуды ұйымдастыру кезінде нормативтік-құқықтық актілердің сақталуына мемлекеттік аудит қорытындылары талқыланды.
«Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері елорданың бірқатар білім беру ұйымында қаржылық тәртіптің әлі де тиісті деңгейде емес екенін көрсетті. 2022-2024 жылдар аралығында 35 білім беру нысаны немесе жалпы 36,1 пайызын қамтыған 4 аудиторлық іс-шара өтті. Тексеру барысында лауазымдық жалақы мөлшеріне қол режимі арқылы «қайта есептеу» жүргізілгенде, артық есептелуі сияқты бұзушылықтар анықталды» деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.
Мәслихат төрағасы қалалық Білім басқармасына қаржылық бұзушылықтарды жою бойынша Жол картасын әзірлеуді, ақылы қызметтер мен демеушілік көмектен түскен қаражатты талдауды тапсырды. Келесі жылы Қазынашылық департаментінің, Тексеру комиссиясының, құқық қорғау органдары мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент қызметкерлерін тарта отырып, директорлар мен есепшілерді оқыту іс-шараларын ұйымдастыру қажет екенін атап өтті.