Жамбыны көрген атпайды, мерген атады
Астындағы атының өзінде алты жасар баланың ақылы бар халықпыз. Алда біздің осы ат үстіндегі еркіндігімізбен еркелігіміз сыналатын Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жақындап келеді. Онда дәстүрлі садақ ату түрі мен қатар жамбы атудан жарыс болады.
Дәстүрлі садақ атудың ережесіне сәйкес, әр садақшы ұлттық киімін немесе тарихи жауынгерлік киімін киіп келуі керек. Жарыс 9-12 қыркүйек аралығында «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде өтеді. Ал, жамбы ату 8-11 қыркүйек аралығында Этноауыл аумағында өтеді.
Жамбы ату «Азия стилі», «Түркі стилі», «Мажар стилі», «Жамбы стилі» қатарлы төрт түрлі стиль бойынша өтеді. Бұған қосымша Тайтұяқ стилі мен Аңшылық стилі де қосылмақ. Жалпы жамбы атудың әртүрлі стилі бар. Халықаралық ойындарда «Император», «Саран» стилдері бойынша да көптеген жарыстар өткізліп келе жатыр. Бұл жолғы жарыста «Жамбы ату» бойынша спортшыларға төрт мүмкіндік беріледі. Сол мүмкіндіктерден жинаған ұпай арқылы жеңімпаз анықталады. Басты шарт мерген шауып бара жатқан ат үстінде нысанаға оқты дәл тигізуі керек. Ал, атпен шауып өтетін жарыс жолының ұзындығы 99 метр, ені 3 метр. Әр стилдің өзінің бекітілген ережесіне сай оқ ату тәсілдері де өзгеріп отырады. Жеңімпазды анықтау үшін жамбының алтын, күміс, қола сынды үш түрі бойынша дәлдік есепке алынатын болады.
Ал енді жамбының халқымыздың тарихымен байланысы туралы тоқталатын болсақ, жамбы деген сөз көне түрік тілінде «ямбу» яғни, құймалы алтын немесе күміс деген мағына білдіреді. Қазақ оның сыртқы пішіні малдың тұяғына ұқсастау болғандықтан, тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ, асық жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы деген сияқты түрлерге бөліп атаған. Жаңағы күміс жамбы, алтын жамбы деген атауларда жасалған, құйылған материалдарына байланысты қойылған аттар. Әрі жамбы атудың әдісіне қарай нысананы «Айқабақ ату» және «Алтын қабақ» деген сияқты атаулармен атаған. Яғни мерген айқабақ атып дәлдесе, сол ілінген алтынды өзі алатын болған. Бұл жамбы атудың ең жоғары деңгейі болып саналған. Қазіргі кезде мергендік оның ішінде жамбы ату дамып келеді. Бұған дейін елімізде де бірнеше дүркін өткізілген бұл жарыс түрі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тіпті де кеңінен насихатталады деп сенеміз. Тарихта жігіттің сұлтанын сынаудың ең бір ұтымды жолы да осы жамбы атқызу болған. Тіпті хандар қызына жар таңдаған кезде дүйім жұрттың алдында айттырған ауылдың жігіттеріне жамбы атқызып сынаған екен деген аңыз бен әфсаналардың көп болуы да тегін емес ел ішінде. Сондай-ақ, жамбы ату жалғыз өнер емес. Ол қос өнерді бірдей бойына сіңірген спорт түрі. Мысалы қазіргі таңда спортта жамбы ату мен садақ ату екі бөлек жарыс түрі болып ұйымдастырылады. Бірақ қазақ бұл екі жарыстың да жеңімпазын мерген деген атаумен атаған. Бұл атаққа жеткен жігіт жарты патшалықтың иесіндей қадірлі болған. Сол мергендіктің бір белгісі – садақ ата білу. Қазақта небір атқан оғы жерге түспейтін мергендердің болғаны турасында әңгіме көп. Тіпті ғұндардың желді жырта ысқырған жебесінің дауысынан жаудың зәре құты қалмай қашқаны турасында да тарихи естеліктерден кездестіреміз. Жалпы жебесі жерге түспейтін мергендер туралы таңды таңға жалғап әңгіме айта беруге болады. Шыңғысханның өзі ең білікті сенімді нояндарының біріне Жебе деген атау бергенін, тіпті Меркіттің Қолтуған деген мергеннің алдыңғы атқан оғын артқы атқан оғы қуып жетіп қарсы айыратынын тарихшылар бұған дейін талай мәрте жазған-ды. Міне мұның бәрі де ел ішіндегі осы бір өнер иесінің орны ерекше екендігін көрсетсе керек.
Көшпенділер тарихында жауынгерлік пен жанбағысқа қатар жүрген бұл өнер біріншіден жауды, екіншіден аңды атуға кеңінен қоланылған. Сондай-ақ садақты бес қарудың біріне балаған халқымыз, оның өзін «қайың садақ», «қарағай садақ», «үйеңкі садақ» «бұлғары садақ», «адырна», «көн садақ» деп бөлген. Әрі бұнымен ғана қоймай садақтың және оның оғының неше түрлі атаулары халық ауыз әдебиетінде көптеп кездеседі. Мысалы Қазтуған жыраудың: «Бұдырайған екі шекелі, Мұздай үлкен көбелі, Қары ұнамы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шайы жібек оққа кірісті» деп айтқаны сөзімізге дәлел бола алады. Осындағы Адырнаның өзі бес бөліктен тұрады. Оның қолмен қысып ұстайтын орта тұсын белі деп атайды. Ал адырнаның екі басын қосып байланған жіпті кіріс дейді. Ол берік жіптен немесе жібектен, тарамыстан өріледі. Оның міндеті – оқты нысанаға қарай ұшыру. Кіріс жіп садақтың бір басына мықтап бекітіліп, екінші басы адырнаны босатып тұру үшін алмалы тұзақ түрінде алынып, салынады. Оны қатты серпігенде, адырнаның басы жарылып немесе сетінеп кетпес үшін сүйектен қорғаныш орнатып, оны тобыршық деп атаған. Сондықтан ғой атақты Доспанбет жыраудың «Тобыршықты биік жай салып, Дұшпан аттым өкінбен» деп жырлайтыны. Сонымен қатар садақ оғының өзі бірнеше бөлікке бөлінетін болған. Мысалы оқтың ұшын жебе дейді. Ол сүйектен не темірден жасалатын болған. Жебе бекітілетін ағашты сабы десе, кіріске бекітіліп, созыла серпілетін тетікті кезтабан деп атаған. Ал оқтың түзу ұшуына бағыт беретін қауырсынды оқтың қанаты деген. Сонымен қатар жебенің де жасалуына қарай «сұр жебе», «қу жебе», «тобылғы жебе» деген сияқты түрлерге бөлген және жебеге қозыжауырын, сауытбұзар, көбебұзар, үш қырлы, доғал жебе деген атаулар берген. Міне осыдан-ақ қазақтың мергендік өнерге жай қарамағандығын, өз өмірінде садақтың қаншалықты маңызға ие болғандығын аңғару қиын емес. Ендеше алда келе жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да садағын сағымға іліп, құралайды көзге атқан мергендердің өнерін тағы бір мәрте тарих сүзгісінен өткізіп, «Алтын жамбы» иесін анықтаудың кезі келіп тұр.
Шапағат ӘБДІР