Биыл Қазақстанда үш ірі теміржол вокзалы толық жаңартылды
2024 жылы көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында Шымкент, Павлодар және Қызылорда қалаларындағы теміржол вокзалдарында толық реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстар жолаушыларға сапалы әрі ыңғайлы қызмет көрсетуге, инфрақұрылымды заманауи талаптарға сай етуге бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Шымкент және Павлодар қалаларының теміржол вокзалдары реконструкциядан өтсе, Қызылорда қаласы теміржол вокзалы күрделі жөндеу жұмысымен қамтылды.
Павлодар вокзалында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған екі жүк-жолаушы лифті орнатылды. Ғимарат ішіне тактильді бағыттағыштар төселіп, арнайы демалыс бөлмелері мен санитарлық тораптар жасақталды.
Үш вокзалда да жөндеу жұмыстары аясында сыртқы келбеті жаңартылып, есік-терезе жүйелері мен инженерлік коммуникациялар ретке келтірілді. Ерекше қажеттілігі бар жандар үшін пандустар, тактильді жолақтар және арнайы кассалар орнатылды. Сонымен қатар заманауи WiFi аймақтары, ақпараттық экрандар мен рентген аппараттары іске қосылды.
Қазіргі таңда әртүрлі бағытта Шымкент вокзалынан 20 жұп, Павлодар вокзалынан 16 жұп, ал Қызылорда вокзалынан 15 жұп пойыз қатынайды.