Елордада «Қаратай Тұрысов – қайраткер тұлға» атты республикалық конференция өтті
Елордада «Қаратай Тұрысов – қайраткер тұлға» атты республикалық конференция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігіне қарасты «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» ұйымдастырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығына орай «Қаратай Тұрысов – қайраткер тұлға» атты республикалық конференция өтті.
Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев Қаратай Тұрысовтың мерейтойы биыл Қазақстан Республикасының Парламентінде, Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетте және Жамбыл облысында салтанатты түрде аталып өткенін жеткізді.
«Қаратай Тұрысұлы еңбек жолын қарапайым геологтан бастап, Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы, Қазақ КСР-інің өнеркәсіп және кен бақылау жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, республиканың кәсіподақтар комитетінің және ССРО Кәсіподақтары Орталық Комитетінің хатшысы, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі болған тарихи тұлға. Қаратай Тұрысұлының өмір жолы замандастарына, кейінгі толқын жастарға үлгі болатын ғибраты мол, өнегелі ғұмыр», – деді Серік Жарасбаев.
Сонымен қатар конференция барысында мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанұлы, қаламгер Сауытбек Абдрахманов, Халықаралық телевидение және радио академиясының академигі Махат Садық, «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының» директоры Қыдырбек Рысбек баяндама жасады. Олар Қаратай Тұрысовтың жан-жақты тұлғасы мен оның қоғамға, мемлекетке сіңірген еңбегін жоғары бағалап, әр саладағы жетістіктерін кеңінен талқылады.
Қаратай Тұрысовтың зайыбы Әскергүл Жамбайқызы да сөз сөйлеп, конференцияға қатысушыларға алғысын білдірді.