Басты ақпаратРуханият

«Егеменнің» елдік жолы

Кеше Астанадағы Достық үйінде «Егемен Қазақстан» газетінің 105 жылдығына арналған «Егеменнің» елдік жолы» атты мәдени-интеллектуалдық форум өтті. Жиында бас басылым тарихы, елдің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өмірінде алатын орны, қазақ баспасөзінің бүгіні мен болашағы ортаға салынды.

Жиналғандар Дос­тық үйі музейіне қойылған Ұлттық архив құжаттарын, кітап көрмесін тамашалады. Форумды ашып, жүргізіп отырған «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы: «Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев биыл Журналис­тер күніне орай «Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр» деп бәрімізді жігерлендіретін ой айтты. Бүгінгі форумның бір мақсаты – осы ойды салаландыру» дей келе, заман ағымы, зерде, зиялының жауапкершілігі төңірегінде ой өрбітті.

Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қанат Ысқақов «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымын мерейтоймен құттықтады. Басылым қызметкерлері Дина Дәуіт пен Нұрбай Елмұратты «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Министрліктің «Құрмет» грамотасын Қуаныш Нұрданбекұлы мен Назым ­Мәтеноваға, алғыс хатын Ескендір Зұлқарнайға, Жанар Нұрмағамбетоваға тапсырды.

Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын оқыды. Онда бұл бір «Егемен Қазақстан» газеті ұжымының ғана емес, тұтас ұлттық журналистикаға ортақ той екені, басылым қазақ баспасөзінің қара шаңырағына айналғаны атап өтілді. Газет тарихындағы тұғырлы тұлғалардың есімдері мен еңбегі туралы айтылды.

«Тәуелсіздікті нығайту, халықтың әлеуетін арттыру және ұлттық руханиятты дәріптеу жолында «Егемен» және егемендіктердің алар орны ерекше. Қазіргі таңда бас басылым қазақтың дүниетанымын кеңейтуге, тарих пен құндылықтарды дәріптеуге, әдебиет пен мәдениетті, білім мен ғылымды дамытуға және елдің береке-бірлігін сақтауға үлкен үлес қосып келеді. Президентіміздің кешенді реформаларының мәнін және Парламент қабылдаған заңдардың маңызын халыққа жеткізу ісінде де айрықша рөл атқарады» делінген Сенат спикерінің құттықтауында.

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан оқып берді. Бұл құттықтауда қазақ баспасөзінде ерекше орны бар атаулы басылымның халқымыздың ғасырдан астам тарихи жолын тасқа таңбалағаны, газетте Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов сынды көрнекті қаламгерлер мен ірі қайраткерлер қызмет еткені атап көрсетілді. «Егемен Қазақстан» қабырғасында қазақтың қаншама талантты журналистері еңбек етіп, қалыптасқаны, қаламдарын ұштап, шеберліктерін шыңдағаны, дәуір үнін, қоғам тынысын халыққа жеткізгені айтылды.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің құттықтауын Премьер-министр баспасөз қызметінің жетекшісі Мақсат Төлегенов жеткізді. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен елорда мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың құттықтаулары оқылды.

«Егеменнің» араласуымен шешілген өзекті мәселелердің санында шек жоқ. Қазақ газетінің қара шаңырағында қуанышты сәттер көп болып, елге сүйіншілейтін жақсы жаңалықтар, салмақты мақалалар көптеп жазыла берсін» делінген қала басшысының құттықтауын  әкім орынбасары Есет Байкен оқып берді.

Астана мәслихатының депутаты Ғабит Тәжімұратов оқыған мәслихат төрағасы Ерлан Каналимовтың құттықтауында бас басылымның баспасөз әлемінде өзіндік дәстүрлері, шығармашылық кеңістігінде талғамды оқырманы қалыптас­қаны атап өтілді.

«Ұшқын» атауымен бастау алған басылымның ұлттық идеологияны, мемлекеттік саясатты насихаттау бағытында ауқымды қызмет атқарғаны баршаңызға белгілі. Газет – мемлекетіміздің өткені мен бүгінін, тарих тағылымы мен жаңа заманды да үйлестіре отырып, ұрпақтар арасын байланыстыратын баға жетпес мұра. Құрметті «Егемен Қазақстан» газеті редакция­сының ұжымы! Сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Сіздерге шығармашылық табыс, сәттілік тілей отырып, еліміздің ақпарат саласындағы абырой мен беделдеріңіз әрдайым жоғары болуын тілеймін!» делінген елорда мәслихаты төрағасының құттықтауында.

Мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің тұңғыш баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов «Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы «Егемен Қазақстан» тақырыбында әңгіме өрбітті.

«Қазақ елі тәуелсіздік алғанда, «Егемен Қазақстан» да халық үні болып шабыттанды, бүкіл қазақ баспасөзінің көш бастаушысы болып ұлттың арманына жеткенін жариялап, елдің жоғын жоқтап, ынтымағына, бірлігіне, жасампаздығына шақырып, халықты жұмылдырды. Әсіресе, ұлттық тарихымыздың, тағдырымыздың ақтаңдақ беттерін, ұлт қайраткерлеріне жасалған саяси қуғын-сүргін, ашаршылық сияқты жабық тақырыптарды жариялаудағы «Егеменнің» еңбегі өлшеусіз. Бұрынғыдай саяси-партиялық нұсқаулықпен тапсырма беріп, сол тапсырмамен жұмыс істеу тәртібі түбірімен өзгерді. Баспасөздің баһадүрі Шерхан Мұртаза ресми тәуелсіздігіміз жарияланбай тұрып, «Социалистік» деген сөзді «Егемендікке» ауыстырып, газет «Егемен Қазақстан» болып қайта түледі. «Егеменнің» шын мәнінде егемен болуына, Шерхан Мұртазаның мықты дәстүрін жалғастырып, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Сауытбек Абдрахманов, Ержұман Смайыл, Еркін Қыдыр, Дархан Қыдырәлі сияқты біздің баспасөздің көрнекті қайраткерлері қажымай, талмай еңбек етті. Дихан Қамзабекұлы осындай жақсы дәстүрді жалғады» деді Қуаныш Сұлтанов.

Мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиеттанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, 2003-2004 жылдары Қазақстанның Ақпарат министрі, 2000-2016 жылдары аралығында «Егемен Қазақстан» газетінің президенті болған Сауытбек Абдрахманов университетті жаңа бітірген бетте аталмыш басылымға қызметке қабылданып, сол арқылы қаламгерлік қарымы ашылып, азаматтық арыны күшейгенін, сондықтан «Егеменге» қарыздар екенін атап өтті. Газетті өзі басқарған жылдардағы табыстарға тоқталды. 2000 жылы оның таралымы 38 мың болса, 2016 жылы 212 мыңға жеткенін, осы жылға қарай басылым қызметкерлерінің бірде-бірі баспанасыз қалмағанын айтты.

Мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиеттанушы ғалым, 1995-1996 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат вице-министрі, 1996-1998 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижанұлы «Ақпараттың мемлекетшілдік негіздері» тақырыбында ой өрбітті.

«Кез келген мемлекеттік баспасөзі мемлекеттің ішкі саясатын халыққа жеткізу, түсіндіру, ұлттық құндылықтарды саралап көрсету мақсатын алдына қояды. Ата заңымызда сөз бостандығына кепілдік берілген. Демек ақпаратты ешкімнен жасыра алмайсың» деген Уәлихан Қалижанұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихымызды таныту және экспансияны тойтару үшін Талас Омарбеков, Мәмбет Қойгелді, Камал Бұрханов, Берекет Кәрібаев, Бүркітбай Аяған секілді көптеген тарихшылар газет авторлығына тартылғанын айтты. Тиісті жоспар жасалып, мақалаларды кезек-кезек жариялау кестесі әзірленгенін жеткізді. Сол арқылы тарихымыз біраз түгенделгенін, ұлттық тарих арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуге мән берілгенін атап өтті.

Белгілі қаламгер Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп «Ұлт баспасөзі: қағидаты мен тұжырымдамасы» тақырыбында сөз сөйледі.

«Қағидат біреу – Қазақстанның тәуелсіздігі, мемлекеттілігі, қазақтың елдігі, тілі, салты, дәстүрі айнымайтын темірқазық болып, ұлттық баспасөздің әр қызметкерінің көкейінде де, жүрегінде де асыл қасиет, айқын бағдар болып қалуы керек» деген сенатор қазақ баспасөзінің бүгінгі мәселелеріне тоқталды. Оның ішінде мемлекеттік қаржыландыру, таралым мәселелері туралы айтып, баспасөздің ұрпақ тәрбиесінде алатын орны жайында айтты.

«Тіл үшін күрес – тәуелсіздік үшін күрес» дей келе, «Балдыр­ған», «Ұлан» секілді балалар басылымдары, «Қазақ әдебие­ті», «Егемен Қазақстан» газеттері, жалпы қазақ баспасөзінің жағдайы бірдей мәз емес болып отырғанын, ұлттық баспасөздің тікелей ұлттың болашағына әсері үлкен екенін тілге тиек етті.

Парламент Сенатының депутаты, 2016-2022 жылдары «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы, 2022-2023 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Дархан Қыдырәлі «Ақпараттық сын-қатерлер және заманауи медиа» тақырыбында ой өрбітті.

«Желтоқсан айы – біздің тарихымызда қастерлі ай. Желтоқсан айында Алаш үкіметі жарияланды, осы айда азаттықтың жаршысы Желтоқсан оқиғасы болды, тәуелсіздігіміз жарияланды. Сондай ірі оқиғаның бірі «Егеменнің» жарық көруі деп айтуға болады. 105 жыл бұрын «Қазақ» газетінің баспаханасында алғашқы саны жарық көрген газеттің ұстанымы өзгерсе де, айтары өзгерсе де, халыққа қалтқысыз қызмет етіп, дәстүр сабақтастығын жалғастырып келеді» деді Дархан Қыдырәлі.

Сенатор басылымның басқарма төрағасы болғанда атқарылған жұмыстарға тоқталып, онда пандемия, Қаңтар оқиғасы секілді күрделі кезеңдер орын алғанын, одан абыроймен өткендерін, сол уақытта халықаралық тәжірибе зерттелгенін атап өтті. Заманауи медиа қандай болуы керектігі туралы пікірін айтты.

1996-2016 жылдары аралығында «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, АҚ директоры, вице-президенті, басқарма төрағасы секілді жолдардан өткен, бүгінде «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр биыл «Егеменнің» Алматыдан Астанаға көшіп келгеніне ширек ғасыр болғанын, бас басылымның Сарыарқа төсіне орнығып, кеңсе, жатақхана, тұрғын үй кешендерін салуына елорда әкімдігі үлкен қолдау көрсеткенін атап өтті. Бас қалада Қазақ баспасөзі музейін ашу керектігін айтып, «Егемен» мектебі төңірегінде ой өрбітті. «Егеменнің редакторлық, аудармашылық, журналистік шеберлік және газет безендіру тәсілдері мектептерін ғалымдар зерттеулеріне арқау етсе» деген тілегін жеткізді. Соның ішінде Жанболат Аупбаев, Жанат Елшібек сынды қаламгерлердің ерен еңбегі туралы айтты.

Көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов «Егеменнің» оқырманы және авторы екенін айта келе, басылымның ел өмірінде алатын рөлі зор екенін жеткізді.

Форумның «Егеменнің» өнер алаңы бөлімінде опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали, шертпе күй шебері, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай ән-күйден шашу шашты. Газет ардагерлерінің «Қалам қуаты» атты ой-толғам алаңы ұйымдас­тырылды. Басылым қызметкерлерінің кітаптарының тұсауы кесілді. Атап айтқанда, Дихан Қамзабекұлының «Арайна», Ғабит Мүсірептің «Тоғызыншы территория», Талғат Батырханның «Бозжайнақ болмыс», Бақытбек Қадырдың «Мәжусилер», Абай Аймағамбеттің «Білте шамның жарығы», Батырхан Сәрсенханның «Белгісіз жапырақ жайлы» кітаптары таныстырылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button