Денсаулық

Астаналық дәрігер – жыл үздігі

Жыл сайын өтетін «Халықтың сүйіктісі» ұлттық байқауында елордалық дәрігер Медет Маханбет 2024 жылдың «Үздік дәрігері» номинациясын жеңіп алды.

«Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі, Президент Іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының жоғары санатты лор-дәрігері Медет Маханбет еліміздің медицина саласына әлемнің 5 мемлекетінде ғана жасалатын ерекше операцияны енгізді. Осылайша, бұрын-соңды қолданылмаған ерекше әдіспен операция жасаған алғашқы хирург Қазақстанның Денсаулық сақтау саласында ерекше хирургиялық әдіс ойлап тапқан дәрігер деп танылды.

Құлаққа эндоскопиялық трансканалды операция жасау тәсілі осыдан 10 жыл бұрын алғаш рет Италияда қолданылған. Білікті хирургтің айтуынша, бұл отаның артықшылығы көп әрі науқасқа жайлы.

«Былтыр біз осы әдісті енгізген әлемдегі алтыншы ел едік. Қазір Өзбекстан, Ресей мен Литвадағы әріптестер де қолға ала бастапты. Өйткені жаңа әдіс барлық жағынан жеңіл өтеді. Әрине, хирургтің епті, білікті болғаны дұрыс. Қазір біз ғана емес, медицинаның өзге бағытындағы дәрігерлер де эндоскоппен операция жасауға дағдыланып жатыр. Өз басым бір жарым жылда 120 операция жасап үлгердім» дейді Медет Маханбет.

Дәрігердің айтуынша, эндоскоппен жасаған алғашқы ота шамамен 2,5 сағатқа созылған. Шамамен 50 операциядан кейін мұндай операция­ларды 40 минутта жасай бастапты.

«Операциядан кейін науқастар «сіз маған анық операция жасадыңыз ба?» деп таңырқайды. Тіліктің, алынған шеміршектің орны кішкентай болған соң пациенттер ауырсынбайды. Қазір жасы ұлғаюына байланысты немесе жүре келе есту қабілеті нашарлау фактісі көбейіп келеді. АҚШ ғалымдары жүргізген статис­тикаға сәйкес, 2035 жылға қарай есту қабілеті төмен адамдар саны 2 миллиардқа жуықтайды. Естімейтін адам қоғамнан, әлеуметтен алыстап кетеді. Кейін психологиялық қиындыққа тап болып, өмір сүру деңгейі төмендейді. Мұндай адамдардың өмірінің қысқа болу ықтималдылығы жоғары. Қазір елде құлақ ауруларының барлық түрін емдеуге мүмкіндік бар. Саңырау боп туған балаларға да сәтті операция жасалып жатыр. Медицинаға жаңашылдық әкелсек, елге пайдамыз тиіп жатса, бізге үлкен мәртебе» дейді білікті дәрігер.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button