Қоғам

Тұрғын үйді тиімді басқару бәрінен маңызды

Қаладағы көппәтерлі тұрғын үй кешендерін тиімді басқару – бұл меншік иелерінің қажеттіліктерін дұрыс болжай білуді талап ететін ерекше өнер десе де болады. Астананың М.Ғабдуллин көшесі, 12 мекенжайында орналасқан «Айя» тұрғын үй кешенін осы салада тәжірибесі мол маман Зауреш Әбдиева басқарып келеді.

– Зәуреш Өмірбекқызы, көпқабатты тұрғын үйді басқару оңай ма?

– Шынымды айтсам, мен ешқашан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жұмыс істеймін деп ойлаған емеспін. Банк саласында ұзақ жыл еңбек еттім. Банктен қарыз алып, оны қайтармайтын жауапсыз клиенттермен жұмыс істедім, банк өнімдерін дамытумен айналыстым. Кейін бала күтіміне байланысты демалыста отырғанда өзім тұратын көппәтерлі үйдің проблемаларымен бетпе-бет кездестім. Тұрғындар ай сайын өздері төлейтін қаржының қайда жұмсалып жатқанын білмейді, мен соны анықтап зерттей бастадым. Бұл елімізде тұрғын үйді басқарудың жаңа тетіктерін меңгеру туралы мәселе қызу талқыланып жатқан кезең болатын. Өзімді толғандырған барлық сұрақтарға жауап алу үшін Республика даңғылы бойындағы Тұрғын үй орталығына барып, мамандармен тілдестім. Қысқасы, біздің үйде де тәртіп болғанын қаладым. Сөйтіп жүріп, біраз мәселенің шешілуіне ықпал еттім. Бірте-бірте бухгалтерлік есеп жүргізу, қаржылық жоспарлау жөніндегі тәжірибемнің барын ескерген үй иелері маған біздің тұрғын үй кешенінің менеджері болуды ұсынды. ТКШ саласына мен осылай келдім.

– Тұрғындармен жұмысты қалай ұйымдастырасыз, бұл ретте қандай байланыс әдіс­терін ең тиімді деп есептейсіз?

– Әрине, күнделікті жұмыс барысында мен дәстүрлі әдістерді көбірек қолданамын. Мәселен, WhatsApp қосымшасын пайдалану арқылы тұрғындармен үнемі байланыста жүремін. Сол жерде олар есептермен танысады, ағымдағы жоспарлар туралы хабарлап отырамын. Тұрғын үй орталығында өткен шеберлік сыныптарының бірінде бізді МИБ-тердің Telegram арнасын жүргізуге үйреткен еді. Ондағы тариф диспетчерлік шығындарды жаппайтындықтан, біз әр үйдің ішіндегі мәселені блог бойынша бөліп жеке-жеке қарас­тырдық. Бейнебақылау, инженерлік жұмыстар, жөндеу, есеп беру, басқару және т.б. мәселе бойынша меншік иелері барлық мәселені ортақ чатта талқылайды, WhatsApp желісі де үнемі жұмыс істеп тұрады.

Сондай-ақ бізде үй кеңесімен және ревизормен өзара байланыста отыратын чат бар. Мен сатып алуды жоспарлауға қатыс­ты барлық нәрсені, аванс, есептер, төлем жасау хаттамаларын сонда жіберемін, яғни барлық атқарылған жұмыс туралы есеп беріп отырамын. Сонымен қатар есеп жөніндегі сілтемені МИБ-тің бухгалтериясына жіберемін. Оны үй кеңесінің  барлық мүшелері және тексеруші ревизор да көріп отырады. Олар бұл құжаттарды кез келген өздеріне ыңғайлы уақытта қарай алады. Тек бухгалтерлік есеп бойынша расталмаған ақшаны бей-берекет жұмсау мүмкін емес. Демек, құжат әрдайым расталып отырады және олардың түпнұсқасы екі түрде электрондық және қағаз жүзінде сақталады, құжаттың соңғы бетіне үй кеңесі мен ревком мүшелері қол қояды. Жылына бір рет мен тексеру комиссиясына барлық құжаттаманы, бастапқы бухгалтерлік есепті беремін, танысып шыққан соң олар өз пікірлерін айтады.

– Тұрғындар арасында келіспеушіліктердің орын алатыны белгілі, оларды қалай шешесіз?

– Шиеленіскен келіспеу­шіліктер есімде жоқ. Біздің үй жалпы проблемалы деп айтуға келмес. Үйді қабылдау кезінде әрине, шешілмеген мәселелер болды. Шатырдан су ағатын, жөндеу жүргізілмеген, бейнебақылау камералары орнатылмаған, құжаттама, қаржылық есептілік, өрт жүйесін қалпына келтіру мәселелері дұрыс жолға қойылмаған, тұрғын үй кешенінің берешегі шаш-етектен, тұрғындардың наразылығы – осының бәрі менің басқару ісіне келуіме себеп болды.

Шақырудан бас тартпадым, жұмысқа кірісіп кеттім. Алдымен үй кеңесімен ақылдаса отырып кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жоспар жасадық, соны бірлесіп атқарып келеміз.

Жыл бойы тұрақты түрде сенбіліктер өткіземіз, меншік иелері көктемде өздері тұратын үйдің алдына гүл отырғызады, жаз шыға оларды күтіп-баптайды, суарады, жалпы үйде тәртіп пен тазалықтың орын алуына көмектеседі. Біз үйге қатысты барлық істі бірлесіп атқарамыз: қай жерде тәртіпсіздік болып жатқанын, кімнің үйіне бөтен адамдардың кіріп-шығып жүргенін, кім темекі тұқылын кіреберіске тастай салғанын камералардағы бейнежазбалар арқылы көріп, біліп отырамыз. Сосын оларды бірлесіп шешеміз.

Жақында қасбеттің астындағы жылытқыш жанды, бірақ өрт тез арада сөндірілді, бүлінген жерді жалпы қаражат есебінен қалпына келтіру туралы шешім қабылданып, көп ұзамай бәрі тәртіпке келтірілді. Менің ойымша, егер үй тұрғындары әсіресе қаржылық жағынан ашықтықты толық сезінсе, меншік иелерінің арасында кикілжің болмайды. Тұрғындар көбіне өздері белсенділік танытып, қажет болған жағдайда қолды да 1-2 күнде жинап береді. Пошта жәшіктерін пайдалану тәжірибесін де қолданамыз. Негізі адамдарға болған жайдың бәрін сол күйінде бүкпесіз айтып, берген уәдені уақытылы орындайтын болсақ, шешілмейтін мәселе жоқ.

– Жақын арада өзіңіз басқаратын үйге қандай өзгерістер енгізуді жоспарлап отырсыз?

– Біз қазірдің өзінде біраз мәселені ретке келтірдік. Тек соңғы бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, FaceID домофонын орнаттық, енді оқыс оқиға орын алған жағдайда есікті кім ашқанын анықтауға болады. Сондай-ақ барлық қабаттардағы баспалдақпен көтерілетін жерлерде және жалпыға ортақ балконда бейнекамералар орнатылды. Қазір плиткалар, есіктер ауыстырылып, жарықтандыру жүргізілді, біртіндеп күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Менің сайланған уақытым да аяқталуға жақын. Орныма бастаған ісімді аяқтайтын, бастысы, бар игілікті сақтап қалатын жаңашыл басшы келсе деген тілек те жоқ емес. «Taza Astana» қанатқақты жобасы аясында биыл бізге қала билігі зор сенім артып, гүл бағын отырғызуды тапсырған еді. Тұрғындармен бірлесіп сол гүлдерді жайқалтып өсіреміз деп уәде берген болатынбыз. Соның бәрі бос сөз боп қалмаса екен деймін. Меніңше, бірлессек, бітпейтін іс болмайды.

– Тұрғындардың талаптары мен үй бюджеті арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?

– Тек жоспарлау және негізгі іске басымдық беру арқылы. Алдымен, бірінші кезекте шешілуі керек мәселелерді қарастырамыз. Үйде басқарудың ақылға қонымды тәсілі болуы керек.

– Меншік иелері арасында қауымдастық құрудың маңыз­дылығы туралы не айтасыз? Бұл үйдегі атмосфераға қалай әсер етеді?

– Менің ойымша, бұл меншік иелерінің еркімен және тұрғындардың бастамаларынан туындауы керек. Мәселен, Наурыз мерекесін бірге өткізу, сенбілік, шай ішу, 1 маусымда балалар мерекесін ұйымдастыру, Жаңа жылды атап өту және үйді безен­діру – мұның бәрі тек тұрғындардың бастамаларымен ғана жүзеге асырылады.

– Бүгінде сіз осы салада тәжірибесі мол мамансыз, міндеттеріңізге көзқарасыңыз өзгерді ме? ­Неге басымдық ­бересіз?

– ТКШ саласында бүгінгі күнге дейін кәсіби мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Қаржыны сауатты жоспарлау және контрагенттермен жұмыс істеу маңызды мәселе болып қала бермек. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында тіс қаққан мамандар аз, негізінен, бұл жалақының төмендігімен байланысты. Сондай-ақ инженер, энергетик, сантехника, лифт қызметкері сынды кадр­лар салада әлі де жетіспейді.

– Сіз өзіңіздің кәсіби біліктілігіңізді қалай сақтайсыз? Кез келген курстарға немесе семинарларға қатысасыз ба?

– Иә, әрине, ондай оқуларды жіберіп алмауға тырысамын. Ең алдымен, сол «Taza Astana» жобасы – тәжірибе жинақтау алаңы. Бухгалтерлік есеп және аудит жүргізу, жаңа цифрлық құралдармен танысу, салалық актілердегі өзгерістерді тұрақты негізде бақылау, сайып келгенде, осының бәрі тәжірибемен жинақталатыны белгілі. Тұтас­тай алғанда, үйді басқару барысында әркім өзіне артылған жауапкершілікті сезінуі керек. Мәселен, өмір бойы сантехник немесе электрик болып жұмыс істеген адам қаржылық шығындар, сметалар, заңды жұмыс туралы есеп бере ала ма? Еден тазалау­шы немесе инженер бухгалтерлік есепті жүргізе алмайды, сондықтан әр адам өз ісін тиянақты атқарса, жұмыс ақсамас еді.

– Мықты үй менеджері болуы үшін қандай қасиеттер қажет деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, адалдық пен әдептілік. Қалғаны жұмыс барысында тәжірибе арқылы келеді. Бастысы, әр адамға тән қарапайым адами қасиеттерден алыстамаса екен. Өз қамын күйттемей, алдымен халық үшін қызмет істеп, ел игілігі жолында еңбек етуді  мақсат тұтса деймін. Адамдар бір-біріне сеніп, тапсырылған міндеттерге жауапкершілікті сезінсе, көп нәтижелерге қол жеткізуге болады. Жалпы, тұрғын үйді тиімді басқару – бәрінен маңызды. Ал сенім болмаған жерде сіз ештеңе де жасай алмайсыз.

– Осы салада жұмысты енді бастап жатқан жандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның осы салаға қатысты бірнеше баптары бар, соларды жақсы меңгеру керек. Білмесе, құрылыс комитетінен немесе тұрғын үй инспекциясынан жазбаша түрде егжей-тегжейлі түсініктеме беруін сұрай алады. Сондай-ақ бухгалтерлік есептің  тұрғындарға түсінікті болуына мән берген жөн.  Кез келген меншік иесі қаржылық түсімдер туралы толық ақпарат алып отырғысы келеді, бұл ретте үй басқарушының ашықтығы, тұрғындармен тіл табыса алуы көп жұмысты жеңілдетеді.

Алина ИМАМБАЕВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button