Ел тынысы

Ақжолтай

Қазақ мемлекетіндегі өткір ұлт мәселесін айтатын болсақ, қазақ мемлекеті жөнінде проблема туындайды. Мұндай проблема көпшілікке ой салары анық. Бүкіл ұлтты ойландырып, толғандырған проблема бірте-бірте іс-әрекетке әкелетіні – заңдылық. Сондықтан Желтоқсан оқиғасын бейбіт сипаттағы көтеріліс деп айтуға негіз бар. Алматының орталық алаңына шыққан жастардың қолында ешқандай қару болған жоқ. Желтоқсан көтерілісін осылай атауымызға Альберт Эйнштейн институты осындай құбылысты «азаматтық көтеріліс» немесе «күш қолданбау көтерілісі» деп анықтауы себеп болып отыр. Өкінішке қарай, көтеріліс тарихшылар тарапынан да, мемлекет тарапынан да әлі күнге дейін лайықты бағасын алған жоқ. Желтоқсанның ақиқаты бүгінге дейін «жабулы қазан» күйінде қалуда.

Желтоқсан көтерілісі ке­ңестік отаршылдық саясатқа қарсы алғашқы көтеріліс еді. Бұдан 38 жыл бұрын ол үлкен тарихи сілкініс болды. Оны сол заманда ой елегінен өткізу оңай емес-ті. Сол кездегі жариялылық, демократиялық идеяға сенген қазақ жастары – қара күш иесі кеңес армиясының тепкісінде қазақтың ұлттық идеясы тапталғанына анық көз жеткізді. Бұл көтеріліс – Кеңес Одағын құрдымға кетіруге бастау болған және құрамындағы бодан халықтардың азаттық қозғалысына дем берген тарихи құбылыс. Ұлттық рухты көтеріп, тәуелсіздікке жетуімізге серпін берген оның тарихтағы орнын жоғары бағалауымыз керек. Желтоқсан көтерілісі бірнеше ғасырға созылған ұлтымыздың тәуелсіздікке жету жолындағы жанкешті ұлт-азаттық көтерілісінің сабақтастық жалғасы және биік шыңы. Өйткені Желтоқсан бізді тәуелсіздікке жеткізді. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды.

Қазір қазақтың тарихы ұлттық көзқараста жаңаша жазылу керек деген талап қойылуда. Ендеше Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты бұрмаланған фактілерді қайтадан зерделеу, жіберілген қателіктер мен кемшіліктерді қайта қарап, тарихи бағасын беру, желтоқсаншылардың мәртебесін анықтау сияқты мәселелерді қолға алып, бір шешімге келетін уақыт жетті. Ұлттық маңызы бар осындай мәселеде самарқаулық пен салғырттыққа жол беруге болмайды.

Мейрам БАЙҒАЗИН,

Қазақстанның құрметті журналисі, бұрынғы Конституциялық соттың баспасөз хатшысы

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button