Ел тірегі – отаншыл ұрпақ
Еліміздегі ең басты, шоқтығы биік, бүкіл әлемге егемендігімізді паш еткен, дербестігімізді мойындатқан, біртұтас мәңгілік ел ретінде ұлт екенімізді әлем алдында дәйектеп берген айтулы күн – Тәуелсіздік күні. Айтулы күннің ұрпақ тәрбиесінде орны айрықша. Жас буын тарихымызға көз тастап, жарқын болашаққа ұмтылуда мерекенің мән-маңызын бағдарға алары сөзсіз. Бұл күнді мерекелеу білім беру саласында ұлттық рухты көтеру, жастарға еліміздің тарихы мен жетістіктерін түсіндіру, патриотизмді қалыптастыру мақсатында кеңінен насихатталады.
Елордалық №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінде жыл сайын Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Еліміздің мәдениеті мен өнерін, яғни ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында бұл атаулы күні мектеп дәліздері тақырыпқа сай безендіріліп, әр сыныптың деңгейіне сәйкес ашық сынып сағаттары, түрлі өнер, спорт сайыстары өтеді. Бұл өскелең ұрпақтың еліміздің тарихына деген қызығушылығын арттырады, болашаққа деген көзқарастарының кеңеюіне септігін тигізеді.
Биылғы оқу жылында мұндай іс-шаралар жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеуге негізделген «Біртұтас тәрбие» білім беру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлттың сапасын құрайды. Осы ретте ұстаздар алдына қадір-қасиетті білетін, ар-намыс, адалдық, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, жауапкершілік сияқты қасиеттерге ие жасты оқыту мен тәрбиелеуде үлкен міндеттер қойылады. Бұл бағдарламаның тұжырымдамалық негіздері оқушыларға тарихи оқиғалар мен тұлғаларды таныстыру арқылы тәуелсіздік ұғымын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Яғни баланың бойына құндылықтың, отаншылдықтың, адамгершіліктің, еңбекқорлықтың дәнін себетін – ата-анадан кейінгі орында мектеп пен мұғалім тұр. Себілген дән мықты өнім берсін десек, ұлт тәрбиесі мен біліміне жұмыла қызмет етейік!
Гүлназия САБЫРҚЫЗЫ, Астана қаласы №9
«Зерде» мамандандырылған лицейінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы