Ұлыбритания елшісі Қазақстанның табиғи мұрасына тәнті
Қазақстан Ұлыбританияның елшісі Кэти Личті немен таңғалдырды? Қазақтар мен британдықтардың тамақтану әдеттерінде қандай ұқсастықтар бар? Бұл туралы елші «Kazakh Tourism» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасовтың «Born Bold. Travel Boldcast» авторлық подкастында баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстан Кэти Личті өзінің ауқымы мен көркем пейзаждарымен тәнті етті. Дипломат елдің ерекше табиғи мұраға ие екендігін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, британдық туристер үшін Қазақстанға саяхат шабыттың және жаңа ашулардың көзі болады.
Подкастта британдық архитектор Томас Аткинсон мен оның жұбайы Люсидің 19-шы ғасырдағы Жетісу өңіріне сапарына ерекше назар аударылды. Бұл аймақта олардың ұлы дүниеге келіп, еліміздегі таулы өңір құрметіне баласына Алатау Тамшыбұлак деген еісм берілген.
Дипломат бұрынғы елші Пол Браммеллдің Қазақстан бойынша дайындаған алғашқы туристік нұсқаулық жобасы туралы да кеңінен әңгімеледі.
Сұхбат барысында экотуризм, глэмпинг және киіз үй туризмі, көшпелілердің қонақжайлылық мәдениеті, сондай-ақ Жібек жолының маңызы тәрізді тақырыптар қозғалды.
«Born Bold. Travel Boldcast» — Қазақстандағы туризм туралы ағылшын тіліндегі тұңғыш подкаст. Оның негізгі мақсаты — елдің туризмін ілгерілету, еліміздің дәстүрлері, мәдениеті және туристік бағыттары туралы тереңірек ақпарат беру. Подкасттың бірінші эпизодына Қазақстандағы Италия елшісі Марко Альберти қатысқан болатын.