«Саламатты Қазақстан» пойызы жұмысын аяқтады
Бүгін «Саламатты Қазақстан» медициналық-әлеуметтік пойызы жұмысын аяқтады. Пойыз жұмысын 1 мамырда бастап, 8 ай ішінде 17 облысты аралады. Биыл медициналық пойыз жұмысын су тасқыны орын алған батыс өңірлерден бастап, жұмысын Жетісу облысында аяқтайды. Өткен жылы 121 станция қамтылса, биыл 140 шалғай елді мекенде болып, 21 мың шақырымнан астам жол жүріп өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Пойыз аралаған станцияларда және оның қасындағы ауылдарда ірі ауруханалар жоқ. Былтыр пойызда 35 маман қызмет атқарса, биыл 40 маман тартылды. Олар түрлі бағыттағы дәрігерлер, медиатор мен заңгер», – деді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, мақсат кем дегенде 100 мың халықты қамту болған. Бұл міндет толығымен орындалып, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 12 мыңға артып, 104 250 ауыл тұрғынына медициналық және құқықтық көмек көрсетілді.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиеваның айтуынша, дәрігерлер 101 301 азаматқа медициналық көмек көрсетті. Олардың 54 334-і әйел, 23 685-і ер, 23 282-і бала. Пойыз әр станцияға орташа алғанда 2 күн тоқтап, науқастарды толық диагностикадан өткізіп, медициналық кеңес берді. Пойызда жалпы және биохимиялық талдаулар, флюорография, ішкі органдар мен тамырларды ультрадыбыстық зерттеу сияқты түрлі медициналық қызметтер көсретілді. Биыл Денсаулық сақтау министрлігінің көмегімен өткен жылға қарағанда пойыздың медициналық құрал-жабдықтары жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артты.