Діни сауатын арттыруды көздейді
Астанадағы Діндерді зерттеу орталығының қызметі конфессияаралық қатынастарды нығайту, халықтың дінтану және құқықтық сауаттылығын арттыру, діни экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алу, әр түрлі диструктивті діни ағымдарға иммунитет қалыпастыру бағытында өте маңызды саналады. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін орталықта арнайы ақпараттық түсіндіру топтары жұмыс істейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Бұл топтар барлық өңірлер мен елді мекендерде бар. Соның ішінде Астана қаласында 64 адамнан тұратын 8 ақпараттық топ қызметі жолға қойылған. Атап айтқанда, қалалық, мобильді жастар тобы және 5 аудандық топ жұмыс істейді. Олардың жұмыс тиімділігін арттыру үшін құрамы білікті дінтанушы-теологтар, психологтар, ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік қызметшілер, белсенді жастардан құралады. Мәселен, елге танымал Нұрлан имам, доцент, белгілі тарихшы Жарас Ахан сынды азаматтар қатысады, – дейді Діндерді зерттеу орталығының бөлім басшысы Нұрсұлтан Жаншин.
Жыл басынан бері Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Дін істер басқармасы, Діндерді зерттеу орталығының ұйымдастыруымен және елордадағы ақпараттық топ мүшелерінің қатысуымен әр түрлі форматтағы 850 іс-шара өткізіліп, соның барысында 40 мыңға жуық тұрғын қамтылған. Мұндай іс-шаралар көбіне елдің осал санаттарына, мигранттарға, құрылыста, базарда, сауда орталықтары мен білім беру ұйымдарында жүргізіледі. Орталық инстаграмда танымал тұлғаларды шақыра отырып «Онлайн алаң» платформасын іске қосты, соның барысында көрермендер сан түрлі сұрақтарға жауап алады.
-Мұндай іс-шаралар нәтижесін беріп, халықтың діни сауаты артып келеді. Жамағатқа насихат жүргізетін имамдарға, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына, мемлекеттік қызметкершілерге жыл сайын біліктілік арттыру семинарларын өткіземіз. Сонымен қатар қалада 3 жерде акция өткізіп, соның барысында 10 мың елордалықты қамтыдық, керекті ақпараттар жазылған жадынамалар тараттық, салт-дәстүрді дәріптейтін викториналық ойындар, балаларға мақал-мәтел сайысын ұйымдастырдық, – дейді спикер.
Сонымен қатар әлеуметтік желіде түрлі ағымдар, топтарға еріп кетпеу үшін «Ата-ана бақылауы» деп аталатын телеграм бот ашылған. Оған кез келген адам әлеуметтік парақшаның сілтемесін жіберу арқылы бір-екі минутта оның діни теріс ағымдар бойынша тіркелген-тіркелмегенін анықтап алуына болады. Биыл орталық Бурабайда «Кемел жігіт – күйеу бала» ұлттық зияткерлік курсын өткізді. Екі күндік курсқа 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер қатысты.
Райхан Рахметова