Құрылысы ұзаққа созылған кезекті екі тұрғын үй кешені аяқталды
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында құрылысы ұзаққа созылған кезекті үйлер аяқталып, пәтер кілті табыс етілгенін жазды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Құрылысы ұзаққа созылған екі тұрғын үй кешенінің үлескерлерінің мәселесін шештік. Олар – «Территория комфорта-1» (екінші кезек) және «Жағалау 4» полигон 3 көппәтерлі тұрғын үй кешендері. Екі үй де басынан бастап қайта салынды.
Мәселен, «Территория комфорта» тұрғын үй кешенінің құрылысы 20 жыл бұрын басталған. Үйді техникалық тексеру кезінде нысанның апатты жағдайда екені анықталды. Апатты тұрғын үй кешенінің блоктарын толықтай бұзу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Осыған дейін 1-кезектің құрылысы аяқталған болатын. Ол кезде 100-ден астам үлескер отбасы пәтер кілтін алған.
Биыл екінші кезектің құрылысын аяқтадық. Осылайша, 20 жылға созылған ең проблемалы тұрғын үй кешенінің тарихы аяқталды.
Ал «Жағалау 4» полигон 3 құрылысы 10 жыл бұрын басталған. Жосықсыз әрекет салдарынан мердігерлер ауысып, үйдің аяқталу мерзімі өзгерді. Тұрғындардың жалпы жиналысында үлескерлерді жаңа «Е16, Е17, Е32» ТК-ға көшіру туралы шешім қабылданған. Осылайша, үлескерлер көптен күткен баспаналарының кілтін алды. Аумақты абаттандыру көктемде жалғасады.
Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында. Соңғы жылдары құрылысы ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешенін аяқтадық. Көптен күткен пәтер кілтін 15,5 мыңнан аса үлескер отбасы алды.
Қалған бірнеше үйді жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.