Мейіргерлер науқастарды қабылдауға дайын ба?
Елімізде алдағы уақытта мейіргерлер науқасты қабылдап, диагноз қоя алатын болады. Осылайша, Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің жүктемесін азайтып, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырмақ.
Ол үшін мейіргерлер алдымен арнайы бағдарлама бойынша оқытылады. Бұл жаңашылдық денсаулық сақтау саласын дамытуды көздейді. Қазіргі уақытта медицина саласында көрсетілетін қызметтің 60-70 пайызы – мейіргерлердің қолында.
«Мейіргердің басты мақсаты – науқасқа күтім жасау. Олар науқастың ахуалына баға беріп, күрделілігін ескере отырып дәрігер шақырады. Ал науқастың жағдайы қалыпты болса, дәрігерді артық мазалай бермейді. Себебі, дәрігердің қабылдауына жазылатын науқастардың көбісі аурудың алдын алу бойынша ем шараға келеді. Егер науқас мейіргердің біліктілігіне сенбей, дәрігердің қабылдауына жазыламын десе, онда апталап кезек күтуіне тура келеді. Ал бұндай тиімсіздік тумас үшін науқас келесі күні-ақ мейіргердің қарауына жазылғаны дұрыс. Осылайша, науқастың да, дәрігердің де уақыты тиімді болады» дейді денсаулық сақтау саласының сарапшысы Ұлболған Байкенжеева.
Оның пікірінше, мейіргерлерді дәрігердің қол астында жұмыс істейтін көмекшісі ретінде қарамау керек. Олардың емханадағы жұмыстары жеңіл емес. Медициналық тексеруге жолдайтын қағаздардың барлығы солардың мойнында. Олардың арасында да тәжірибесі мол, деңгейі жоғары мейіргерлер көп. Олардың біліктілігін пайдаланатын уақыт келді, дейді маман.
Ал Астана қаласы CITY емханасының Алдын алу және әлеуметтік психологиялық көмек бөлімінің екінші дәрежелі аға мейірбикесі Гүлзира Бейсенбаева бұл жаңашылдықты жылы қабылдағанын жасырмады.
«Мейірімі мен жан жылуы арқылы науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал ететін жандардың бірі – кіші медицина қызметкерлері. Олар – денсаулық сақтау саласындағы қызметтің басым бөлігін жауапкершілікпен атқаратын тәжірибелі мамандар. Шетелде мейіргер ісінің түрлі модельдері қалыптасқаны белгілі. Олар алғашқы медициналық көмектен бастап, госпитальдық сектор деңгейіне дейін қызмет көрсете алады» дейді Гүлзира Нұрлыханқызы.
Дамыған елдер демекші, Швецияда мейіргерлер созылмалы және күрделі ауруларға шалдыққан науқастарға күтім жасап қана қоймай, қант диабеті, бронхиалды демікпе, жүрек, психикалық ауруларға да дәрі ұсына алатын құқы бар. Финляндияда науқастардың 80 пайызы ең алдымен мейіргерлердің қабылдауында болады екен. Скандинавия, Нидерланды да науқастарға дәрігердің көмегіне жүгінуін алдымен мейіргер шешеді. Дамыған еуропалық елдерде жалпы тәжірибелік дәрігерлер үй-жағдайында науқастарды қарамайды, оларға арнайы дайындықтан өткен мейіргерлер қөмектеседі.
«Мен Қарағанды медициналық колледжінің түлегімін. 7 жыл учаскелік мейіргер болдым. Жалпы, мейіргер – науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Өйткені, науқасты дәрігерден бұрын күтіп алып, шығарып салатын да біз. Сондықтан мейірбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды деп білемін. Алдағы уақытта министрлік қолға алған жаңашыл жүйе өз тиімділігін көрсететініне сенемін» дейді Гүлзира Бейсенбаева.
Ал бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов отандық баспасөзге берген сұхбатында бұл жаңашылдықты денсаулық сақтау саласын дамытудағы оң үрдіс деп есептейтінін мәлімдеген. Жоғары білімді мейіргерлер пациентке тек мейіргерлік диагноз ғана емес, сонымен қатар заманауи стандарттарға сәйкес барлық қажет құжаттаманы да дұрыс толтыруға міндетті. Оның айтуынша, бүгінде медицина саласында 300 мыңға жуық маман жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі – мейіргерлер.
«Он жылдан астам уақыт бұрын еліміздегі жоғары оқу орындарында арнайы жоғары білімді мейіргерлерді дайындау курстары болды. Бүгінде 5200-ден астам мейіргер оқу бітіріп, жұмыс істеп жатыр. Олардың емханаларда қазір атқарып жатқан функциональды қызметтері басқаларға қарағанда көбірек. Қазірдің өзінде науқастардың еңбекке жарамсыздық қағазын беру, медициналық тексеруге жолдау қағаздарын мейіргерлер жүргізіп жатыр. Шалғай орналасқан ауылдарда дәрігер болмағандықтан мейіргерлер өз қызметін тиімді атқарып жатыр. Бірақ өкінішке қарай, олардың жұмысы құқықтық тұрғыда қарағанда ешқандай құқыларды қорғайтын, ресмилендіретін ешқандай нормативтік бұйрықтар болмаған. Сондықтан олар өздерінің білгенінше жұмыс істеп келді. Олардың жұмысының тиімділігі, сапасы тексерілгеннен кейін бүгінгідей жүйе жасалды» дейді Ерік Байжүнісов.
Енді жеке қабылдау жүргізетін мейірбикелер бакалавриат білімімен қоса, жыл сайын мейіргер ісі саласында біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Бұл аурудың алдын алып, халықтың денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Гүлмира Аймағанбет