Қоғам

Есірткі сату туралы хабарландыруларды өшіреді

«Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында елордада есірткі заттарын сату туралы хабарландырулары бар қабырғаларды бояу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Акцияны Байқоңыр ауданының әкімдігі, ауданның жергілікті полиция қызметі басқармасы, қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – есірткінің көрінуін және қолжетімділігін төмендету, сондай-ақ оларды қолданудан бас тартатын қоғамдық пікір қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау.

«Жыл басынан бері елорданың барлық ауданының әкімдіктерімен бірлесіп, есірткі жарнамасы бойынша граффити бояу жөнінде 40-тан астам акция ұйымдастырылды. Біз осындай бастамаларды жалғастыруды, халықпен ақпараттық-ағартушылық жұмысты күшейтуді және жастар арасында жаман әдеттердің дамуына жол бермеуді жоспарлап отырмыз. Салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алу – есірткінің таралуына қарсы күрестің маңызды құрамдас бөлігі», – деп атап өтті «Астана жастары» ЖРО маманы Сұлтан Өмірғалиев.

Акция 2024-2025 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала» нашақорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарының бір бөлігі болды. Бұл жоспар азаматтардың есірткінің зияны туралы хабардарлығын арттыруға және олардың елордада таралуына қарсы күресуге бағытталған бірқатар іс-шараны қамтиды.

«Біз мұндай акцияларға жиі қатысамыз. Жоба аясында қабырғалардағы есірткі жарнамасын бояймыз. Біз қаланың тазалығын қолдаймыз. Мақсатымыз – мұндай жарнаманы жою ғана емес, есірткінің зияны туралы ақпаратты адамдарға жеткізу», – деп атап өтті «Астана жастары» ЖРО еріктісі Даниял Келгінбаев.

Ұйымдастырушылар мұндай бастамаларды жалғастыруға, еріктілерді көбірек тартуға және жастармен жұмысты күшейтуге ниетті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button