Борышкер сот талаптарын орындамаса не істеу керек?
Астана қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Жанна Сүйімбаева елордалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәжбүрлеп орындау шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жанна Сүйімбаеваның айтуынша, егер борышкер сот актісінің талаптарын ерікті түрде орындамаса, сот орындаушысы оған мәжбүрлеп орындау шараларын қолданады.
«Заңның 31-бабына сәйкес сот орындаушысы өз ісін жүргізуге қабылдаған атқарушылық құжат және Заңда көзделген ерікті түрде орындау мерзімінің аяқталуы мәжбүрлеп орындау шараларын қолдану үшін негіз болып саналады. Атап айтқанда, осындай шаралардың бірі – мүлікке тыйым салу және оны сату арқылы борышкердің мүлкінен өндіріп алу», – деді спикер.
Мәселен, борышкердің мүлкіне тыйым салу мүліктің тізімдемесінен, оған иелік етуге тыйым салудан, ал қажет болған жағдайда осы мүлікті пайдалану құқығын шектеуден, оны алып қоюдан немесе сақтауға беруден, содан кейін осы мүлікті саудалау арқылы өткізуден тұрады.
Сот орындаушысы мен өндіріп алушы арасындағы сауда-саттықта мүлікті сатқаннан кейін орындалған жұмыстарды қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылады.
Одан түскен қаражат өндіріп алушылар арасында өндіріп алынатын сомаларға барабар бөлінеді. Бұл жағдайда мүлікті сату сот актілерін орындаудың мәжбүрлеу шараларын жүзеге асыру тәсілі болып саналады.
«Мысалы, жеке сот орындаушысы борышкерге қатысты атқарушылық іс жүргізуде. А.И. Дауменова пайдасына сот орындаушысы Б.А. Мықтыбек борышкердің мүліктік жағдайын анықтау мақсатында сұрау салуды уәкілетті және тіркеуші органдарға жібереді. Сауалға жауап ретінде борышкер А.И. Дауменованың сот орындаушысы алатын «Тойота Камри» маркалы автомашинасы бар екені анықталды. Содан кейін сот орындаушысы бағалау жүргізу туралы қаулы шығарады, кейін автомашина аукцион арқылы сатылады, ал оны сатудан түскен соманы өндіріп алушы Б.А. Мықтыбекке береді, осылайша мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары сот актісінің нақты орындалуына әкеледі», – деп түсіндірді Жанна Сүйімбаева.
Мүлікті сатудан басқа заңда сот актілерін мәжбүрлеп орындаудың басқа да шаралары көзделген:
1) борышкердің мүлкіне, оның не өзге жеке немесе заңды тұлғалардың (оның ішінде банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарында) ақшасы мен бағалы қағаздарын қоса алғанда, тыйым салу;
2) борышкердің өзіндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардан мүлкін алып қою;
3) борышкерге белгілі бір әрекеттер жасауға тыйым салу;
4) борышкерге өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлікті, оның ішінде ақшаны пайдалануға тыйым салу не оны сот орындаушысы белгілеген шекте пайдалануға нұсқау беру;
5) борышкердің мүлкіне мөр басу;
6) құқық белгілейтін құжаттарды алып қою;
7) басқа адамдарға мүлікті, оның ішінде ақшаны борышкерге беруге немесе оған қатысты өзге де міндеттемелерді орындауға тыйым салу.