Ел тынысы

Дубайда «Астана Опера» спектаклін 12 мың көрермен тамашалады

«Астана Опера» балет труппасы Дубайда хореограф Юрий Григорович қойған П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетін сахналады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен бұл гастрольдер елордалық театрдың биылғы шетелдік турларының қорытындысы болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Қойылымның хореографиясы бастапқыдай қалуы үшін «Астана Опера» труппасымен гастроль алдында Юрий Николаевич Григоровичтің ассистенттері Руслан Пронин мен Оксана Цветницкая жұмыс істеді.

Спектакльді театрдың симфониялық оркестрі италиялық маэстро Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен сүйемелдеді.

Айта кету керек, спектакльдің былтырғы жетістігінен кейін «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова бастаған қазақстандық труппаны Дубай театры қайта шақырды.

«Астана Опера» труппасының «Дубай Операда» «Щелкунчик» балетімен келіп, қайта өнер көрсетіп жатқанына қуаныштымыз. Былтыр табысқа толы жыл болды. Сол кездегі труппаның керемет өнерінен кейін, біз оларды тағы да шақырдық. Таңғажайып қойылым, талантты әртістердің өнерін тамашалағанымызға өте қуаныштымыз», – деді «Дубай Опера» директоры Паоло Петрочелли.

«Керемет қойылым! Спектакльдің көркемдігіне тәнті болдым. Мехикодан Дубайға арнайы «Щелкунчикті» көру үшін ұшып келдім. Осынау керемет опера театры залында барлық костюмдерді, декорацияларды және жарқын түстерді көру мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Бұл труппаның жоғары деңгейдегі өнерін тамашалауға керемет мүмкіндік болды», – деді Артуро Перес Ривера.

Еске сала кетейік, алғашқы қойылым 19 желтоқсанда сәтті өтті. Алда әлі үш гастрольдік күн бар – 20, 21 және 22 желтоқсан. Бұл күндері жетекші солистер көрерменді ертегінің сиқырлы әлеміне жетелейді. Айта кету керек, труппа 6 спектакль ұсынады, олардың әрқайсысы аншлагпен өтеді деп күтілуде. Қойылым күндері көрермен ғажайып атмосфераны сезінуге мүмкіндік алады. Хореограф дайындаған жеке нөмірлер, атап айтсақ мүлгіген қысқы табиғаттың таңғажайып бейнесін көз алдыңа әкелетін ақ ұлпа қар бүршіктерінің биі ересектерге де, балаларға да зор әсер қалдырады. Классикалық хореография, символизм, қиял-ғажайып бейнелер мен Симон Вирсаладзенің көркемдік безендіруі бұл балетті шынымен ұмытылмастай етеді.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button