МҚІА төрағасы елорда жастарымен кездесті
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жастардың мемлекеттік қызметке келуіне жасалған мүмкіндіктерді түсіндіру, оларға әділеттілік пен адалдық, азаматтық сана құндылықтарын, отансүйгіштік қасиеттерді насихаттау мақсатында елорданың жастарымен кездесті.Іс-шараға бейне конференцбайланыс арқылы өңірлердің жастары да қосылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Әділетті Қазақстан – Адал Азамат» тақырыбында өткен іс-шараға мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері, «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің» тыңдаушылары қатысты.
Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет саласын дамыту жұмыстары аясында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидаттарына сәйкес ашықтық, әділдік, отансүйгіштік қасиеттерге баса көңіл бөлініп отырғанына тоқталып, жастарға мемлекеттік қызметке келуге толық мүмкіндіктер жасалғанын айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету» деген болатын. Еңбекқор, отанға қызмет етуді парыз санайтын жастар – ел дамуының қозғаушы күші. Халқымыз қашанда жастарға үлкен үміт артқан. Агенттік дарынды, білімді, бастамашыл жастарды мемлекеттік қызметке тартуды тұрақты жолға қоюда. Сол арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастырудамыз. Жастардың бойындағы күш-қуат пен қабілетті елге қызмет етуге бағыттау біздің басты мақсатымыз. Болашақта мемлекеттік қызметке қызығушылық танытып, осы жолды таңдасаңдар туған отанымыз Қазақстанды көркейтуге тікелей үлес қоса аласыңдар» ,- деді жастарға Дархан Жазықбай.
Агенттік заман талабына сай цифрландыру арқылы кадрларды іріктеудің ашық және әділ жүйесін қалыптастыру мақсатында «eQyzmet.gov.kz» сайтында мемлекеттік қызметке қабылдаудың онлайн жүйесін енгізді.
Соңғы өзгерістерге сәйкес жоғары оқу орындарын жақсы көрсеткішпен (GPA 3,33-тен жоғары) бітірген 430-дан астам түлек аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылданды. Аймақтарда мемлекеттік қызметші болуға ынталы жастарды анықтау, оларға мемлекеттік қызметтің ерекшеліктерін түсіндіру және қызығушылығын арттыру жұмыстарын жүргізетін жас мемлекеттік қызметшілердің мектептері жұмыс жасауда.
Мемлекеттік аппаратқа қажетті дарынды жастарды іріктеу үшін Президенттік жастар кадр резерві және Өңірлік кадр резерві қалыптастырылды.
Іс-шара барысында жастар 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасы аясында салаға қажетті жас таланттарды ынталандыруды көздейтін, мектеп және университет деңгейінде ерте кәсіптік бағдарлау институтын құру бастамасына қызығушылық танытты.
Жастар Агенттік төрағасына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Дархан Жазықбай «Адал азамат» идеалына тән қасиеттердің жастарымыз үшін маңыздылығына тоқталып, оларға мемлекетшіл болудың, отан алдындағы жауапкершілік пен парыздың қашанда биік тұру қажеттілігін айтты.
Кездесу соңында жастарға мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арыттыруға арналған цифрлық коворкинг залы, медиа-студия, ақпаратты 3D-голографиялық дәрістер өткізілетін голограмма залы, мұражай және кітапхана жұмысымен таныстыру үшін арнайы эксурсия ұйымдастырылды.