Астанада жаңажылдық отшашу болады
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін Жаңа жыл түнінде отшашу болады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
– 31 желтоқсанда отшашу жоспарланған. Кеше ғана қаладағы 30-дан астам қоғамдық кеңістікте шыршалардың шамы жағылды. Қала Жаңа жыл мерекесін өткізуге дайын. Отшашу болады, – деді Жеңіс Қасымбек орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетсек, 18 желтоқсанда Астанада 30-дан астам жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды.
«Астана Арена» стадионының аумағында қаланың басты жаңажылдық шыршасын жағуға арналған салтанатты іс-шараға мыңнан астам адам жиналды.
Еске сала кетейік, 16 желтоқсан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 33 жылдығына орай елордада мерекелік отшашу болмады.
Фото: Pixabay