Пойыздарда сапалы интернет қашан қосылады?
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин автожол мен теміржол бойында интернет сапасын жақсарту мәселесіне түсінік берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Оның айтуынша, былтыр министрлік республикалық маңызы бар автожолдарда интернет желісі нашар қамтылған аумақтарға қатысты тиісті талдау жасады.
– Талдау негізінде біз антенналық тірек құрылыстарын қосымша орнату қажет 243 нүктені анықтадық. Қазір әкімдіктер жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Қазірдің өзінде 80-ге жуығы орнатылды. 2025 жылы республикалық маңызы бар жолдарда интернет желісі жақсарады. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар жолдарға да талдау басталды, оның қорытындысы бойынша іс-шаралар жоспары құрылады, – деді Р. Коняшкин Парламент Мәжілісінде көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында.
Бұдан бөлек вице-министр пойыздарға интернет тартуға қатысты түрлі технология зерттелгенін айтты.
– Ең дұрыс нұсқа – ол төмен орбиталық спутниктер арқылы интернетпен қамтамасыз ету. Қазір OneWeb-пен келіссөз жүріп жатыр. Қаңтар айында ҚТЖ-мен бірлесіп пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның нәтижелері бойынша ұсынылатын сапа мен тарифтер қаншалықты тиімді болатынын пысықтап, шешім қабылдаймыз, – деді Ростислав Коняшкин.