Мәслихат

Депутаттар династиясы

Астана қаласы мәслихатының тарихына әкелі-балалы Мещеряковтар есімдері жазылды. Николай Мещеряков І-V шақырылымдарының депутаты болса, Илья Мещеряков VІ шақырылым депутаты болды.

Николай Мещеряков – еңбекпен шыңдалған азамат. Алғашқы жалақысын үшінші сыныпты бітіріп, жазғы демалыс кезінде өзі туып-өскен кеншардың бақшасын суарып, арам шөбін жұлып тапты. Бұл – сол кездегі 3 сом 15 тиын. Қарапайым ауыл мектебін бітіргеннен кейін Челябі политехникалық институтына оқуға түсті.

«Әрине, алғашында оқу оңай болған жоқ, көп тер төгуге тура келді. Бірақ өмір қиындықтарына шыныққан маған жақсы нәтижелерге қол жеткізуге деген ынта көмектесті. Нәтижесінде жоғары оқу орнын үздік бағалармен бітірген түлектердің қатарына қосылдым» дейді қазір өзі. Инженер-механик мамандығын алып, сол Челябі қаласындағы трактор тіркегіштерінің зауытында инженер-конструктор болып жұмыс істеді. Содан кейін туған Целиноград қаласына оралып, «Целиноградтяжстрой» тресінде ағаш ұсталарының бригадирі, ұста, комсомол комитетінің хатшысы, біріккен кәсіби комитеттің төрағасы қызметтерін атқарды. Ал 1989 жылдан «Цесна» корпорациясы» АҚ жүйесіне қабылданды. Онда әртүрлі басшылық қызметте болды.

Қазақстанда мәслихаттар құрылғанда, яғни осыдан тура 30 жыл бұрын мәслихат депутаты болып сайланып, V шақырылымға дейін үзбей қаланың дамуына еңбектенді. 2007 жылға шейін әлеуметтік-экономикалық даму, қаржы және бюджет мәселелері бойынша комиссияны басқарды. Кейін заңдылық, құқықтық тәртіп, қоғаммен жұмыс мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағасы болды. Астана қаласының Құрметті азаматы атанды.

«Қалалық мәслихатта өзге депутаттарға қарағанда ұзақ уақыт жұмыс істегеніме байланысты жағдайды салыстыра аламын. Біздің қаланың бюджеті өзгерді, 1994 жылы 1 миллиард теңге болса, бүгіндері көпке көбейді. Менің кезімде жыл ішінде 4 кезекті сессия жоспарланса, нақты 10-12 сессия өткізілді. Осы уақыт ішінде қала өмірінің ең маңызды салаларына байланысты 100-ден астам мәселені қарап үлгеретінбіз. Ал қазір мәслихаттың құзыреті кеңейтілді, қоғам өміріндегі рөлі өсті, қабылдаған шешімдерінің жауапкершілігі күшейе түсті. Қалаға байланысты ең маңызды шешімдер әрдайым депутаттардың қатысуымен қабылданады» дейді Николай Мещеряков.

Ал Илья Мещеряков қалалық мәслихаттың VІ шақырылымында құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары болды. Ол өз қызметінде салауатты өмір салтын насихаттап, спорт шараларына, марафондарға және триатлон жарыстарына қатысты. Қайырымдылыққа ерекше көңіл бөліп, ардагерлер кеңестеріне және балалар қорларына, сайлау округіндегі қарт тұрғындарға, ерекше қажеттілігі бар балаларға, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті. Сайлаушыларды жеке қабылдау кезінде мәселелерін жылдам шешуге тырысты. Көліктегі экология, қала тұрғындарының күнделікті өміріне инновацияны енгізу, мемлекеттік қызмет көрсетудің заманауи технологиясын қолдану мәселелеріне бақылау жасады.

                                                                      Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button