«Бірыңғай денсаулық» жобасын іске асыру аспектілері талқыланды
Астанада АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің қолдауымен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мен ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы ұйымдастырған «Қазақстандағы тұрақты денсаулық сақтау жүйесіне арналған бірыңғай денсаулық» ведомствоаралық техникалық жұмыс тобының екінші отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Кеңестің жұмысына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, сондай-ақ АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (WOAH), Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері және БҰҰ қоршаған орта (UNEP) бағдарламасы және басқа ұлттық және халықаралық әріптестер қатысты.
Отырыста сектораралық ынтымақтастықты үйлестіру, жаңадан пайда болған және зооноздық ауруларды, сондай-ақ адам – жануар-қоршаған орта тоғысындағы денсаулыққа төнетін басқа да қауіптерді анықтау, ден қою, профилактика мәселелері талқыланды.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы зертханалық және ғылыми әлеуетті күшейтуді, ведомствоаралық және халықаралық өзара іс-қимылды, қауымдастықтарды қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы жаһандық қауіптердің профилактикасына тарту жөніндегі негізгі компоненттерді қамтитын бірыңғай денсаулық жөніндегі үйлестіруші ретінде 2025-2027 жылдарға арналған Бірыңғай денсаулық жөніндегі жол картасын (One Health) әзірлеуге және қарауға бастамашы болды.
«Бірыңғай денсаулық» жобасы – адам, жануарлар мен экожүйелердің денсаулығының оңтайлы деңгейіне қол жеткізуге және осы үш құрамдас бөліктің арасындағы тұрақты тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді, біріктіруші тәсіл. Осы салалардың арасындағы тығыз өзара тәуелділікке негізделген бұл тәсіл ауруларды эпидемиологиялық қадағалау мен күрестің жаңа әдістерін әзірлеу үшін қолданылады.