Басты ақпаратРуханият

Қазақы тақырыптағы қойылым

Ауыл мен қала балалары. Бүгінде екеуі екі бөлек әлемге айналды. Асфальтта өскен ұрпақ ана тілінің уызына жарымай, бойларын еркіндік билеп, жат мәдениеттің ықпалына жығылды. Ауыл балалары, керісінше қазақы тәрбие көріп, көп жағдайда ұяңдық танытып, қарапайым қалпын сақтайды.

Көрнекті жазушы, драматург Тахауи Ахтанов бұл мәселені осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын көтерді. Қаламгердің 1976 жылы жарық көрген «Күшік күйеу» комедиясында ауыл мен қала жастары тәрбиесіндегі алшақтық сөз болады. Қазіргі қазаққа нағыз керек осы тақырыпты Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры жаңғыр­тып, аталмыш туындының премьерасын ұсынды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Жұлдызбек Жұманбай.

Азан шақырылып қойылған қазақы есімдерді қысқартып айту немесе адамды лақап атымен атау қазір көп кездеседі. Қойылымда, ең алдымен, осы мәселе қозғалады. Мәселен, кейіпкерлер қала балалары Көбейсін – Кубикке, Төребек – Тюрянчикке, Ботагөз – Боткаға айналып кеткен. Ал олардың ортасына түсетін ауыл баласының аты – Қабанбай. Ол өз есімін мақтан тұтса, жаңа таныстары атын естіп, «Қабан», «Кабанчик» деп әжуалайды. Сонда олардың қаперіне қазақ тарихында Қаракерей Қабанбай батыр болғаны салынады.

Аттары аталған қала жастары Ботканың үйінде жиі бас қосып, бастаңғы жасайды. Ал оның анасы Гүлжамалдың арманы – еркетотай қызын дұрыс жігітке ұзату. Ол құрбысы Биғайшаға: «маған Ботагөзім қатты уайым болып тұр. Араласатыны – кілең бір жын қаққан балалар. Шынымды айтсам, Боткама қазақы қолдау, орнықты бір жігіт тапсам деп едім. Өзі ондайға жоламайды. Орайын өзім келтірмесем. Соның жолын таба алмай басым қатып жүр. Елден келген баланың тәрбиесі бөлек қой» дейді. Қабанбай үйлеріне түскенде жерден іздегені көктен табылғандай қуанады.

Ал Қабанбай қалай бұл үйге түсіп жүр? Ол студенттік жатақханада тәртіп бұзып, содан шығып қалады. Еті тірі досы Бекболат оны алыс туысқаны Гүлжамалдың үйіне орналас­тырады. Жылпос жігіт сөйтіп бір оқпен екі қоянды атып алғандай болып, Гүлжамалдың арманын білетіндіктен оған болашақ күйеу бала, ал Қабанбайға жататын үй тауып береді.

Сонда Қабанбай жалаңаяқ студент емес, диссертация қорғағалы жатқан жас ғалым болып таныстырылады. Қала жастарының ортасына түсетін Қабанбай олардың еркін қылықтарынан, жаргонмен сөйлеген сөздерінен шошып кетеді. Бірақ жатын үй керек болғандықтан, көндігуге тура келеді. Оның сыртында кейбір үй жұмысын да істейді. Сонысымен Гүлжамалға жағады.

Бұл үйге Ботканың құрбысы Алма да келіп жүреді. Оның анасы Биғайшаның да арманы – қызын ұзату. Бірақ ол Алманы бастықтың ұлы Кубикке бергісі келеді. Қабанбайды жатақханадан шығарғанда онда комендант болып жұмыс істейтін – осы Биғайша. Бірақ ол Қабанбайды шын есімі Жолдас Жалғасбаев деп біледі. Ал Гүлжамалдың үйінде кездескенде жігіт сақал-мұртын қырып тастағаннан кейін танымай қалады.

Қойылымда домбыра мен гитараның айтысы, яғни ескі мен жаңаның, ауыл мен қала баласының тартысы әсерлі берілген. Сонда гитара былай сөйлейді:

Өтеген боп парызды

Атавизм тәрізді

Қарт шопанның ерінде,

Концерттің әр жерінде

Шіңкілдеген домбыра.

Хал-жағдайын сұрасаң,

Құлағын сәл бұрасаң.

Киіз үйін еске алып,

Кең сарайдан жасқанып,

Шіңкілдеген домбыра.

Шалмен бірге марқайып,

Кемпірмен бір қартайып.

Күй атасын жүдетіп,

Бірте-бірте күні етіп

Күңкілдеген домбыра.

Ал домбыра былай

жауап береді:

Ішін арақ өртеген

Басы ауырып ертемен.

Шишаларға көз сүзген

Жолдас болып ессізбен

Ыңқылдаған гитара.

Тұрмай жатып төсектен,

Иі жұмсақ, бос өкпе

Шешесінен, сірә да,

Ақша сұрап сыраға

Қыңқылдаған гитара.

Есіргеннің қойнында,

Есерсоқтың мойнында,

Дуалдардың түбінде,

Жын-шайтанның тілінде

Мыңқылдаған гитара.

Қойылымда күлдіре отырып, ойландыратын осындай көріністер өте көп. Ең соңында өтірік ашылады, Қабанбай жас ғалым емес, студент екенін, Алмаға ғашық болып қалғанын айтады. Анасы Биғайша ойбайласа да, Алма да оның сезімін құп алады. Гүлжамалдың арманының да күл-талқаны шықса да, Қабанбай Боткаға аға болып қалады.

Кейіпкерлерді сомдаған актерлер туралы да айта кетейік. Біреуді ерекше атап айтатындай емес, бәрі де бір ансамбльді құрап, жақсы ойнап шықты. Атап айтқанда, әдеттегідей қос құрамда Гүлжамалды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиева мен Мәдениет саласының үздігі Ажар Шәкіржанова, Биғайшаны Мәдениет саласының үздіктері Гүлмира Жакилина мен Айжан Назарханқызы, Бекболатты Шыныбек Рахмашев пен Ілес Көпбосын, Қабанбайды Ақжол Амантай мен Әли Ризабек, Ботканы Гауһар Жеңісова мен Сая Саят, Алманы Ақбота Мәкежанова мен Айбану Байболатова, Кубикті Алмас Асқарұлы мен Ермахан Дулатұлы, Тюрянчикті Қазыбек Аманжол мен Нұржігіт Мүсілімов сомдады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button