Басты ақпаратБілім

Бала тәрбиелеу – еңбек әрі борыш

Орыс жазушысы Федор Достоевскийдің бұл аталы сөзі қазіргі таңда айрықша маңызға ие. Өйткен себебі, білім беру мен тәрбие беру қатар жүргенде ғана көзі ашық, көкірегі ояу оқушылар көбейеді. Осы орайда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының атқаратын рөлі зор. Осы бағдарлама аясында алты негізгі құндылықты білім алушыларға насихаттап қана қоймай, санасына сіңіруіне мұғалімдер қауымы қал-қадерінше еңбектеніп жүр.

Әр қазақ баласы өз ұлтының салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпының тұма бұлағынан нәр алуы қажет. Соның ішінде, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, әр баланың ой-санасына жеткізе алсақ қана, белгілі бір нәтижеге жетеміз. Осындай мақсатты алдымызға қойып, Астанадағы №97 мектеп-гимназияда «1000 асық» челленджін өткіздік. Бұл жерде оқушылардың рухани жағынан өсіп-жетілуін, ұлттық ойындарды ойнауға бейімделуін, эстетикалық жағынан дамуын басты мақсат етіп қойдық. Асық ойнаған баланың ой-өрісі кеңейіп, болмыс-бітімі төзімділік пен шымырлыққа, қимыл-қозғалысы дәлдік пен мергендікке тез бейімделеді. Сондай-ақ көзінің көру қабілеті жақсарып, жүйке жүйесінің саулығы қалыпты жағдайға түседі. Тігілген асықты көздеп тұрған баланың қан тамырларының жұмысы жақсарады. Қолына сақаны ұстап иіргенде саусақтары мен алақаны үйкеліске түсіп, ми тынығады. Осының бәрі атам қазақ жақсы білген. Қазақтың әр шаңырағында дорба-дорба асық болған.

Ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатымен біздің мұғалімдеріміз төрт тоқсан бойы төрт ұлттық өнер түрі бойынша арнайы дәрістер жүргізіп келеді. Соның бірі – 1-тоқсандағы «Ақындар айтысы» деген тақырыптағы сынып сағаты. Айтыс – қазақ халқының баға жетпес асыл қазынасының бірі. Ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасап келе жатқан текті өнерге бүгінгі таңда мектеп оқушылары да зор қызығушылықпен қарайды. Сынып сағатында музыка пәнінің мұғалімі Алтынай Нұрғалиева суырып салмалық өнер, айтыс­тағы тапқырлық пен өткірлік, айтыстың қоғамға ықпалы туралы мол мағлұмат берді. Оқушыларға арнайы бейнематериалдар көрсетілді. Әр баланың айтыс туралы ой-пікірі осы өнерге деген қызығушылығы ортаға салынды.

Ұлттық дәстүр-салтымызды дәріптеуге қатысты тағы бір маңызды іс-шара – «Ән шуақ» балалар фестивалі. Республика күні ұлттық мерекесіне орай өткізілген бұл өнер сайысында 5-6 сынып оқушылары хормен ән айтып, өнер жарыстырды. Ақ көйлек киіп, көгілдір мойынбау мен ақ бантик таққан қыздарымыз қолына Қазақстанның көк байрағын ұстап, Отан туралы әндерді хормен шырқады. Мұндай әндер баланы елін, жерін, Отанын сүюге, өз ұлтының құндылықтары мен рухани байлығын көздің қарашығындай сақтауға тәрбиелейді. Әнге деген сүйіспеншілігі арқылы туған жерге, туған қаласына деген жақсы көру сезімі ұлғаяды. Мұндай байқаулар мектептегі өнерлі, талантты балалардың жарқырап көрінуіне де зор мүмкіндік береді. «Адамның тәні сияқ­ты, жанына да тәрбие керек, онсыз жан семіп қалады» депті бір данышпан. Біз, әр баланың ертеңгі тәуелсіз Қазақстанның тұтқасын ұстайтын азамат пен азаматша екенін ешқашан ұмытпауға тиіспіз.

Гүлжазира СЕЙДУӘЛИҚЫЗЫ, Астана қаласындағы №97 мектеп-гимназия

директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button