Қарулы күштер жауынгерлік даярлық іс-шараларын қалай өткізді?
2024 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы күштері жоспарланған жауынгерлік даярлық іс-шараларының 99,9% орындады. Бұл әскерлерді дайындаудың жоғары деңгейін дәлелдейді. Барлығы 75 мыңнан астам оқу-жаттығу, оның ішінде 3 мыңнан астам жауынгерлік атыс, 1 мың тактикалық оқу-жаттығу, 35 мың практикалық атыс және 15 мың парашютпен секіру өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жылдың ең маңызды аспектісі ретінде іс-шаралардың едәуір бөлігін құраған түнгі оқу-жаттығуларды айтуға болады. Бұл Қазақстан Қарулы күштерінің тәуліктің кез келген уақытында және кез келген жағдайда іс-қимылға дайындығын көрсетеді.
Жауынгерлік дайындықтағы негізгі күш-жігер командирлер мен басқару органдарын жауынгерлік, арнайы әскери іс-қимылдарды шебер ұйымдастыруға және бағынысты бөлімдер мен бөлімшелерді мақсатына сәйкес басқаруға сапалы дайындауға бағытталды.
Қазақстанның Әуе қорғанысы күштерінде ұшу құрамын дайындау жоғары қарқынға ие болды. Авиациялық зақымдау құралдарын 300-ден аса жауынгерлік қолдану арқылы 10 мыңның үстінде ұшу ауысымы орындалды. Жыл жетістіктерінің қатарында 300-ден аса экипаж командирлерін ұрыс қимылдарын жүргізуге, сондай-ақ алғаш рет өз бетінше ұшуға кіріскен 30-ға жуық ұшқыштың даярланғанын айтуға болады. Сонымен қатар, ұшақтар мен ұшқышсыз ұшақтардың жаңа түрлері сәтті игерілді. Түріктің «ANKA» барлау-соққы беретін ҰҰА-ны пайдаланудың басталуы және ұшқыштарды жаңа L-410 UVP E-20 ұшағын пайдалануға оқыту ерекше маңызға ие болды.
Қазақстанның Әскери-теңіз күштері де 2024 жылы жоғары нәтижелер көрсетті. Теңізге 150-ден астам шығу жүргізілді. Сондай-ақ кемедегі жауынгерлік жаттығулардың қарқындылығы 61%-ға артты. Теңізде операциялар жүргізуге, теңіз шекараларын қорғауға және қауіп-қатерлерге қарсы тұруға байланысты жауынгерлік тапсырмаларды пысықтауға ерекше назар аударылды. Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік дайындығын едәуір арттыруға ықпал еткен бұл оқу-жаттығулар Каспий өңіріндегі ұлттық мүдделерді қорғаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.