Мәдениет

Ұлттық театрдың ұлттық қойылымы

Биылғы көктемде Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ұлттық мәртебе берілді. Сол уақыттан аталмыш өнер ошағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры аталады. Қаллекиліктердің репертуарында ұлттық қойылымдар деп атауға лайық туындылар да баршылық. Соның бірі де, бірегейі де – «Алтайдан ауған ел» спектаклі.        

Бұл қойылым осыдан үш жылдай бұрын Тәуелсіздік пен осы театрдың 30 жылдық мерейтойы аясында Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» және Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» шығармалары желісімен сахналанды. Қоюшы режиссері –  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали. Сахналық нұсқасын жасаған – Мирас Әбіл.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қытайдың қол астындағы Шығыс Түркістан қазақтары сол елдің озбыр саясатына шыдамай, бас көтерді. Бір қауым ел, барлығы 18 мың адам отырған орындарын тастап, Үндістан жаққа үдері көшті. Такламакан шөлінен өтіп, Гималай тауын асты. Сол жолда қаншама қиындықтарды көрді. Қаншама жан құрбан болды. Ақыры елуінші жылдары Түркия мемлекеті Пәкістан және Үндістандағы қазақтарға көмек көрсетіп, өз елдеріңде қабылдау туралы арнайы құжат қабылдады. Бірақ Стамбулға ақыр аяғында 1400-ге жуық қазақ қана жетіп, бір-бірімен қауышты.

Қойылым осы қасіретті тарих туралы сыр шертеді. Онда бас­ты орын осы көшті бастаған Қалибек Райымбекұлына берілді. Оның бейнесін белгілі әртіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев сомдады. Жалпы спектакльге мықты актерлік құрам қатысты. Атап айтқанда, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұркен Өтеуіл, Айнұр Бермұхамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алтынай Нөгербек, театр мен киноның тамаша актері Ержан Нұрымбет, т.б. белгілі әртістер тартылды.

Қойылым лейтмотивіне Алмахан Кенжебекованың ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Түйелер» мен Ермұрат Зейіпханның туған жерге сағынышқа толы «Күнес-ай» әндері алынды. Осы музыка оқиғалар желісімен қабысып, сай-сүйекті сырқыратады.

Қазақтың әлемге тарыдай шашылуы да әдемі көрсетілген. Жалпы сәтті режиссерлік шешімдер жетерлік. Мәселен, осы көш барысында Қалибек Райымбекұлының қыздарынан айырылуы, ұлт болашағын тұспалдайтын бесіктің сахнаға шығарылуы сияқты көріністер бейжай қалдырмайды. Сахнадан осы көш барысында шейіт кеткендерге оқылатын дұға әсерді күшейте түседі. Жалпы спектакль мыңдаған құрбандар рухтарына тағзым іспеттес туынды.

«Алтайдан ауған елдің» Қаз КСР мен КСРО халық әртісі, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған ХХVІІІ республикалық театрлар фестивалінде үздік спектакль атануы тегін емес. Бұл туынды қазақтың қасіретті тарихын көркемдік шындықпен кестелеп, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге, патриоттық рухты сіңіруге, туған жердің қадірін сезінуге қызмет етеді.

Биыл осы спектакль Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, алдын ала іріктеуден өтіп, конкурстың келесі кезеңіне жіберілді. Ұлттық театрдың ұлттық қойылымы мемлекеттің жоғары марапатына әбден лайық деп есептейміз.

                                                                   Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button