Елордада балаларға арналған Президент шыршасы өтті
Астанада Президенттік орталығында елорданың бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шырша мерекесі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің және Астана қаласы әкімдігінің тапсырмасымен ұйымдастырылды.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен қаланың жас тұрғындарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, олардың дамуы мен табысқа жетуіне қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды.
«Құрметті достар, біздің жас таланттар! Жаңа жыл құтты болсын! Біз сіздердің әрқайсысыңыз өз таланаттарыңызды жүзеге асыруға, үйренуге, дамытуға және жаңа достар табуға мүмкіндік беретіндей жағдай жасауға тырысамыз. Осы мақсатта қаламызда жаңа мектептер, шығармашылық сарайлар, спорт алаңдары салынып, жаңа саябақтар мен скверлер бой көтеріп жатыр. Біз өскелең ұрпағымыздың, яғни өздеріңіз дені сау, білімді, ақылды болып өскенін қалаймыз. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін», – деді Есет Байкен.
Мерекелік іс-шараға 300 бала, оның ішінде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың өкілдері, мүмкіндігі шектеулі, ерекше білім беруді қажет ететін балалар, сондай-ақ мектепте, спортта, шығармашылықта және әлеуметтік салада жетістіктерге жеткен дарынды балалар қатысты.
«Жаңа жыл – әрбір бала өзін ерекше бақытты сезінетін уақыт. Бұл адами әрі ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиені ұштастырған тамаша бастама. Іс-шараның сценарийі балалардың талантын дамытуға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар оларға үлкенді сыйлау, өзгелерді құрметтеу сияқты маңызды өмірлік ұстанымдарды үйретеді», – деді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев.
Мерекелік бағдарлама мазмұнды әрі жан-жақты өтті. Қатысушылар үшін «Витебсктегі славян базары» халықаралық байқауларының жеңімпаздары мен «Голос» телешоуы, сондай-ақ танымал қазақ эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Жүргізушілер мен аниматорлар қазақ және әлемдік ертегілер кейіпкерлерінің киімдерін киіп өнер көрсетті.
Жаңа жыл қарсаңында аудан әкімдіктері де елорданың жас тұрғындарына арнап шырша мерекесін өткізеді.