Ақмолада құрылған дивизиялардың ақиқаты қандай?
Адамзат баласы тарихындағы ең ауқымды соғыс саналатын Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуына қазақстандықтардың қосқан үлесі туралы ой қозғағанда, әңгімемізді әуелі архив қорларында сақтаулы тарихи құжаттар мен нақты дерек-дәйектерге сүйене отырып өрбітсек, айтар сөзіміз ақиқаттан алшақтамай, туралықтан тайсақтамай, көкейдегі көп сауалға жауап табылары анық.
Тарихи деректер тек Қазақстанның өзінен майданға шамамен жалпы 1300000 жауынгер аттанып, мұның жартысына жуығы туған жерге қайтып оралмағанын алға тартады. Жалпы қазақ даласында қанқұйлы соғыстың салқыны тимеген, зардабын тартпаған бірде-бір шаңырақ болмағанына халықтың жасампаз жады куә. Арада 80 жыл өтсе де, сұм соғыстың ызғары мен ащы кермегі әлі күнге дейін қоғамның өзегін мұздай қарып, рухын оттай лаулатады. Сол кезеңдегі алапат ауыртпалыққа бүгінгі ұрпақтың зердесімен қанша жерден тереңдеп үңілсек те, бұл буынның шеккен қасіреті мен мехнатын, мұң-мұқтажы мен қуанышын шынайы сезініп, олардың тап өзіндей түсініп-пайымдай алмасымыз тағы шындық. Сондықтан Ұлы Жеңістің 80 жылдығына көп мерекелердің бірі ретінде деп қана қарамауымыз керек, кешегі қанды қырғынның адамзат баласына тигізген қасіретін еске алу, өткен тарихымызды жадымызда қайта жаңғырту арқылы қиын да күрделі кезеңнің өзінен болашақтың бағыт-бағдарына, ел мұраты жолындағы әрбір іс-әрекетімізге тағылым боларлық сабақ түюіміз, үлгі алуымыз маңызды.
Бұл ретте Астана қаласы Мемлекеттік архивінің қызметкерлері де қыруар жұмыс атқарып, соғыс кезінде Ақмола қаласында құрылған дивизиялар бойынша құжаттарды іздестіру ісін тиянақты жүргізіп келеді. Мысалы, 310, 387 және 29-бөлімдер туралы мәліметтер Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы орталық архиві қорынан табылғаны жұртшылыққа мәлім етілген еді. Бір өкініштісі, мұнда 106-Ақмола атты әскер дивизиясы құжаттарына қатысты деректер жоқ болып шықты, өйткені бұл дивизия жау қоршауында қалып қойғандықтан кейінгі тағдыры туралы нақты деректер табылмаған. Бұл бағыттағы іздестіру, зерттеу жұмыстары тоқтап қалған жоқ, әлі де көп жайттың анық-қанығына көз жеткізуге тура келеді. 106-кавалериялық дивизия туралы ақпарат жинау барысында архив қызметкерлері үндеуіне орай осы дивизияның жауынгері Қайырбек Қапажановтың қызы Баткен Қайырбекқызы хабарласып, қолда бар құнды құжаттарды түгелдей әкеліп, мемлекеттік архив қорына тапсырды. Іздестіру, зерттеу жұмыстары нәтижесінде 106-кавалериялық дивизияның 1942 жылдың маусымында із-түзсіз кеткен аға саяси жетекшісі Сағадат Құлмағамбетовтің тағдырына қатысты біраз мағлұмат алынды.
Нақты дерекке сүйенсек, майданға дейін арнайы жауынгерлік дайындықтан өткен дивизия 1941 жылы 6 қарашада Ақмоладан аттанып, Пенза облысының Беково ауданына жеткізіледі. Сол жерде 61-армия құрамына енгізіліп, одан кейін Батыс майданы сапында Мичурин қаласының аудандарына жөнелтіледі
Мұның тағы бір біз үшін айрықша мәнге ие болу себебі, Ақмола топырағында құрылып, құрамына Ақмола, Қарағанды, Көкшетау, Семей, Солтүстік Қазақстан сияқты бірнеше облыстан арнайы іріктеуден өткен азаматтардың енуі еді. Алғашында дивизия командирі болып майор Михаил Панков есімді азамат тағайындалса, кейін ол басқа бөлімге ауыстырылып, бұрын әскери саяси қызметте болған, 1939 жылдан бастап Қазақстанның жеңіл және тамақ өнеркәсібі халық комиссары қызметін атқарған ақмолалық Нұрқан Сейітов тағайындалғаны, ал 106-атты әскер дивизиясының саяси бөлімін сол кездегі Ақмола облыстық партия комитетінің хатшысы Сағадат Құлмағамбетов басқарғаны нақтыланып отыр.
106-атты әскер дивизия туралы ресми деректер табылмағандықтан, күні кешеге дейін олардың есімі тасада қалып, соғысқа қатысқаны туралы деректер жоққа шығарылып келген болатын. Кейінгі іздестірулер нәтижесінде табылған архив құжаттары дивизияда аттылы 4092 адамның, оларда бар-жоғы 102 винтовка, 68 миномет пен 3100 қылыш болғанын растады. Қарап тұрсаңыз, қазақтың аттылы сарбаздары жаудың танкілері мен пулеметтеріне қарсы шабуылдап, көзсіз ерлікке барған. Неміс әскері оларды ылдиға қарай ығыстырып, сайдың түбіне жиналған сәтінде үстінен оқты қарша боратып, шарасыз халге түсірген. Харьковтың Красноград ауданына қарасты елді мекендер мен бауырластар зираттарына зерттеу жүргізу кезінде 200-ден аса атты сарбаз есімінің жаңғыртылуы Екінші дүниежүзілік соғыстың «ақтаңдақ» беттерін ашудағы айтулы оқиға саналады.
Ақмола қаласы аумағында 1941 жылы тамызда 387-атқыштар дивизиясын құру туралы бұйрық шығарылып, дивизияның 5 қарашада толық жасақталып біткені, оның құрамындағы жауынгерлердің басым бөлігі Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай сияқты солтүстік өңірлерден жасақталғаны, қорымыздың Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты тарихи құжаттармен толыға түсуіне, зерттеу жұмыстары аясының кеңейіп, мұрағат саласы қызметкерлерінің іс-тәжірибесін жаңаша қалыптастыруға ықпал еткені рас. Бұл дивизияның ерекшелігі, оған 36 мен 40 жас шамасындағы әскери борышын өтеп келгендер алынды. Олардың 60 пайызы аумақтық бөлімшелерде қызмет атқарып жүргендер мен жалпыға бірдей міндетті әскери дайындықтан өткен сарбаздар десек, қатардағы құрамның 60 пайызы Азамат соғысына қатысқандар еді, яғни 1898-1899 жылы туғандар болатын.
Орта командалық құрам да соған сәйкес іріктелген, осал жандар емес еді. Кадрлық командирлер мен әскери оқу орындарын бітіргендер, яғни басым көпшілігі Алматы атқыштар училищесінде оқыған лейтенанттар, командалық құрамның біліктілігін арттыру курстарынан өткен лейтенанттар еді.
Нақты дерекке сүйенсек, майданға дейін арнайы жауынгерлік дайындықтан өткен дивизия 1941 жылы 6 қарашада Ақмоладан аттанып, Пенза облысының Беково ауданына жеткізіледі. Сол жерде 61-армия құрамына енгізіліп, одан кейін Батыс майданы сапында Мичурин қаласының аудандарына жөнелтіледі.
Қазақстандық дивизия 1942 жылдың басында Сталинград майданында Паулюс армиясын қоршаудан шығаруға көмекке келген генерал-фельдмаршал Эдуард фон Манштейн басқарған «Дон» тобын талқандауға қатысады. Сонымен қатар даңқты дивизияның Новочеркасск, Севастополь, Қырым қалаларын азат етудегі ұшан-теңіз ерлігі тарихи құжаттарда сайрап тұр. Тағы бір маңызды дерек – 1944 жылы 24 сәуірде Перекоп шетіндегі шабуыл операциясына сәтті қатысқаны үшін Жоғарғы Бас қолбасшының №0102 бұйрығымен «Перекоп 387-атқыштар дивизиясы» атағына ие болуы еді.
Ақмолада 1941 жылдың 15 желтоқсанында құрылған 29-атқыштар дивизиясы туралы да архив деректері бірнеше маңызды мағлұматты алға тартады. 1942 жылы сәуір айының басында 29-дивизияның бөлімдері Тула облысына жөнелтіледі. Ал шілдеде Сталинград шайқасына қатысып, неміс әскеріне қарсы жойқын ұрыста, 1943 жылғы қаңтардың 10-ы мен 31-і аралығында 5200-ге жуық жаудың көзін жойып, 13 мыңға жуық неміс, румын әскері мен офицерін, соның ішінде екі генералды тұтқынға түсіреді. Сталинград үшін шайқаста көрсеткен ерен ерлігі үшін 29-атқыштар дивизиясы 72-гвардиялық атқыштар дивизиясы болып қайта құрылғаны тарихтың тағылымды беттерінде қаттаулы.
Қазақстандық дивизияның Курск доғасы, Харьков, Красноград, Кировоград қалалары үшін болған қиян-кескі шайқастардағы, сонымен қатар Румыния, Трансильвания, Венгрия, Австрия және Чехословакия елдерін немістерден азат етудегі есепсіз ерлікке толы жанқиярлығы халық жадынан ешқашан өшпек емес. Дивизияға Красноград қаласын азат етудегі ерлігін есте сақтау мақсатында Красноградская құрметті атағының берілуі, Кировоградты азат еткені үшін 1944 жылы қаңтарда Қызыл Ту орденіне ие болуы, дивизия құрамындағы 18 мыңнан астам офицер мен жауынгердің орден, медальдармен марапатталуы, 31-і Кеңес Одағының Батыры атануы, 2850 шақырымды басып өтіп, жаудан 721 елді мекенді, 13 ірі қаланы азат етуі айтқанға оңай болғанмен, сол жолдардың бұралаң-бұлтарысынан қаншама азапты жылдардың азынаған үні естіліп, есіл ерлердің тауқыметті тағдырын шертетін шежіре тұнып тұр.
Жалпы мұрағат қорында Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбын қамтитын архив материалдарын тізімдеу мен жинаудың өзіндік үлгісі қалыптасқан. Атап айтар болсақ, Сталинград шайқасына қатысушылар «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қатысушыларының жеке тектік құжаттар жинағы» архив қорының жеке тізіміне алынса, ал осы қанқасап жағдайды тікелей бастан кешкен жиырма майдангердің өмірбаяндық дерегінен жеке бөлім жасақталған болатын. Бұлардың арасында Ақмола қаласынан бір азамат, ал Ақмола облысынан бес жерлесіміз бар.
Мысалы, жеке тектік қорға енген майдангер, өлкетанушы Андрей Дубицкийдің қоры көп мағлұматқа қанықтырады. Әрі көпшілік тарапынан сұраныс көп. Мұның себебі де жоқ емес. Өйткені оның құжаттары ішінен 310 және 72-атқыштар дивизияларының ұрыс алаңындағы іс-қимылдары, Сталинград маңындағы сұрапыл шайқастың әрбір сәті, сол кезеңдердегі фотосуреттер, сондай-ақ соғыстан кейінгі жылдардағы Белая Церковь, Красноград, Сталинград, Волгоград қалаларында 72-нші (29-ыншы) гвардиялық дивизия ардагерлерінің кездесулері хақында баяндайтын қолжазбалар, повестер мен әңгімелер түріндегі естеліктер сияқты т. б. алуан сипатты құнды дүниелер ұшырасады.
Сондай жеке қорлардың ішінде соғыстан соң «Акмолинская правда», «Коммунизм нұры» және «Целинный край» басылымдарында, ал 1965-1990 жылдары Целиноград телеарнасында жауапты қызметтер атқарған ардагер-жазушы Қажымұрат Рахимовтың жеке қоры да көпшілікті бей-жай қалдырмайды. Ол соғыс тақырыбына көп қалам тербеді. Бұл айтқанымызға «Полк туы» повесі (1969 ж.), «Қызғалдақ» («Красный мак», 1972 ж.), «Жаңғырық» («Эхо», 1993 ж.) повестері мен әңгімелер жинағы жарқын дәлел болмақ.
Архив қоймасы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ақмолалықтардың тылдағы ерен еңбегі мен майдан даласындағы есепсіз ерлігі туралы деректер мен құнды құжаттардан кенде емес. Ақмола облысынан 9783 жауынгер соғысқа аттанса, олардың 7414-і туған жерге оралып, бейбіт өмірмен қайта қауышыпты. Ақмолалық жауынгерлердің арасынан 38 адам Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген екен. Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев сынды басқа да алып тұлғалардың архивтегі жеке қорларында сақталған құжаттар бүгінде тарихи құндылыққа баланып, ұлт болмысына тән өрлік пен батырлықтың дәстүрлі жалғасындай қымбат саналады. Арада 80 жыл өтсе де, майдан іздерінен әңгімеге арқау болар асылдарымыз бен ардақты тұлғаларымыз әлі де аз емес. Олардың бейбітшілік пен тыныштықты, азаттық пен теңдікті аңсаған биік мұраты мен асқақ рухы көңілімізден көшпейді, санамыздан өшпейді.
Жангелді БИМОЛДИН,
Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры