400 қоқыс орны тазартылды
Бас қалада стихиялық қоқыс орындарымен жүйелі күрес жүріп жатыр. Жыл басынан бері елорда аудандарынан рұқсат етілмеген 415 қоқыс орны анықталды. Олардан 200 мың тонна қоқыс полигондарға шығарылды.
Қаланың барлық аумағында рұқсат етілмеген үйінділердің болуына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Тәртіп бұзушылардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Алматы және Сарайшық аудандарында анықталған 115 учаскенің барлығы жойылып, 58,5 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды (8 мыңға жуық рейс). Байқоңыр ауданында 67 учаске жойылып, одан 10 мың тонна қоқыс шығарылды. Есіл ауданында 55 қоқыс орны жойылып, 35 мың тоннадан астам қоқыс полигонға жөнелтілді. Сарыарқа ауданында 43 стихиялық қоқыс орны тазартылып, 37 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Жұмыс жалғасуда. Нұра ауданынан жойылған 135 орыннан 40 мың тонна қоқыс шығарылды.
iKomek арқылы құрылыс алаңдарынан шығару және рұқсат етілмеген орындарға қалдықтарды түсіру фактілері анықталып, құқық қорғау органдарымен бірлесіп рейдтер жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері рұқсат етілмеген орындарға қоқыс шығарғаны үшін 400-ге жуық жүк көлігінің жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 8 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 20 мыңнан астам құқық бұзушыға 58 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қоғамдық орындарды ластағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша 15 мыңға жуық құқық бұзуға 273 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз қоқыстарды жою жұмыстары жалғасуда. Бұл жаңа ошақтардың пайда болуының алдын алу үшін де маңызды.
Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясы өтіп жатыр. Экологиялық акция аясында қалада нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазалау, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық орындар мен аулаларды тазалау жұмысы жүргізілуде.