Ел тынысы

Мәжіліс 37 заң қабылдады

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осы жылдың соңғы жалпы отырысында Палатаның жұмысын қорытындылады.

«Бүгін біз жылдың қорытынды жалпы отырысын өткіздік. 2024 жыл еліміз үшін өзгеріске толы, мазмұнды кезеңге айналды. Халықаралық және жалпы­ұлттық сипаттағы көптеген маңызды саяси оқиға болды. Біз әлемдік диалогтың геосаяси орталығына айналып, өзімізді жаһандық саяси процестердің маңызды қатысушысы ретінде көрсете алдық. Еліміз бірнеше беделді халықаралық ұйымға лайықты деңгейде төрағалық етті. Нәтижесінде халықаралық сарапшылар Қазақстанға «өңірде адалдықпен келіссөз жүргізуші» деген баға берді. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ресми іссапарлары да үлкен рөл атқарғанын айта кету керек. Мұндай іс-шаралар мен іссапарлар ел мүддесіне қызмет етіп, мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың әл-ауқатының артуына зор септігін тигізері анық» деді Е.Қошанов.

Оның айтуынша, осы жылы елдің саяси жүйесінің жалпы сипатын өзгерту жалғасын тапты.

«Биыл өткен референдум нәтижесі мен елдің энергетикалық тәуелсіздігі жолындағы халықтың тарихи шешімі ұлтымыздың ұйысуы мен қоғам белсенділігінің жарқын үлгісі болды. Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен алғаш рет мәслихаттардың республикалық форумы өтті. Жиын маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауға бүкіл Қазақстан қоғамын жұмылдырудың тағы бір тиімді тетігіне айналды. Ауқымды іс-шара саяси партиялардан, бір мандатты округтерден сайланған мәслихат депутаттарын, сондай-ақ Үкімет мүшелерін алғаш рет бір алаңда тоғыстырды. Оны орталықтан өңірлерге дейінгі биліктің барлық тармағы арасындағы жалпыхалықтық диалогтың жаңа форматы деп атауға болады» деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар ол 2024 жыл Парламент Мәжілісі үшін де нәтижелі болғанын атап өтті. Жыл басынан бері Палата Мемлекет басшысының Жолдауларында, сайлауалды бағдарламасында, Ұлттық құрылтайда берілген тапсыр­маларын орындау үшін бірқатар маңызды заң қабылдады.

«Әріптестер, осы сессия басталғалы Палатаның қарауында 106 заң жобасы болды. Оның ішінде 37 заңды қабылдадық. 19-ына Президент қол қойды. Жалпы алғанда, депутаттар тарапынан биыл елеулі жұмыс атқарылды. Келер жылы да осы қарқынды сақтауымыз қажет. Ең бастысы, халқымыздың әл-ауқатын арттыру және Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы әрдайым басты назарда болуға тиіс. Жуырда біз өңірлерге іссапарға шығамыз. Басты мақсат – жергілікті жерлердегі сайлаушыларға қабылданған заңдардың мән-маңызын, істеліп жатқан жұмыстардың жай-жапсарын жеткізу. Сонымен бірге олардың өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқанына көз жеткізіп қайтуымыз керек. Алыс ауылдарға, еңбек ұжымдарына барып, елді толғандырып жүрген проблемаларды біліп, әдеттегідей, оларды Үкімет назарына жеткізуге тиіспіз» деді Ерлан Қошанов.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button