Мәдениет

«Гауһартастың» 250-інші көрсетілімі

Кеше Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры  көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасының 250-інші көрсетілімін көрермен назарына ұсынды. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. 

Бұл қойылым Қазақстан мен Еуразияның театр кеңістігінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Әр көрсетілімі аншлагпен өтіп, бүгінгі таңға дейін 100 мыңнан астам көрер­мен тамашалады. Спектакль елордамыздан бөлек Алматы, Ақтау, Атырау, Орал, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Өскемен, Семей және Жаңаөзен  қалаларында, сонымен бірге Баянауыл, Ойыл, Сырым, Қаратөбе аудандарында, Астана қаласының Мәскеудегі мәдениет күндері аясында Мәскеу мемлекеттік «Драма өнерінің мектебі» театрында көрсетілді.

Бұл музыкалық драма «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының «Театр өнері» номинациясы бойынша «Үздік спектакль» атанды. Салтанат бейнесін сомдағаны үшін театр актрисасы Инабат Ризабекова республикалық «Сыншылар жүлдесі – 2023» марапаттау кешінде «Жыл актрисасы -2023» жүлдесіне ие болды.  Қазақстанның өнер, мәдениет және спорт саласындағы үздіктерге берілетін «Qazaqstan Ticketon Awards – 2024» сыйлығы – Мемлекеттік театрлар арасында «Гауһартас» қойылымын халықтың дауыс беруі нәтижесі бойынша «Жыл спектаклі»  деп танылып, «ТИКЕТОН – 2024» сыйлығының жеңімпазы атанды. Драмада көрініс беретін «Құдаша» әні мен биі санаулы сағатта әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинап, жастар арасында трендке айналды. Тіпті, Қытай, Түркия, Ресей еліндегі жастардың бейнежазбасы да кеңінен тарады. Жалпы 1967 жылы жазылған Д.Исабеков­тің «Гауһартас» повесінде көтерілген тақырыптар бүгін де өзекті болып қалып отыр.

Қойылым отбасылық құндылықтардың мәнін ашады, сонымен қатар әйелді құрметтеудің маңыздылығын көрсетеді.

Қазақстанның театр әлемінде тұңғыш рет сахналанған «Гауһартас» музыкалық драмасы – көрерменнің жүрек қылын шертіп, ой-армандарын асқақтатып, санасына серпін беріп, жігерін қайрап, ішкі мәдениеті мен рухани жан-дүниесін байытып, елдік сезімі биік ұлағатты ұрпақты тәрбиелеу жолында елеулі үлес қосуды мұрат тұтады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button