Басты ақпаратҚоғам

Бағдарламалар баянды болсын десек…

Мемлекеттік басқару органдарында түрлі қызмет атқарған, Парламент Сенатының VІІ шақырылымында депутат болған, ғалым Еділ МАМЫТБЕКОВТЕН сұхбат алдық.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында мемлекеттік басқару мен кадр саясатын басты мәселе ретінде белгіледі. Мұның себебі неде?

– Өркениетті елдерде мемлекеттік қызмет саласын реформалау тұрақты сипатқа ие. Яғни әкімшілік және мемлекеттік реформалардың негізі ретінде қарастырады. Әлемде үздік басқару жүйесі бар елдердің рейтингісінде Дания, Финляндия, Норвегия, Швеция, Жаңа Зеландия, Нидерланды және Швейцария көш бастайды десек, ондағы халықтың өмір сүру деңгейі жоғары. Мұның бәрі мемлекеттік қызмет саласының сапасына тікелей байланысты.

Ескі Қазақстан тұсында өзіне сеніп тапсырған саладағы олқылықтар үшін жауап бермейтін, орталықтағы топ-
менеджерлік қызметінде кем­шілік болса, өңірлердің тетігін ұстап, ондағы қызметін өз деңгейінде атқара алмаса, қайтадан орталық органдарда басшы болып, ақыр аяғы тергеуге түсіп, елден қашып кеткендерді көз көрді. Мұның салқынын әлі сезініп келеміз.

Қазір «менеджер» басшылар саусақпен санарлықтай ғана. Олардың өзін «уақытша жұмысшы психологиясы» бар топ-менеджерлер деуге болады. Бұл ведомстволық және өңірлік деңгейде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби сапасының төмендеуіне әкелді.

Рас, қазір орталық және жергілікті атқарушы органда кәсіби кадрларға сұраныс артты. Осыны сезінген мемлекет кадрлық реформаны жүргізіп, «кадрлық резерв» арқылы мәселені шешуге бел буды. Бұған практикалық және өмірлік тәжірибесі аз «Болашақ» бағдарламасының түлектері тартылды. Бұл бастама сәтті болды дей алмаймыз.

Қазір жақсы мамандар мемлекеттік қызмет саласынан кетуде. Саланы ілгерілетуге жауапты басшылар өзі басқаратын бағытты терең білмейді. Бұл «командалық тәсіл» сияқты басқару тәсілі пайда болған кезден қалыптасты.

Адамдардың қызметтік баспалдақпен өсуінде «командаға адалдық» пен «саяси байланыс» негізгі мәнге ие. Соның салдарынан өз лауазымына сай келмейтін шенеуніктер армиясы қалыптасып, өңірлердің, қала берді, тұтас елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсер етті. Мұның залалын қарапайым халық әлі күнге дейін сезініп келеді.

– Мәселені шешу жолын қалай бағамдайсыз?

– Басшылардың тиісті саланың жүгін көтеретін жауапкершілігіне, өз бетінше шешім қабылдай білетін лидерлік қасиетіне баса мән берген дұрыс. Яғни кадрдың біліміне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби шеберлігіне, азаматтық қабілет-қасиетіне, шешім шығару дағдысын есепке алу керек. Ескі Қазақстан іске асырған реформалар кезеңінде кеткен қателіктерден сақтануға тиіспіз.

Тек жас кадрлар арқылы міндеттерді шешу қиын. Еңбек заңнамасына зейнеткерлік жастағы адамдарға ерікті зейнетке шығуды таңдау құқығын беретін норманы енгізген абзал. Әсіресе мемлекеттік қызмет саласында табысты еңбек еткен тәжірибелі тұлғаларға осы норманың сақталғаны дұрыс. Сонда тәлімгерлік институты жас мамандардың игілігіне жұмыс істер еді.

– Тәуелсіздік пен нарықтық реформалардың қиын жылдарында Қазақстанның ғылымы мен адами капиталы, өкінішке қарай, ұзақ уақыт керексіз болды. Ғылымсыз өркендеудің жолын табу мүмкін емес деген түсінік енді қалыптаса бастады. Ғалым ретінде айтыңызшы, ғылымды дамытудың, мықты инженерлерді дайындаудың жолы қандай?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Білім және ғылым министрлігі екі мамандандырылған ведомствоға бөлінді. Сөйтіп, білімнің де, ғылымның да алдына жаңа міндеттер қойылды. Ең бастысы, Президент инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөліп, шетелдің үздік техникалық университеттерінің филиалын ашуды тапсырды.

Елдің индустриалды-инновациялық бағытта дамуында инженерлік-техникалық кадрлардың білім-білігі мен қабілет-қарымына байланыс­ты. Болашақ инженер-техник кадрларды даярлау мектептен басталуы керек.

Озық елдерде білім мен ғылым зияткерлік әлеуетті қалыптастырудың негізі болып табылады. Одан зияткерлік капитал алынады.

Ғылымды дамытуда жүйелі қозғалыс, тың көзқарас керек. Меніңше, орта білім беру жүйе­сі – білім беруі керек, жоғары білім беру жүйесі – ел экономи­касына қызмет көрсетіп, кадр­лар даярлауы керек, ғылым – ғылыми-техникалық прогресті қамтамасыз етуі керек. Өкінішке қарай, қазір тиісті басшылар мұны әлі толық түсінбейді, ал шенеуніктердің ақылға қонымсыз эксперименттік реформасы саланы дамытудың орнына тығырыққа тіреді.

Нарықта сұранысы жоғары мамандықтарға білікті кадр дайындайтын бұрынғы тиімді жүйе күйреді. Ал ғылым, әсіресе іргелі ғылым инновациялық негізде өндірісті әртараптандыруды жеделдететін драйверге айналған жоқ.

Біздің елде өзіндік бірегей жаңалығымен аты шыққан ғалымдар бар. Бірақ олардың патенттік өніміне, ғылыми жа­ңалығына сұраныс жоқ, сосын шетелдің компаниялары сатып алады. Сонымен бірге кейбір ғалымдарымыз шетел асуда. Ғылымды комерцияламай, ғылымды жетілдіру қиын.

– Еділ Құламқадырұлы, ғылымның қоғам дамуындағы мызғымас рөлін қашан, қалай түсінеміз?

– Кеңестік кезеңде үш ғылыми сала – академиялық, өндірістік және университеттік ғылым бір-бірімен үйлесіп, бірін-бірі толықтырып отырды. Бұл өз кезегінде экономиканың барлық саласының ілгерілеуіне оң әсер етті. Осыдан айырылып, ғылымды дамытудың стратегиясы мен тактикасын біртұтас басқаруды жүйелей алмай келеміз. Соның салдарынан ғылыми институттар мен зертханалар өз бетімен өмір сүруде.

Проблемаларды шешудің нақты қадамын былай түйіндеймін:

Біріншіден, ғылыми өмірге ғылыми күштерді өндірістік процестерге белсенді және жемісті тарту механизмін енгізу керек деп есептеймін. Бұл жерде ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ, өйткені, әлемдік тәжірибеде ғылымды өндіріспен біріктірудің ұқсас механизмі бұрыннан әзірленген және сәтті қолданылады. Бұл – Ұлттық инновациялық жүйе (ҰИЖ).

Қазақстанның 2003-2015 жылға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы мемлекеттің экономикалық саясатын қалыптастыра отырып, ел экономикасының шикізаттық даму бағытынан арылып, өңдеуші өнеркәсіптерді дамыту жолымен экономика саласын диверсификациялау жолымен тұрақты даму жолына қол жеткізуді көздеді. Бұл жоба ғылым мен инновацияны өндіріспен байланыстырып, экономиканы әртараптандыруы керек еді. Бірақ мақсат толық орындалмады.

Одан кейін де экономиканы әртараптандырып, орта және шағын бизнес саласын ілгерілетуге арналған талай бағдарлама қабылданғанымен, сәтсіз аяқталды. Неге десеңіз, ғылыми негізі әлсіз, тек қаржыны мақсатсыз игеру жағы басым болды.

– Бір мақалаңызда өңірлердің проблемасын шешу Астанадан басталады дедіңіз. Мұны қалай түсіндіріп бересіз?

– Соңғы бес-алты жылда мен еліміздің көптеген аймақтарын аралап шықтым. Бірінші кезекте халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатының жағдайы көзге қатты түседі. Егер сіз әлемдегі ең бай елдердің шикізат ресурсының мүмкіндігін ескерсеңіз, біздің елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай соларға жақын болуы керек екенін түсінесіз. Үкімет пен әкімдердің есептері мен өңірлердегі нақты көрініс арасындағы айырмашылығы жер мен көктей. Мұның себебі неде?

Өтпелі кезеңдерде көптеген ресми құжаттар қабылданды. 2010 жылға дейінгі өңірлік саясаттың екі тұжырымдамасы (өңірлік тәсіл) және 2002-2006 жылға арналған (салалық тәсіл), Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы, 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясы және Стратегия­лық жоспар – 2020 (Өндіргіш күштерді дамыту және орналастыру схемасының картасы бойынша индустрияландыру орталықтарын құру), Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылға арналған бағдарламасы, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы, Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы және тағы басқа көптеген жобалар мен салалық бағдарламалар, жергілікті атқарушы органдардың жобалары қабылданды.

Бүгінде қабылданған құжаттарда белгіленген мақсаттың ешқайсысына толық қол жеткізе алмадық. Нәтижесінде ­Қазақ­стан өңірлерін экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша теңестіру шешілмеді.

Өңірлердің даму деңгейін теңестіру және Қазақстандағы халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі сәтсіздіктің себебі мынада:

Біріншіден, сыбайлас жемқорлық және тиімсіз басқару, яғни ашықтық пен жариялықтың жеткілікті деңгейде болмауынан қаражат көп жағдайда мақсатсыз пайдаланылды.

Екіншіден, табиғи ресурстар әлеуетінің біркелкі бөлінбеуі және тиісінше экономикалық дамудың тең емес деңгейі «әлсіз өңірлердің» мемлекеттік дотациялық саясатына тұрақты тәуелділігіне алып келіп, дербес табысты даму үшін салауатты ынталандыруды тудырмады.

Үшіншіден, ұлттық және өңірлік бағдарламалар аймақтардың нақты қажеттілік пен мүмкіндіктері ескерілмегендіктен түпкі мақсатқа жету қиындады.

Төртіншіден, өңір әкімдері мен министрлер әртүрлі мемлекеттің өкілі ретінде жұмыс істейді. Бұл өңірлік жобалардың жалпыұлттық стратегияға сәйкес келмеуіне әкелді. Сосын жергілікті жерлерде бағдарламалардың іске асырылу барысын бақылау төмен болып, шешім қабылдауда азаматтық қоғамды араластыру төмен деңгейде өрбіді.

Бесіншіден, әкімдіктер мен министрліктер арасындағы ортақ деректер мен нақты статистиканың жетіспеушілігіне байланысты бірыңғай ақпараттық база құрылмай, деректер әртүрлі сипатқа ие болды. Бұл бағдарламаларды тиімді жоспарлауға және іске асыруға кедергі келтірді, әсіресе тиісті қаражат бөлу туралы сөз болғанда.

– Өңірлер арасында экономикалық алшақтық көп дейсіз. Шынында солай ма?

– Дұрыс айтасыз, Қазақстан өңірлері арасындағы алшақтық жылдан-жылға қысқарудың орнына, 1999 жылы 6,6 еседен 2022 жылы 12 есеге дейін өсу үдерісіне ие. Егер 2012 жылы халықтың жан басына шаққандағы орташа ақшалай кіріс деңгейі бойынша алшақтық 3,8 есеге жетсе, 2022 жылы 4,13 есеге өсті.

Жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыс пен күнкөріс деңгейінің арақатынасы тұтыну шығындарын жабу үшін халық табысының жеткіліктілік дәрежесін бағалауға мүмкіндік береді. Осы арақатынас бойынша алшақтық азайып бара жатқанына қарамастан, жекелеген жылдары бірқатар өңірлердегі (Алматы, Жамбыл және Түркістан облысы) кірістер тіпті ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпеген еді. Сонымен қатар, кейбір өңірлерде (Атырау, Маңғыстау облыстары, Астана, Алматы және Шымкент қалалары) кіріс­тер күнкөріс деңгейінен үш еседен асып түсті.

– Мұның негізгі себебі неде? Тарқатып түсіндіріп берсеңіз.

– Қазақстанда өңірлердің экономикалық даму деңгейлерін теңестіру үшін алғышарт жасалмағанын атап өтуге болады. Өңірлік саясатты жүргізу шеңберінде қабылданатын тұжырымдамалық және бағдарламалық құжатта өңірлердің экономикалық және әлеуметтік даму деңгейін теңестірудің нақты тетігі мен құралын әзірлеу бойынша өзекті міндеттер жоқ. Бұл жағдайда жалпы аймақтық саясаттың тиімділігі туралы айтудың қажеті жоқ. Тиімсіз аймақтық саясаттың салдары, бір жағынан, әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкелуі мүмкін. Халық реформалардың игілігін көрмесе, бұл наразылықтың өсу детонаторы болады. Адамдар өздерін назардан тыс қалып, әділетсіздік күйін сезінуі мүмкін.

Екінші жағынан, көші-қонды күшейту мәселесі туындайды. Халық жақсы мүмкіндікке қол жеткізу мақсатында дамыған аймақтарға немесе тіпті шет елдерге көшуге ұмтылады, бұл теңгерімсіздікті күшейтеді және кейбір аймақтарда қосымша проблемалар туындайды.

Үшіншіден, инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы және өмір сүру деңгейінің төмендеуі еңбек өнімділігінің өсуіне ынталандыруды айтарлықтай төмендетіп, әлеуетті инвесторларды үркітуі мүмкін. Мұның бәрі экономикаға кері әсер ететіні сөзсіз.

Сұхбаттасқан

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button