Отанға қызмет еткен
Кеше Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери-тарихи мұражайында әділет генерал-майоры, профессор Рүстем Қайдаров туралы «Отанға қызмет етуге арналған ғұмыр» атты ерлік сабағы мен еске алу кеші өтті.
Ең әуелі мемлекеттік гимнмен басталған іс-шараға Қорғаныс саласының, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері және әскери оқушылар қатысты.
Қатысушылар Рүстем Есімханұлының жүріп өткен жолы, әскери өмірдің айнасына айналғысы келген әрбір жанға айнымас үлгі екенін айтып, жылы-жылы естеліктерімен бөлісті.
– Біз бүгін «Парасат», «Құрмет», «Достық жұлдызы», «Отанға қызметі үшін», «Еңбегі үшін» орден-медальдерімен және Қазақстан, Ресей, Украина елдерінің отыздан астам медалімен марапатталған, қазақтың батыр ұлы Рүстем Есімханұлын еске алуға жиналып отырмыз. Шын мәнінде ол кісінің істеген істері орасан зор. Ол кісі «Генералдар кеңесінің» негізін қалап, оны өзі он тоғыз жыл бойы басқарды. Сол кісінің арқасында ол жолбасшы ұйым болды десек қателеспейміз. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының дербестігін нығайту жолында қарулы күштер мен құқық қорғау саласындағы және арнаулы әскери қызметкерлердің құқықтарын қорғау жолында аянбай еңбек етті. Жалпы еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында оның төккен тері мен еткен еңбегі зор. Оны біз әрқашанда мақтанышпен еске аламыз. Бүгінгі жастарымыз оның осы бір асыл қасиеттерінен үйреніп, отанға, елге қызмет етуі тиіс. Сондықтан да бүгінгі іс-шараға жастарды көптеп шақырдық, – дейді «Генералдар кеңесі» РҚБ Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Өміртай Битимов.
Іс-шара барысында сөз ұсынылған түрлі дәрежедегі әскери қызметкерлер, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің ардагерлері мен ішкі істер министрлігінің өкілдері сөз сөйлеп, Рүстем Қайдаровтың өзі кетсе де, істеген ісі мәңгілік ұрпаққа мұра екенін айтып дәріптесті. Соңында барлығы естелік суретке түсіп тарқасты.
Шапағат Әбдір