Кешегі күндер куәсі
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында елімізде алғаш арнайы жасақ бөлімшесінің негізін қалаушы және алғашқы командирі, ҚР ІІМ Еңбек сіңірген қызметкері және ҚР Құрметті ардагері, спорттың қоян-қолтық жекпе-жек түрінен әлем чемпионы, отставкадағы полиция полковнигі Даулет Темірхановтың «Бүгілмес болат, сынбас семсер» кітабының тұсаукесері өтті.
Деректі детектив желісінде жазылған, үш бөлімнен тұратын кітапта 1990 жылдардағы кепілге алынғандарды босату, қарулы қылмыскерлер мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды ұстау және жою, қоғамға қауіп төндірген экстремизм мен терроризм актілерін оқшаулау, т.б. арнайы жасақтың ерен еңбегі мен ерлік істері баяндалған. Сонымен қатар, автор өз кәсіби және өмірлік жолы туралы да тоқталып, болашақ ұрпақ үшін адалдық пен патриоттық рухтың маңыздылығын ерекше атап өтеді.
– Кітапта жайшылықта айтыла бермейтін, өте күрделі де қауіпті операциялар туралы баяндалған. Олардың ішінде «баронның оқиғасы», кепілге алынған адамдарды босату, экстремистермен болған қақтығыстар, 2011 жылғы оқиғалар және басқа детективке бергісіз операциялар бар. Бұл оқиғалар Дәукеңнің өз қызмет жолында қаншалықты жауапты, қатерлі сәттерді басынан өткергенін көрсетеді. Дәукең командир болған уақыт ішінде «Арлан» арнайы жасағы 1242 шұғыл тапсырмаға шығып, сан түрлі қауіп-қатермен бетпе-бет келген екен. Сол барыста 13 әріптесінің қаза табуы Дәукеңнің жүрегінде жазылмас жара болып қалса керек, сол әріптестерінің де атын кітапқа енгізіп, олардың рухына тағзым етуі де автордың асқақ адамгершілгін айғақтаса керек, – деді белгілі мемлекет қайраткері Әлихан Бәйменов кітап жайлы тоқталғанда.
Дәулет Әмірханұлы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Еңбек сіңірген қызметкері» және «Құрметті ардагері». Сонымен қатар, «ҚР Құрметті спорт қызметкері», «ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері». Ол 2023 жылы қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы болып, «4-дан, Қара белбеу» және Әлем кубогының жеңімпазы атанды.
Қалиақбар Үсемханұлы