Түркі жұртына ортақ қазына
Мемлекеттік сыйлыққа әдебиет саласы бойынша ұсынылған шығармалар ішінде әдеби сынға арналған дара еңбек – көрнекті ғалым, сыншы, қаламгер, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Сәрсенұлы Ергөбектің қазақ балалар әдебиетінің мәселелерін талдауға, толғауға арналған «Адамның бір қызығы бала деген…» кітабы бар.
Егер осы мәртебелі сыйлық тарихына зер салсақ, 1968 жылдан бері беріліп келе жатқан осынау Қазақстан мемлекеттік сыйлығын алғандар қатарында Мұхамеджан Қаратаев, Рымғали Нұрғали, Шериаздан Елеукенов, Зейнолла Серікқалиұлы, Мырзатай Жолдасбеков сынды әйгілі ғалым әдебиет сыншыларының еңбектері бар. Бұл жолғы ерекшелік – мемлекеттік сыйлыққа тұңғыш рет қазақ балалар әдебиетіне арналған еңбек ұсынылып отыр.
Қазақ балалар әдебиеті – қазақ әдебиетінің өзіндік қалыптасу, өсу, өркендеу жолы бар, іргелі, жемісті сала. Балалар әдебиеті – әдебиет зерттеушілерінің жіті мән беруіне сұранатын ереше жеке арна. Ол әдебиет зерттеушілерінің назарынан тыс қалған емес, оқулықтар жазылды, хрестоматиялар құрастырылды, диссертациялар қорғалып келеді. Жанды құбылыс ретінде қазақ балалар әдебиетінің де әрдайым зер сала зерттейтін мәселелері жетерлік. Құлбек Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген…» кітабы осы толғаулы мәселелер туралы.
Ғалым-зерттеуші Қ.Ергөбек – көпшілік сыншылар бара бермеген балалар әдебиетін зерделеумен ұдайы айналысып келе жатқан қаламгер. Ол – талайдан төселген, өзі зерттеу нысанына алған мәселесін кеңінен таратып, тереңдете талдап, орынды сын, орайлы пікір айтып жүрген және әділін айтып келе жатқан айтулы сыншы. Балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің талайлы өмір жолын, шығармашылық еңбектерін тиянақты талдап, таныстырды, олардың әрқайсысының қаламгерлік ерекшеліктеріне тоқталып, еңбектеріне әділ баға берді, осылай қазақ балалар әдебиеті сынының дамуына елу жылдай елеулі үлес қосып келеді.
Кеңес дәуірінде қазақ балалар әдебиеті туысқан әзербайжан, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, татар, түрікпен және басқа да ағайын халықтар әдебиетінің озық шығармалары қазақ тіліне аударылуымен де толыға түсті. Осы қазынаны және кезінде өзінің одақтық «Детская литература» журналы редакциясының алқа мүшесі ретіндегі мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, Қ.Ергөбек «Адамның бір қызығы бала деген…» елеулі еңбегінде қазақ балалар әдебиетінің тарихын түркі халықтары әдебиетімен байланыстыра, салыстыра баяндайды, әдебиеттің осы бір ерекше саласының талай жетістіктіктерін, олқылықтарын білгірлікпен саралайды, өзекті мәселелерге тоқталып, тұшымды пікірлерін ортаға салады. Қазақ әдебиетінің мәселелерін түркі жұрты руханиятымен ұштастыра саралап талдау – ұстазы көрнекті түркітанушы ғалым Бейсенбай Кенжебаевтан алған және өзі ұдайы жалғастырып келе жатқан тәлімі. Осы күні түркі әлемі өзара ықпалдасуға, жақындаса түсуге, бірін-бірі тануға бет алған кезеңде Құлбектің бұл еңбегінің бір ерекшелігі әрі құндылығы да осында!
Сондықтан да бұл кітап туысқан башқұрт, қырғыз, өзбек, татар тілдеріне аударылып басылды, әдебиетшілер тарапынан жоғары баға алды. Өзбек балалар әдебиеті сыншысы Қозақбай Юлдашев, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркайл Зайдулла, башқұрт әдебиет сыншысы, академик Мирас Иделбаев, қырғыз әдебиет сыншысы Жылдыз Бакашова және басқалар Құлбек бауырларын Орталық Азияның аса көрнекті ғалым-сыншысы, түркі жұрты руханиятының білгірі, қазақ балалар әдебиетін түркі халықтары әдебиетімен, атап айтқанда, алтай, әзербайжан, башқұрт, қырғыз, өзбек, татар, шор, шуаш балалар әдебиетімен етене байланысты қарастыра зерттеген жан-жақты, өрелі, білімді әдеби сын еңбек, құбылыс деп бірауыздан аса жоғары бағалаған.
Құлбектің бұл елжандылығын Алматыдан Түркістанға әдейі қоныс аударып, әзірге 24 тілден тұратын 60 мыңнан астам кітап қоры бар әлемде жалғыз «Түркі тілдес халықтар әдебиеті кітапханасын», «Б.Кенжебайұлының түркітану музейін», «Б.Сәрсеновтің түркі халықтары өнер галереясын» тірнектеп жүріп, жинастырып ашуы, жеті том «Түркістан» жинағы сын еңбегін жазып шығаруы және түркі елдерінің көрнекті руханият қайраткерлерінің қатысумен тұсаукесер ұйымдастыруы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялаған бастамасына нақты іспен қосылған үлесі.
Қ.Ергөбектің кітабы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде автор қазіргі балалар ақындарының бесік жыры, жұмбақ, тақпақ сияқты түрлерін жазуда фольклордан үйреніс жолдарына үңіліп, оларды сыншыл тұрғыда сипаттайды, озық үлгілерін таңдап алып, байыпты талдау жасайды. Кітаптың екінші бөлімі балалар әдебиетіне елеулі үлес қосқан қаламгерлер Ө.Тұрманжанов, Қ.Әбдіқадыров, Б.Соқпақбаев, М.Әлімбаев, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Смақов, М.Жаманбалинов, Қ.Баянбаев, Н.Әлімқұлов, Ж.Кәрбозин, Т.Дәуренбеков, С.Әлімқұлов, М.Қаназ еңбектерінің тәлім-тәрбие берер шығармаларын талдауға арналған. Олардың балаларға арнап жазудағы өзіндік шығармашылық шеберлігін ашқан. Кітаптың «Балалар әдебиетінің бақшасында» деп аталатын үшінші бөлімінде балалар әдебиетінің өзекті мәселелері туралы толғайды. Қазақ балалар әдебиетінің қалыптасу, даму жолдарын саралайды, бүгінгі жай-күйін бағалай отырып, болашақ даму бағыттарын пайымдайды. Балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бала дүниетанымы мен психологиясына негізделген шығармашылық шеберлігіне талдау жасайды, жетістіктеріне тоқталып, олқы тұстарға да назар аударды.
Бұл ретте профессор сыншы Құлбек Ергөбек: «қазақ балалар прозасының дамуын біркелкі деп айта алмасақ керек. С.Бегалиннің «Сәтжан», «Шоқан», С.Мұқановтың «Бақташының баласы», М.Әуезовтің «Көксерегі», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы», С.Омаровтың жиырмасыншы жылдардың шындығын бала кейіпкер бейнесінде суреттеген әңгіме, повестері, сөз жоқ, балалар прозасының әр кезеңдегі, белеңді туындылары. Әрдайым жадымызда ұстайтын шығармалар» дей келе, «әрине, соңғы жылдарда жалпы қазақ балалар әдебиетінің еңсесі түсіп кетті. Ал қазақ балалар әдебиеті сыны да оның дамуына ықпал етерлік халде емес» деп қынжылады.
Сыншы Қ.Ергөбек қазақ балалар прозасының тіліне де арнайы тоқталады: «бірінші, тіл білмеуден, әйтпесе, күнделікті тіршілікте аз қолданылатын сөздерді іздене пайдалана алмаудан; екінші, сөздің мағынасына мән бермей қате қолданудан; үшінші, стильдік олақтықтан; төртінші, өмір көрінісін образбен жеткізем деген тілектен туған қойыртпақ қолданыстар бар болып шықты» деген қорытынды жасайды.
Қ.Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген…» кітабында шығармашылық өмір жолын талдаған қаламгерлердің бірсыпырасына тоқталу арқылы сыншының өзінің талдау шеберлігін байыптап көрейік. Солардың бірі – көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев «Балдырған» журналын ұзақ жыл басқарған қаламгер. Сыншы Құлбек Ергөбек осы журнал және оның редакторы Мұзафар ақынның бұл қызметі қазақ балалар әдебиетінің заманнан қалыспай дамуына қосқан үлесін жоғары бағалайды.
Құлбек Ергөбектің «Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы» сериясымен шыққан басылымдарға жазған алғысөздері де – өз алдына бір төбе еңбектер. Әдебиет зерттеушілер Құлбектік бұл алғысөздерін балалар әдебиетін оқытып жүрген мектептегі ұстаздарға әдістемелік көмекші, қосымша оқу құралы ретінде пайдалануға жарамды деп бағалаған.
«Сыншы, публицист жазушы Қ.Ергөбек жұмысының тағы бір саласын айтпай өтуге болмайды. Сыншы Құлбек Ергөбек қазақ балалар әдебиетін көптен бері зерттеп келеді. Бұл ретте оның «Мейірім шуағы», «Қазақ совет балалар жазушылары» деп аталған анықтамалығын, т.б. басылымдарын атап көрсетуге болады» деп академик Р.Бердібай оның балалар әдебиетін зерттеуге арналған еңбегіне жоғары баға берген. Ол әр жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби жыл қорытындысына арналған жиындарда қазақ балалар әдебиетінің жай-күйі туралы баяндамалар жасап келеді. Жарық көрген мақалалар жинақтары да қазақ балалар әдебиетінің мәселелеріне арналды. Құлбектің әдебиетшілік, сыншылық еңбегі жөнінде қазақ және түркі жұрты әдебиетші, ғалым зиялыларының талайы, солардың ішінде Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, Адыл Якубов, Әбіш Кекілбаев, Герольд Бельгер, Сафуан Шаймерденов, Бердібек Соқпақбаев, Әбдуәлі Қайдар, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Мырзатай Жолдасбеков (бұл тізім біразға барар еді) пікір білдіріп, әр кезде аса жоғары бағалады.
Алда балалар әдебиетінің жай-күйін тәуелсіз ел мүддесі тұрғысынан жаңаша пайымдау, бағалау міндеті тұр. Өйткені балалар әдебиеті – келешек ұрпақты қалыптастыру, тәрбиелеу құралы. Қазіргі өмірлік әлеуметтік мәселелерді көркем бейнелер арқылы шебер суреттеу жасөспірім дүниетанымын қалыптастыруға, байытуға, белсенді, алғыр, отаншыл азамат болып өсуіне ықпал етуде балалар әдебиетінің алар өзіндік орны ерекше. Әдебиеттің осындай жауынгер саласында елу жылдан астам еңбек етіп, төл туындылары жинақталған жетпістен астам кітап шығарған, екі мыңдай мақала жазған, маңдай терін төгіп, үнемі шығармашылық ізденіс үстінде келе жатқан ғалым-сыншы Құлбек Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген…» қазақ балалар әдебиетінің мәселелеріне арналған сүбелі еңбегі – еліміздің ұлы Абай атындағы мемлекеттік сыйлығын алуға лайық бірегей туынды.
«Ергөбековті Ергөбековтей бақайшығына дейін жіліктей шағып, жіліктей зерттеп, жіліктей түсіндіру үшін тағы бір Ергөбеков керек. Таңқалдыра біледі. Тамсандыра біледі» деп абыз Әбіш Кекілбаевтың өзі таңданған сөзімен ойымызды қорытып, бәйгеден озып келуіне тілектестікпен мақаламызды аяқтаймыз. Іске сәт, өрен жүйрік сыншы қаламгер Құлбек Ергөбек!
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақстанның мәдениет
қайраткері