Жыл қорытындысы қандай?
Ел Үкіметі әр сала бойынша жыл қорытындысын жариялады. Соларға жеке-жеке тоқталайық.
Өсімнің игілігін әр азамат сезінді
Қазақстанның негізгі әлеуметтік бастамалары халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және азаматтарды қолдау екені анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «Экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек» деп қадап айтты. Осыған орай биыл ел бюджетінің тең жартысы әлеуметтік салаларға жұмсалды. Биыл базалық зейнетақы 7 пайызға, ал ынтымақты зейнетақы 9 пайызға өсті. Ілкімді істің игілігін 2,4 миллионнан астам зейнеткер көрді. Ең төменгі жалақы көлемі 85 мың теңгеге дейін өсті. Бұл дегеніңіз – 1,8 млн адамның еңбекақысы көтерілді деген сөз. Сондай-ақ 600 мың мемлекеттік қызметшінің айлығы 20 пайызға жоғарылады. Бұған қоса елде жұмыссыздық мәселесі де жүйелі шешіліп келеді. Жыл басынан бері 845 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек тапты.
Биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі – Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалардың есепшотына аударылды. Жоба басталғалы 695,5 млн доллар түсті. Бұл қаржыны балалар тұрғын үй жағдайын жақсартуға, білім алуға пайдалана алады. Мәселен, 2024 жылы елдегі 18 жасқа толған немесе толатын қазақстандықтарға 30 млн доллар төленді.
Жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында 76 білім нысаны пайдалануға беріледі. Олардың 40 пайызы ауылдық аймақтарда бой көтереді. Сондай-ақ биыл 62 мың орындық 547 балабақша пайдалануға берілді. Қазір балалардың 92 пайызы мектепке дейінгі дайындықтан өтуде. Бас-аяғы 11 мың даярлық мекемесі жұмыс істеп тұр. 2025 жылға дейін елде шетелдік жоғары оқу орындарының 12 филиалы ашылады. Қазірдің өзінде Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның университеттерімен 23 стратегиялық серіктестік пысықталды. Бұл бастамалар Қазақстанды жаһандық білім беру кеңістігіне біріктіруге және озық білім беру әдістеріне қол жеткізуді жақсартуға көмектеседі.
Биыл студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға өсті. Оның ішінде педагогикалық және медициналық бағыттағы студенттер үшін айтарлықтай жоғарылады. Қазір бұл салаларда білім алушылар 75 мың теңге шәкіртақы алады. Интерндер үшін стипендия 85 мың теңгені, резиденттер үшін 123 мың теңгені, ал магистранттар мен докторанттар үшін өсім 15-20 пайызды құрады. Соңғы 3 жылда гранттық қаржыландыруға бағытталған 16 байқау ұйымдастырылды. 2 мыңнан аса ғылыми жоба жүзеге асты. Инновациялық экономика жасау үшін ғылыми еңбектерді коммерцияландыру маңызды. Осы бағытта 5 байқау өткізіліп, 97 млрд теңгенің жобасы нарыққа шықты. Ғылыми өнімдердің экспорты 571 млн теңгені құрады.
Жыл басынан бері 251 медициналық мекеме пайдалануға берілді. Жаңа нысандар шалғай аймақтарда бой көтеріп, 1 мыңнан астам ақ халатты жұмыспен қамтылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 ғимарат салу жоспарланып отыр. Оның 257-сі – медициналық пункт, 238-і фельдшерлік пункт және 160-ы – дәрігерлік амбулатория.
Экономикалық көрсеткіштер қалай өсті?
Алдын ала бағалау бойынша осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,4 пайызды құрады, ол негізінен, мұнайдан тыс секторды дамытумен қамтамасыз етілген. Экономика өсімінің 70%-дан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс есебінен қалыптасты. Салалар бөлінісінде келесідей динамика байқалады: ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығарудың 13,4%-ға өсуі байқалды, бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады; құрылыста – 10,3%; саудада – 8,2%; көлік қызметтерінде – 8,1%; байланыста – 5,3%; өңдеу өнеркәсібінде – 5,3%. Жалпы, аталған кезеңде отандық тауарлар өндірісі 5%,-ға, көрсетілген қызметтер 4,5%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,1%-ға артып, 15,8 трлн теңгеге жетті.
Сыртқы сауда айналымы биылғы 10 айда $116,9 млрд-ты құрады. Қазақстандық тауарлардың экспорты 5,1%-ға өсті, ақшалай баламада көрсеткіш – $68,5 млрд. Бұл ретте өңделген тауарлардың экспорты 10,2%-ға ұлғайып, $23,3 млрд-қа жетті. Шикізаттық емес экспорттың тұрақты өсуі көбінесе қазақстандық тауарларды Қытай мен Түркияға жеткізу көлемінің артуымен, сондай-ақ Еуропа нарықтарындағы қатысудың кеңеюімен байланысты.
ҚХР-ға экспорт көлемі 5,3%-ға өсіп, $12,3 млрд-ты құрады. Бұған мемлекет пен бизнестің бірлескен белсенді жұмысы ықпал етті. Қытай тұтынушылары арасында отандық өнімдердің танымалдылығын арттыру мақсатында қазақстандық компаниялардың CIFTIS, CIIE, Digital Expo сынды үлкен көрмелерге және басқа да шараларға қатысуы қамтамасыз етілді. Сондай-ақ jd.com, Doiyin, Alibaba электронды платформаларындағы ұлттық павильондар арқылы тауарларды ілгерілету жұмыстары жанданып, стримингтер ұйымдастырылды. Ирландия, Швейцария және Франция сияқты ЕО елдеріне экспорттық ағындарды өсіру олардың диверсификацияланғанын көрсетеді. Сонымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстан сияқты көршілес елдерге шикізаттық емес экспорттың өсуі Қазақстанның саудасы үшін Орталық Азия өңірінің маңыздылығын айғақтайды.
Биылғы қызмет көрсету экспорты 10,5%-ға өсіп, $8,4 млрд деңгейінде тіркелді. Осы сектордың драйверлері болып тасымалдау, ІТ, қаржы және басқа іскерлік қызметтер салалары аталды. Сонымен бірге есепті кезеңде импорт 3,3%-ға қысқарды. Импорттың төмендеуімен қатар жүретін экспорт көлемінің ұлғаюының нәтижесі экономиканың оң сауда балансының 33,4%-ға өсуі болды. Аталған көрсеткіш $20,1 млрд деңгейінде қалыптасты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл инфляция төмендеп, қараша айында жылдық мәнде 8,4%-ды құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңінде инфляция 10,3% деңгейінде болды.
Экономикадағы ШОБ үлесі артты
Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың қабылданған шаралары экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 1,8%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді және бүгінде ол 38,2%-ды құрайды. Осы жылдың 1 желтоқсанында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 1,5%-ға артып, 2 млн кәсіпорыннан асты. Осы секторда барлығы 4,2 млн-нан астам қазақстандық жұмыспен қамтылды. Бұл ретте шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім шығару көлемі 2024 жылдың 2 тоқсанында 19,1%-ға ұлғайып, 34,2 трлн теңгені құрады.
Қазақстанда экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау жаңа деңгейге жетті: бизнеске 6,3 млрд теңге көлемінде шығындарды өтеу қамтамасыз етілді. Салалардың әртараптандырылуына ерекше назар аударылып отыр. Бұл елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді. Қабылданған өтінімдер саны бойынша көшбасшылар қатарында Қостанай облысы, Алматы қаласы, Алматы және Қарағанды облыстары тұр. Биыл жалпы 500-ге жуық компания түрлі қолдау шараларын алды, оның ішінде экспорттық акселерация бағдарламасына қатысу, Alibaba.com платформасына шығу, көрмелер мен сауда-экономикалық миссияларға қатысу, шығындарды өтеу және басқа да шаралар бар. Олардың 90%-дан астамы – азық-түлік саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру
Бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылы саласындағы негізгі бағыттардың бірі цифрландыру болып саналады. Ыңғайлы цифрлық экожүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлердің бір порталда мемлекеттік қызметтерді, қолдау шараларын және мемлекетпен өзге де өзара іс-қимылды алуы үшін «Бизнестің цифрлық картасы» жобасы әзірленуде. Азаматтардың жеке кабинеті секілді бизнестің жеке кабинеті енгізіледі, бұл әкімшілік рәсімдерді жеңілдетеді және процестердің ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Биыл Қазақстанда электрондық форматта барлығы 99,3% мемлекеттік қызмет көрсетілді. Қағаз құжат айналымын одан әрі оңтайландыру жүргізілуде.
Жалпы биыл ел экономикасы айтарлықтай тұрақты өсім көрсетті. Бұл өсім мұнайдан тыс сектордың қарқынды дамуының нәтижесінде жүзеге асып, әртараптандыру саясатының оң әсерін көрсетіп отыр. Несиелік рейтингтің жоғарылауы мен инвестициялардың артуы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің дамуына бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және оңтайландыру арқылы бизнес климатқа және әрі қарай да инвестиция тартуға оң ықпал етуде. Экономикалық тұрақтылықты одан әрі нығайту Үкіметтің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Егін жинау науқаны
Биыл көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын табысты жүргізуге қажетті барлық жағдай жасалды. Президент тапсырмаларын орындау аясында агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) қаржыландырудың қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Саланы жеңілдікті қаржыландыру көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгені құрап, бұл қаражат егіншілерге тікелей несие беру, пайыздық мөлшерлемені төмендедіп, форвардтық сатып алуға бағытталды. 2025 жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қолайлы күзгі ауа райы егін жинау кезіндегі жауын-шашынға қарамастан, науқанды айтарлықтай шығынсыз өткізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, республика егіншілері дәнді дақылдар бойынша рекордтық көлемде өнім жинады: орташа өнімділік гектарына 16,1 центнер, 26,7 млн тонна астық бастырылды. 2023 жылы орташа өнімділік 10 ц/га құраған болатын. Сонымен қатар 3,2 млн тонна майлы дақыл (өнімділік 10,9 ц/га), 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу
Ішкі істер министрлігі жұмысының басты бағыттарының бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. 2024 жылы полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық хабарлама келіп түскен. Бұған жауап ретінде шаралар: оның ішінде 72 мың қорғау нұсқамасы, сондай-ақ 16 мың жағдай бойынша сот шешімдері қабылданды. Сондай-ақ зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарына айтарлықтай көңіл бөлінеді. Бүгінде елімізде осындай 69 орталық жұмыс істейді, оған жыл басынан бері 5,5 мың әйел, оның ішінде 3,7 мыңы балалары бар ана жүгінген. Ішкі істер министрлігі күш-жігерінің нәтижесінде соңғы 5 жылда әйелдер құқығына қол сұғатын қылмыстар саны екі есеге, атап айтқанда, зорлық-зомбылық қылмыстары 37,9%-ға, оның ішінде кісі өлтіру 49,3%-ға және ауыр дене жарақатын салу 8,7%-ға қысқарды.
Балалар құқығын қорғау
Балалар құқықтарын қорғау және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу саласында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Биыл 12 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді. Балаларды қорғау мақсатында еліміздегі әрбір мектепке ювеналды полиция қызметкерлері бекітіліп, олар тұрақты түрде бала құқығы бойынша сабақтар өткізеді және қылмыс жасауға бейім балаларды анықтайды. Оқу орындарында осыған орай 94 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар жыл басынан бері 35 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс, оның ішінде суицид пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын 127 сайт анықталды. Алдын алу шараларының нәтижесінде жасөспірімдер қылмысының саны 6%-ға төмендеді. Кәмелетке толмағандар жасаған кісі өлтіру 29%-ға, ұрлық 19%-ға, тонау 15%-ға төмендеген.
Жаңа заңның талабы қатаң
2024 жылғы 16 маусымда күшіне енген «Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңның маңыздылығы жоғары. Енгізілген өзгерістер әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған баланы зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, ал өзін-өзі өлтіруге және қорлауға итермелегендерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Азаматтар арасында заңға бағыну мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған қылмыстың ерте алдын алу жүйесін құруға арналған «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» жаңа бірыңғай заңды талқылау және әзірлеу маңызды оқиғалардың бірі болды. Заң жобасында алдын алу шараларына жататын тұлғалар тізбесіне өзгерістер енгізу, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқан азаматтарды марапаттау көзделген. Заң кәмелетке толмағандар арасындағы алдын алу шараларын, соның ішінде ерекше назар аударуды қажет ететін мектептердегі балаларға міндетті педагогикалық қолдау көрсетуді де реттейді.
2024 жылы ішкі істер органдары қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша күшейтілген жұмысты жалғастыруда. Күн сайын құқықтық тәртіпті қорғауға 14 мың полиция және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері шығады. Жыл басынан бері 8 рет өткізілген «Құқықтық тәртіп» операциясы шеңберінде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 6%-ға, оның ішінде көшелердегі қылмыс 7%-ға төмендегені тіркелді. Елімізде тіркелген 12 млн әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 91 мың адам жауапқа тартылды.