Байқоңыр ауданынан 11 тонна қоқыс шығарылды
Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы аясында «Таза бейсенбі» іс-шарасы жалғасып жатыр. Елордалық Аманат партиясының өкілдерімен бірлесіп өткізілген Таза бейсенбіге 100-ден астам қатысып, Байқоңыр ауданындағы Өндіріс тұрғын алабына іргелес орналасқан «Көгілдір мүйіс» аумағын қоқыстан тазартты, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz.
Экоакция нәтижесінде, аудан аумағынан 11 тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына арнайы техника жұмылдырылып, 8 рейс қоқыс полигонына шығарды.
AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының саяси жұмыс бөлімінің басшысы Әбдіғани Бәзілханұлы «Таза бейсенбі» партиялық жобасы жаңа экологиялық мәдениет пен азаматтардың қоршаған ортаға деген саналы көзқарасын қалыптастыруды көздейтінін атап өтті.
«Бұл экологиялық акцияны еңбек тұрғысынан емес, идеология жағынан қарау керек деп ойлаймын. Адамдар өзінің туған жеріне, оның тазалығына мән беру керек. Елімізге, елордамызға келетін шетелдіктерге тазалығымыз, экологиялық мәдениетіміз көрінуі тиіс. Сондықтан да бұл ұлттық жоба халықты біріктіріп, тазалыққа шақырады», – дейді Ә.Бәзілханұлы.
AMANAT партиясы Астана қалалық Байқоңыр аудандық филиалының атқарушы хатшысы Сергей Матюшенконың сөзінше, бүгінгі тазалық жұмысына 100-ге жуық адам қатысып жатыр.
«Бүгін біз бастауыш партия ұйымдарымен бірге «Көгілдір мүйіс» деп аталатын қаладағы көрікті жерге келіп, аумақты қоқыстан тазалап жатырмыз. «Таза бейсенбілік» акциясына шамамен 100-ге жуық адам қатысып жатыр. Көрікті жерге тоқталсақ, қала тұрғындары мен қонақтары арнайы осы орынға келіп, естелікке суретке түсіп жатады. Бірақ өкінішке қарай, келушілер қоқыс тастап кетеді. Экоакция аясында барлық қазақстандықтарды тазалыққа шақырамыз», – дейді С.Матюшенко.
Айта кету керек, ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріздерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, экоакция аясында Білім басқармасының ұйымдастыруымен елорда мектептерінде «Таза мектеп» челленджі басталды.