2025 жыл: үміт басым, күдік те күшті
2025 жыл халықаралық саясатта үлкен өзгерістер болуы мүмкін. Алпауыт елдер арасындағы текетірес бұрынғыдан да күшейіп, Қытай Азия-Тынық мұхиты аймағындағы экономикалық және әскери ықпалын арттыруға, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы арқылы жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге тырысса, Ресейдің Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы ықпалы үлкен сынақтарға дөп келуі мүмкін. АҚШ өзінің әскери және технологиялық артықшылықтарын пайдалана отырып, әлемдегі «қожалық» ролін жалғастырады. НАТО-ның жаңа стратегиясы мен Еуроодақтың саяси бағытында өзгерістер күтіп тұрған сыңайлы. Ал Орталық Азияда Түркия, Қытай және Ресей арасында өңірдегі ықпалға байланысты жаңа ойын ережелері қалыптасады.
Экономиканың дамуындағы үлкен сынақ
Экономикалық тұрғыдан алып айтқанда, 2025 жылы әлемдегі геосаяси шиеленістер мен сауда соғыстарының қаупі экономикалық өсімге тосқауыл болуы мүмкін. Әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық пен инфляция деңгейінің өсуі инвестициялық климатты нашарлатуы мүмкін дейді мамандар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы қиыншылықтар мен жаратылыстық апаттарға байланысты әлемнің көптеген өңірлерінде азық-түлік тапшылығы туылуы мүмкін. Әсіресе, Африка мен Азияның кейбір елдерінде гуманитарлық дағдарыстардың қаупі бар. Дегенмен, жасыл энергетика саласындағы жобаларға деген сұраныс артып, жаңартылатын энергия көздеріне салынатын инвестициялар өткен жылдармен салыстырғанда рекордтық деңгейге жетеді.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) 2025 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3,3% төңірегінде болады деп болжаса, Халықаралық валюта қоры (IMF) 2025 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3,2% болады деп тұспал жасады. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму конференциясы (UNCTAD) 2024 жылғы «Әлемдік сауда және даму туралы есепте» 2025 жылдары өсім тек 2,7% болады деп болжаған, бұл 2001-2019 жылдар аралығындағы орташа жылдық өсімнен (3%) төмен.
АҚШ және әлем
АҚШ – әлемдегі ең қуатты мемлекеттердің бірі, оның сыртқы саясаты мен экономикалық шешімдері әлемдік жағдайға да айрықша әсер етеді. Сосын да 2024 жылдың қараша айында өткен АҚШ-тағы сайлауға бүкіл әлем назар аударды. Бұл сайлауда Республикалық партия кандидаты Дональд Трамп АҚШ-тың 47-президенті болып сайланды. Осылайша араға төрт жыл салып билік тізгінін қайта қолға алған ол бұдан бұрынғы билік мерзімінде «Америка бірінші» саясатын ұстанып, АҚШ-ты Париж климаттық келісімі сияқты бірқанша халықаралық келісімдерден шығарып, даулы қадамдарға да барған еді. Сосын да қазір әлем Трамптың алдағы 4 жылдағы саясатына нақты болжам жасай алмай отыр.
Қалыптасқан дәстүр бойынша, ол ресми қызметіне 2025 жылғы 20 қаңтарда ант беру рәсімінен кейін кіріседі. Сайлаушыларға елдің ішкі мәселелерін басты орынға қоюға, атап айтқанда, заңсыз мигранттар ағынына тосқауыл қоюға, отандық өндірушілерді қорғап, кейбір шектеулерді алып тастауға, сырттан келетін тауарларға баж алымын көбейтуге, салықты азайтуға уәде еткен ол АҚШ-тың экономикалық қуатын арттыруға барынша тырысатыны анық.
Сауда және экономикалық саясат тұрғысынан алып айтқанда, Трамп тағы да «Америка бірінші» саясатын ұстанып, басқа елдермен сауда келісімдерін қайта қарауға, тарифтер мен кедендік шектеулерді көтеруге күш салады. Бұл әлемдік экономикада сауда соғысы мен экономикалық тұрақсыздықты тудыруы мүмкін. Қытаймен қарым-қатынас шиеленісіп, АҚШ-тың Еуропа Одағымен сауда байланыстары да қайта қаралуы ықтимал. Сондай-ақ АҚШ Қытайдың телекоммуникация, жасанды интеллект, 5G және басқа да жоғары технологиялық салаларда да Қытайға кедергі жасауға тырысуы; Қытайдың әлемдік үстемдікке ұмтылысын шектеп, халықаралық қауымдастықты өз мүддесіне қарай басқаруға тырысуы мүмкін.
Украинадағы қақтығыс тоқтай ма?
Украинадағы соғыс «2025 жылы тоқтайды» деп дәп басу айту қиын. Себебі соғыстың тоқтауына тек Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер ғана емес, сондай-ақ халықаралық қауымдастықтың ықпалы да әсер етеді. Сайлау алдында «президент болып сайлансам, Украина мен Ресей арасындағы соғысты 24 сағат ішінде тоқтатам» деп мәлімдеген Трамптың шығыс Еуропадағы шиеленісті шешудің нақты жоспары әлі белгісіз. Оның үстіне, 20 пайыз жерінен айырылған Украинаның Трамп айтты екен деп бір күнде соғысты тоқтата салуы екіталай. Ресей Сыртқы істер министрі Лавров ТАСС агенттігіне берген сұхбатында: «біз жаңа сайланған президент командасының өкілдері ұсынған Украинаның НАТО-ға қосылуын 20 жылға кейінге қалдыру және Украинада «Ұлыбритания мен Еуропа әскерлерінің» бітімгершілік күштерін орналастыру ұсынысымен келіспейміз» деп ашық айтқанын ескерсек, қазір майдан шебінде әлі де басым тұрған Ресей де «қой дегенде қоя салмауы» мүмкін.
Дей тұрғанмен, 3 жылға жуық жалғасқан соғыстан екі тарап та орасан зор шығынға ұшырап, әбден қалжырады. Сондықтан екі тарап та АҚШ-тың араласуымен келісімге келуге тырысатыны анық. Бірақ келісім қалай? Кімнің пайдасына жасалады? Басты мәселе соған тіреліп тұр. НАТО-ға кіруді, АҚШ бастаған елдерден қауіпсіздік кепілін алуды басты мақсат етіп отырған Украина қазір Трамп командасының тілін тауып, Ресейдің бетін қайтаруға барынша тырысып жатыр. Ал Трамп болса, Ресейге қатысты саясатында дипломатиялық қатынастарды жақсарту, санкцияларды жеңілдету немесе алып тастау ойында болуы мүмкін. Өйткені Ресей президенті Владимир Путинмен жақын қарым-қатынаста болған ол Ресейді АҚШ-тың жауы ретінде емес, өзінің мүдделерін қорғауға тырысатын халықаралық бәсекелес ретінде көретін сыңайлы. Сондықтан Трамп Ресеймен қарым-қатынасын жақсартып, Қытайды және басқа да қарсыластарын оқшаулай отырып, қыспаққа алуы мүмкін. Өйткені Трамп та Ресейді оқшаулап, санкцияны үсті-үстіне төпелеп, қыспаққа ала берсе Қытаймен және Иран, Солтүстік Кореямен тіл біріктіріп, АҚШ-қа қарсы күш қалыптастыруы мүмкін деп қауіптенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Трамп Ресейді НАТО-ның аяғына жығып бермейді, «істік те, төстік те күймейтін» бір жолды таңдап, Ресейді ыңғайсыз жағдайдан шығарады. Алайда Украина мен оның одақтастары, әсіресе Еуропалық Одақ пен НАТО Ресейдің агрессиясын тоқтатуды қатаң талап етіп отыр. Сондықтан Трамптың Ресейге қатысты саясаты Еуропа одағы мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа салқынын тигізіп, НАТО-ның ішкі бірлігін де әлсіретуі әбден мүмкін.
Соңғы күндері «соғыс ақпан айының ортасында, әрі кетсе сәуір айында тоқтайды, Трамп Германия мен Қазақстанның бірінде Путинмен кездесуі мүмкін» деген болжам да айтыла бастады. Жақында Германияның бундестаг депутаты Родерих Кизеветтер «Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамп наурыз айында кездеседі, осы кездесудің алдында канцлер Олаф Шольц Германиядағы 23 ақпанда өтетін сайлауға дейін Мәскеуге сапар жасауы мүмкін» деген болатын. Мейлі, қайсы елде кездессе де, Трамп пен Путин кездеспей Украина соғысы да тоқтамайды. Өйткені Трамп сайлауда жеңіске жеткеннен кейін көп өтпей «Путинмен тезірек кездесіп, мәселені шешуіміз керек» деген емеурін танытса, қараша айында Путин Дональд Трамппен Украинадағы атысты тоқтату туралы келісімді талқылауға дайын екенін білдірген болатын.
Жаңа мүмкіндік
Сириядағы Башар Асад билігінің құлауы дүниеге үлкен өзгеріс әкеліп, Ресейдің экономикасына ауыр соққы болуы мүмкін. Өйткені Сирияның географиялық орны Парсы шығанағы елдерінің газын Түркия арқылы Еуропаға тасымалдауға қолайлы. Асад билігі кезінде Сирия Иран мен Ресейдің мүдделеріне тәуелді болды да, бұл жоба жүзеге аспады. Егер жаңа үкімет бұл жобаға қолдау білдірсе, алдағы уақытта Сирия арқылы мұнай тасымалы жанданады. Мәселен, әлемдегі ең ірі сұйытылған табиғи газ (LNG) экспорттаушы ел саналатын Катар Сирия арқылы газ құбырын салып, Еуропаға газ жеткізе алады. Сауд Арабиясы мен Кувейт мұнайын Сирия арқылы Түркияға немесе Жерорта теңізіндегі порттарға жеткізу логистикалық жағынан аса тиімді. Демек, Сирияда саяси тұрақтылық орнап, инфрақұрылымдық жобалар қайта іске қосылса, онда Парсы шығанағы елдері (Катар, Сауд Арабиясы, Ирак), сондай-ақ Түркия арқылы Еуропаға энергия жеткізу мүмкіндігі айтарлықтай ұлғаяды. Әсіресе, Еуропа үшін бұл Ресей газына тәуелділікті азайтуға бағытталған стратегиялық балама болатыны анық. Екінші тұрғыдан, Ресей өзінің энергия ресурстары арқылы Еуропаға үлкен саяси ықпалын жүргізіп келеді. Егер балама жеткізу жолдары пайда болса, бұл Ресейдің саяси қысым жасау мүмкіндігін шектейді.
2019 жылы жасалған келісімнің мерзімі аяқталуына және Украинаның оны ұзартудан бас тартуына байланысты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейдің «Газпром» компаниясы Украина арқылы Еуропаға газ тасымалдауды тоқтатты. Газ транзитінің тоқтауы Ресейдің экспорттық табысын төмендетті. Яғни аталған желі жабылғаннан кейін жылына 5 миллиард доллардан астам шығынға ұшырайды. 2022 жылдың қыркүйегінде «Солтүстік ағын» құбырларында жарылыс болыс болып, газ жеткізу тоқтаған еді. ЕО мәліметі бойынша, Мәскеу 2021 жылы ЕО-ның табиғи газға деген қажеттілігінің 40%-дан астамын қамтамасыз етсе, 2023 жылға қарай бұл үлес шамамен 8%-ға дейін төмендеген. Демек, Еуропа нарығында Ресейдің үлесі төмендесе, ол өз энергиясын Қытай, Үндістан, және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қайта бағыттауға мәжбүр болады. Ресей қазірдің өзінде «Сила Сибири» сияқты жобаларды дамытып жатыр.
Ғылым саласындағы қайырлы қадам
Біріккен Ұлттар Ұйымы 2025 жылды «Халықаралық кванттық ғылымдар мен технологиялар жылы» деп жариялады. 2025 жылы ғылым мен техника саласындағы даму бірнеше маңызды бағыттарда қарқынды жүріп, адамзат өмірінің барлық салаларына әсер етпек.
Жасанды интеллект (AI) жаһандық экономика, өнеркәсіп және қоғамдық өзгерістердің қозғаушы күшіне айналады. 2025 жылы AI денсаулық сақтау, білім беру, көлік және басқа да салаларға дендеп еніп, жұртшылықтың жұмыста және күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын қолайлы құралына айналады. Бұл адамзаттың жұмысын жеңілдетіп, көптеген салаларды оңтайландырады. Дегенмен, оның этикалық және әлеуметтік мәселелерін шешу өзекті мәселе болып қала береді.
Орталық Азия және біз
2025 жыл Орталық Азия және Қазақстан үшін аймақтық, жаһандық саяси, экономикалық және әлеуметтік факторлардың ықпалымен маңызды өзгерістер мен мүмкіндіктер кезеңі болуы мүмкін.
Украинадағы соғыс және АҚШ – Қытай арасындағы шиеленіс аймақтағы геосаяси тепе-теңдікке үздіксіз әсерін тигізеді. Ресейдің ықпалы сақталғанымен, Қытайдың аймақтағы экономикалық және саяси ықпалы артады. Ал Қазақстан Орталық Азияда интеграция көшбасшысы ретіндегі орнын нығайтуға тырысып, Еуразия құрлығында маңызды транзиттік хаб рөлін атқаруға ұмтылады.
Мұнай мен газдың әлемдік нарықтағы бағасының өзгерісі Қазақстан экономикасына тікелей әсер етеді. Жасыл энергетикаға көшу үдерісі Қазақстанның дәстүрлі энергия көздерінен түскен табысын әртараптандыру қажеттігін арттырады. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы инфрақұрылымдық және логистикалық жобалар дами түседі. Орталық Азия елдері Қытай инвестицияларының аймаққа ағынын ұлғайтуға тырысады.
Қазақстан Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен экономикалық және сауда байланыстарын нығайтып, Түркі мемлекеттер ұйымы аясындағы ынтымақтастықты күшейтеді, бұл мәдени және экономикалық интеграцияға ықпал етеді. Сондай-ақ Қазақстан IT және инновациялық салаларды қолдауға ерекше назар аударады. Дегенмен, көршінің көңіліне қарап, «Ұзын сызса жүріп, қысқа сызса тұратын» ықтай жалдап күн кешетін саясат өзгермейді.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ