Елорданы газдандыру жалғасады
Астанаға табиғи газ келгелі 5 жыл болды. Осы уақыт ішінде елорда тұрғындарының қаншасы көгілдір отынға қол жеткізді? Бүгінгі Астананың экологиялық ахуалы қандай, жұрт көмір жағу машақатынан құтылды ма? «Астана ақшамы» осы және басқа да сауалдарға жауап іздеп көрді.
Елорда тұрғындарына көгілдір отын осыдан 5 жыл бұрын 2020 жылдан бастап беріле бастады. Бүгінде Астаналық 11 042 абонент газға қосылған. Астананы газдандыру жобасы 2019 жылы Қараөзек – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытындағы «Сарыарқа» магистралдық газ құбырын іске қосу жұмыстары аяқталған соң жүзеге асырылған болатын. Орталық және Солтүстік аймақтарды газбен қамтитын аталмыш жоба 5 кезеңге бөлінді. Сыр елінен елордаға тартылған газ құбырын қосудың бірінші кезеңі 2021 жылға дейін жалғасты. «Көгілдір отын» игілігіне алғаш қол жеткізген – Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Железнодорожный, Промышленный, Юго-Восток оң және сол қанаты, Күйгенжар, Мичурин, Интернациональный «Ақбидай», «Қазақауыл» шағын аудандары, сонымен қатар Потанин көшесінің ескі қала бөлігіндегі елорда тұрғындары еді.
Орталық Қазақстан мен еліміздің елордасын бірыңғай газ тасымалдау жүйесімен байланыстыратын «Сарыарқа» магистралдық газ құбыры 2019 жылы салынған және оның жалпы ұзындығы 1061 шақырым, ол Астанаға дейінгі 170-тен астам елді мекенді қамтиды.
Елордада алғашқы болып үйіне табиғи газ кіргізген Железнодорожный шағын ауданында тұратын – Исламовтар отбасы болатын. 25 жыл бойына от жағып, күл шығарған тұрғындар газ келген күнді ерекше еске алады:
– «Мен үйімізге алғаш газ кіргізілген күнді – 2020 жылдың 11-қарашасын ешқашан ұмытпаймын деп ойлаймын. Өйткені қуанышымызда шек болмады. Отын тасып, әуреге түсіп, үйді жылыту үшін көп машақат көретін едік. Бір тамақ істеудің өзіне қаншама уақытымызды сарп ететінбіз. Міне, содан бері табиғи газ игілігін көріп жатқанымызға да 5 жыл болыпты. Астаналықтарға үздіксіз газ беріліп тұрсын, Құдай бұйырса. Біз сияқты зейнеткер жасындағы адамдарға үйдің жылы, жайлы болғаны қандай тамаша. Осылай халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып жатқан Үкіметке алғысымды жаудырамын. Газ мамандары тұрақты түрде техникалық тексерістерін жасап кетеді. Ай сайынғы газ ақысын да үйден шықпай-ақ төлейтін болдық. Бәрі онлайн, оңай, тез әрі қолайлы болды. Көп рахмет» дейді астана тұрғыны Данир Исламов.
Мамандардың айтуынша, елорданы газдандыру қалаға зиянды қалдықтарды 6 есеге, қатты заттарды 40 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатов:
– Астанаға табиғи газ берілгелі қала маңындағы шағын аудандар мен елді мекен тұрғындарының өмір сүру сапасы едәуір жақсарды. Оның шаһардың экологиялық ахуалына оң әсерін айтпағанның өзінде, қарапайым тұрғындар от жағу, жылда отын сатып алу, күл шығару сияқты машақаттан құтылды. Елордаға алғаш газ берілген күн мен бүгінді салыстыруға келмейді, әрине. Газ саласына ендіріліп жатқан цифрландыру жобалары – газға қосылуды қолайлы етіп қана қоймай, тиімділігін де көрсетуде. Айталық, 2023 жылдың қазан айынан бастап үйге газ кіргізуге арналған техникалық шарттарды алу – онлайн форматқа ауыстырылды. Тұрғындар осы кезде eGov.kz порталы арқылы өтініш беріп, ешқандай кеңсеге бармай, кезекте тұрмай-ақ, үйіне көгілдір отын кіргізе алады. Жеке тұлғалармен қатар, заңды тұлғаларға да газ тартуды рәсімдеу жеңілдетілді. Газды бөлшек саудада өткізу шарттарына электрондық қол қою порталы іске қосылды. «QazaqGaz Aimaq» АҚ қазір 2,4 млн тұтынушыға, оның ішінде 60 мыңға жуық заңды тұлғаға табиғи газды жеткізумен айналысуда. Бұған қоса газ тарату желілерінің сандық картасы да цифрландырылды. Атап айтсақ, 69 мың шақырымдық газ тарату желілерінің 48 мыңы – 70% GPS-координаттарына жалғаулы электрондық форматқа ауыстырылды. Цифрмен айтсам, 2023 жылдың соңында 2 газ жылу стансасы: «Оңтүстік-Шығыс» ГЖС және «Тұран» ГЖС-ның 1-кезегі пайдалануға берілді. 2-кезекті іске асыру шеңберінде 2023 жылдың соңында айналма жол бойынша жалпы ұзындығы 96 шақырымды құрайтын газ құбырлары пайдалануға берілді. Газ тарату желілері «Тельман», «Пригородный», «Family Village», «Garden Village», «Қараөткел» және «Ильинка» сияқты тұрғын алаптарға жеткізілді.
Астана қаласын газдандырудың соңғы кезеңі «Тельман», «Пригородный», «Family Village», «Garden Village», «Қараөткел», «Өндіріс» тұрғын алаптарында қуаттылығы 320 мың м3/сағ АГТС-3 құрылысын және тарату желілерін салуды көздейтін 3 кезекті іске асыру болып табылады. Осы жобаларды іске асыру мерзімі – 2024-2026 жылдар. Жуықта «Family Village» тұрғын алабына газ беру жоспарлануда, бұл 458 үйді қамтиды.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Өндірістік-техникалық департамент директоры Абликим Юсупов:
– Астана қаласын газдандыру жобалары межеленген жоспарға сай, қауіпсіздік шаралары сақтала отырып іске асуда. Қала халқының өсуіне орай, оған техникалық қызмет көрсету жұмыстары да артты. 2024 жылды апатсыз өткіздік. «QazaqGaz Aimaq» АҚ 2023 жылы да жазатайым оқиғалардың алдын алып, газ қауіпсіздігі шараларын мейлінше күшейткен болатын. 2024 жылы барлық филиалдарымыздағы апаттық-диспетчерлік қызмет автопаркі жаңартылып, 63 көлікпен толықты. Бұл жұмыс 2025 жылы да жалғаспақ. Алматы, Шымкент, Зайсан қалалары мен Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе және басқа да облыстарындағы газ желілері де осы жылы жөнделіп, жаңартылды.
«QazaqGaz Aimaq» компаниясы тұтынушыларды газды пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе газ құрылғыларын пайдалану кезінде аса сақ және мұқият болуға шақырады және осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізіп келеді. Мысалы, осы жылдың 13 қыркүйегінен бастап барлық өңірлерде «112» бірыңғай диспетчерлік қызметінен табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша азаматтардың ұялы телефондарына апта сайын SMS-хабарлама жіберу басталды. Сондай-ақ өңірлерде Төтенше жағдай департаменттері мамандарымен бірлесіп жоспарлы негізде рейдтер ұйымдастырылуда. Бұл іс-шаралар қауіпсіздік стандарттарының сақталуын бақылау мен қадағалауға ықпал етіп отыр.
Бұған қоса компания Instagram және Facebook сияқты әлеуметтік желілерді де белсенді пайдаланып, тұтынушыларды табиғи газды қауіпсіз пайдалануға үйретуде. Телеарналардан күніне 3-8 рет шығатын бейнероликтер аурухана мен емхана, сауда орталықтары, ХҚКО, көшедегі, қоғамдық көліктердегі мониторлардан да үздіксіз көрсетіліп жатыр.
Әр шаңыраққа жылу мен жылулық сыйлауды, қауіпсіз газ жеткізуді мақсат тұтқан «QazaqGaz Aimaq» АҚ мамандары, алдағы уақытта да әлемнің ең озық технологияларын ендіріп, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қоса бермекпіз дейді. Компанияда Астана тұрғындары күннен күнге газ игілігіне қол жеткізе береді деп сендірді.