2025 жылы қаржы дағдарысы бола ма?
Жаһандық геоэкономикалық және геосаяси жағдай тұрақтанған жоқ. Әлем экономикасында шешуші рөл атқаратын АҚШ-тың ұстанымы жұмбақ болып тұр. Сайлауалды насихат кезінде Украинадағы соғысқа нүкте қоятынын мәлімдеген Дональд Трамптың Израиль мен Ресейге бүйрегі бұратынын, Қытайға қырын қарайтынын бұған дейін көргенбіз. Мұндай текетірестер әлем елдерін тығырыққа тіреуі әбден мүмкін. Әлемнің сақа экономистері 2025-2026 жылдары экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны болатынын ескертуде.
АЛДАҒЫ ЖЫЛҒА ҚАНДАЙ БОЛЖАМ БАР?
Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтің сөзінше, 2025-2026 жылдары Қазақстан үш экономикалық дағдарысқа тап болуы мүмкін. Біріншісі – бюджет дағдарысы. 2025 жылы елдің кірісі мен шығысы арасында алшақтық байқалады. Бұл шамамен 4,1 триллион теңгені құрайды. Екіншісі – сауда балансының дағдарысы орын алады. Яғни импорт экспорттан айтарлықтай асып кетеді. Үшіншісі – қарыз мәселесі жағдайды қиындатады. 2025-2026 жылы жеке компаниялар 101 миллиард доллар қарызын өтеуі тиіс.
Даниялық Saxo Bank сарапшылары 2025 жылға арналған болжамын ұсынды. АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп тауарлар импортына жаңа қорғаныс баждарын енгізіп, АҚШ-тың басқа елдермен сауда қатынасын қайта қарастырады. Нәтижесінде доллардың құны негізгі әлемдік валюталарға қатысты 20 пайызға, алтынға қатысты 30 пайызға төмендеуі мүмкін. Бұл жағдай әлемдік экономикаға әсер етпей қоймайды.
Freedom Finance Global сарапшысы Владимир Чернов келер жылы әлем елдерін қамтитын дағдарыс болатынын дәйектейді. Экономистің сөзінше, 2008 жылғы жаһандық экономикалық дағдарыс АҚШ-та тұрғын үй сату көлемінің төмендеуі аясында басталды, себебі кредит ставкасы күрт өсті. Соның салдарынан ірі америкалық банктер банкротқа ұшырап, ипотекалық кредит дағдарысына айналды. Қазір АҚШ-та сатудың күрт төмендеуі байқалмайды. Дегенмен АҚШ-та шілдеде еңбек нарығының күтпеген күрт әлсіреуі байқалды.
Өнімділігі жоғары және экспортқа бағдарланған өндірістерді құру мақсатында мемлекеттік органдар шағын және орта бизнесті ілгерілетуі міндет, сондай-ақ отандық қайта өңдеушілерді қолжетімді бағамен шикізатпен қамтамасыз ету, шикізаттық емес секторға инвестициялар тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және тағы басқа шаралар кешенін жүргізуі керек
– 2024 жылдың шілдесінде жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны өткен айлармен салыстырғанда шамамен 30 пайызға қысқарды, ал жұмыссыздық деңгейі 4,3 пайызды құрап, 2021 жылдың қарашасынан бергі ең жоғары деңгейге жетті (дағдарыс құбылысы). 2008 жылы Америка Құрама Штаттарында да еңбек нарығында күрделі проблемалар болды, содан кейін жұмыссыздық соңғы 16 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті, сондықтан іскерлік белсенділік те төмендеді, – дейді сарапшы В.Чернов.
АҚШ – алпауыт ел. Әлем экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Трамп өзінің даму бағдарламасымен билікке келді. Әлем елдеріне ықпалын арттырып, доллардың үстемдігін сақтау үшін барын салатыны анық.
ДАҒДАРЫСҚА ДАЙЫНБЫЗ БА?
Біздің Үкіметтің экономикалық дағдарыс тәуекеліне дайындығы қалай? Бұл сұрақты Үкіметке жолдадық. Бізге Ұлттық экономика министрлігінен жауап келді.
– Үкімет тұрақты негізде сыртқы және ішкі нарықтағы ахуалға мониторинг және талдау жүргізеді. Республикалық бюджеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының макроэкономикалық болжамының параметрлерін қалыптастыру кезінде дамудың базалық, оптимистік және пессимистік баламалы сценарийі әзірленеді. Бұл ретте елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсер етуі мүмкін сыртқы және ішкі тәуекелдер ескеріледі. Жалпы Үкімет дағдарыс құбылысының теріс салдарын азайту және экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті ресурс пен құралға ие. Сондай-ақ ешқандай дағдарыс болмайды, – дейді Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов.
Әрине, біздің басшылар сөзге келгенде іркіліп қалмайды. Бәрі бақылауда, бәрін біледі. Жақсы, солай-ақ болсын! Дегенмен шикізат экспорттаушы елден өнім өндіруші елге айналмай, еңсемізді тіктеу қиын. Жауапты басшыдан осы туралы да сұрадық.
– Ел өз экономикасын әртараптандыруға және шикізат ресурстарына тәуелділікті азайту бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл процесс жан-жақты экономикасы бар елдің қалыптасуына ықпал ететін өндіріс және қызмет көрсету сияқты басқа саланы дамытуды қамтиды. 5 жыл ішінде өнеркәсіп құрылымында сапалы өзгерістер болды. ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2017 жылы 11,2 пайыздан 2022 жылы 13,4 пайызға дейін өсіп, 30 миллиард долларды құрады, ал тау-кен саласының үлесі біртіндеп төмендеді. 2023 жылы өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі оң серпінді көрсетіп, 21,6 трлн теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,7 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылға қарағанда 11,2 пайызға өскенін көрсетеді. 2023 жылдың 12 айында өңдеу өнеркәсібі тауарларының экспорты 25,3 миллиард долларды құрады, – деп түсіндірді Арман Қасенов.
Өнімділігі жоғары және экспортқа бағдарланған өндірістерді құру мақсатында мемлекеттік органдар шағын және орта бизнесті ілгерілетуі міндет, сондай-ақ отандық қайта өңдеушілерді қолжетімді бағамен шикізатпен қамтамасыз ету, шикізаттық емес секторға инвестициялар тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және тағы басқа шаралар кешенін жүргізуі керек.
– Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес – елдің экономикалық өсуінің негізгі драйвері. ЖІӨ-дегі бизнестің үлесі 38,2 пайызды құрады. Орта бизнес субъектілерінің санын ұлғайту және кәсіпкерлікті дамыту үшін кешенді жұмыс жүргізілуде. Біріншісі – бизнес ахуалды жақсарту, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету. Екіншісі – мемлекеттік қолдау құрылымын қайта қарап, тиімді жағдай қалыптастыру. Яғни бизнес үшін жаңа реттеу саясаты енгізіледі.
2023 жылдан бастап кәсіпкерлік үшін міндетті талаптар тізілімі жұмыс істейді. Онда кәсіпкерлік субъектілері үшін міндетті талаптарды қамтитын реттеуші актілердің жалпыға қолжетімді дерекқоры қалыптасқан. Бұл – реттеуші актілерді тұрақты негізде қайта қарауды қамтамасыз ететін міндетті тетік. Тізілімнен шығарылған және мерзімінде жойылмаған талаптарды бұзғаны үшін кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершіліктен босату – тізілімнің ерекшелігі. Бизнес үшін 10 мыңнан астам артық талап жойылды. 2024 жылы бақылаудың 66 саласында тәуекелді басқарудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылды. Бұл жұмыс жоғары және орташа тәуекел дәрежесіне жататын бақылау субъектілерін ақпараттық жүйеде автоматты режимде тексеруге іріктеуден тұрады. Адал бизнес субъектісі тексеруге іріктеуден өтпейді, – деді Ұлттық экономика министрінің орынбасары.
ИНФЛЯЦИЯМЕН КҮРЕС – ҮЛКЕН СЫНАҚ
Рас, инфляцияға қарсы күрес жаһандық деңгейдегі сынақ болып тұр. Өйткені инфляция әлем елдерінің респондентті арасында ең негізгі 5 тәуекелдің қатарына кіреді. Жақында Сауд Арабиясына жол түсіп, сондағы нарықты бағдарлауға мүмкіндік болды. Бұл елдің инфляциясы 1,90 пайыз деңгейінде. Риал теңгемен салыстырғанда 10 есе құнды. Араб елінде қымбатшылық сезілмейді, біздің теңгемен салыстырғанда қолжетімді бағаға қажетті тауар түрін оңай табуға болады.
Инфляцияны тежеп отырған елдердің көшін Қытай, Бахрейн және Литва бастайды. Бұл елдерде инфляция 0,30 пайызды құрайды. Финляндияда – 1,00 пайыз, Францияда – 1,20 пайыз, Оңтүстік Кореяда – 1,30 пайыз, Сингапурда 1,40 пайыз болса, Қазақстандағы көрсеткіш – 8,5 пайыз.
Жасыратыны жоқ, біздің елде жалақы мен зейнетақы көтерілген сайын базардағы баға шарықтайды. Кей жағдайда жалақыға қосылған үстемақыдан нарықтағы бағам екі-үш есе көтеріліп кетеді.
– Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру – Үкіметтің маңызды міндеті. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асыруда. Шаралар кешені ішкі нарықты отандық тауарлармен қанықтыру мақсатында отандық өндірісті қолдауға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасын қоса алғанда, нарықтағы бағаны тұрақтандыруға, тауарларды сақтауға, тасымалдау тетіктерін және сауданың қазіргі заманғы форматын дамытуға, сондай-ақ баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы сыртқы сауданы реттеуге бағытталған.
Жалпы шаралар кешенін іске асыру инфляцияны нысаналы дәліз шекарасына дейін төмендетуді (2024 жылы 6-8 пайыз) және тауарлар тапшылығына жол бермеуді қамтамасыз етуі тиіс. Азық-түлік инфляциясын төмендетудің жаңа тәсілдері іске асырылуда.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бойынша айналым схемасын қаржыландыру 100 миллиард теңгеге дейін жетті. Делдалдық баға белгілеу схемасын тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы жанданды. Тұрақтандыру қорларының жұмысы қайта форматталды, сатып алу бойынша форвардтық шарттар жасала бастады. Жеңіл, химия өнеркәсібінде және құрылыс материалдарын өндіруде импортты алмастыратын жобалар іске асырылуда. Өнімді сақтау және тасымалдау механизмі дамуда. Монополияға қарсы реттеу шаралары қабылдануда. Осындай бастамалардың нәтижесінде жылдық инфляция 20,3 пайыздан (2022 жылғы желтоқсан) 8,5 пайызға дейін (2024 жылғы қазан) бәсеңдеді. Бір жыл ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,2 пайызға (жыл басынан бері 0,3 пайызға) төмендеді. Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру жалғаса береді, – деді вице-министр А.Қасенов.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
P.S: Сарапшылар алдағы жылдары дәстүрлі Батыс альянстарының әлсіреу қаупі артып, көптеген елдер саяси және экономикалық дамудың батыстық үлгісінен гөрі балама дамудың қытайлық үлгісін таңдай бастайтынын айтуда. Экономиканы әртараптандырып, бизнесті қолдауда көрші елдің тәжірибесін пайдалануға мүмкіндігіміз мол. Сонда экономикалық дағдарысты оңай еңсеріп отыратын едік.