Классика мен қазақ күйлері әуеледі
Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония жаңа 2025 жылдың алғашқы концертін ұсынды. Филармонияның камералық залында дирижер Арман Жайымның жетекшілігімен симфониялық оркестр «Рождество шыршасы» атты кеш өткізді.
Концертте батысеуропалық классиканың үздік үлгілері И.С.Бахтың № 2 сюитасынан «Менуэт» пен «Қалжың» шығармаларын республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Жәмила Далишева флейтада жеке орындады.
Көрермендерді итальяндық барокко композиторы А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» топтамасынан скрипка мен ішекті аспаптарға арналған «Қыс» концерті қуантты. Скрипкада солоны Мәдениет саласының үздігі Салтанат Орынбаева орындады. К.Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» топтамасындағы «Аққу» лирикалық миниатюрасын халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Гөзел Бақытжан (виолончель) және Диляра Қалдыбаева (арфа) ұсынды. Э.Элгардың ішекті оркестріне арналған әуезді серенадасы, Э.Григтің «Хольберг дәуірінің уақыттарынан» ескі стильдегі сиютасы әуеледі. Симфониялық оркестр Қазақстан композиторларының да шығармаларын орындады. Атап айтқанда, Тәттімбеттің «Сылқылдақ», Құрманғазының «Балбырауын» шығармалары шалқыды.
Дайындағандар Аманғали ҚАЛЖАНОВ, Шапағат ӘБДІР