Қазақстанда қытайлық Jingshi институты ашылды
Utebayev University-де қытайлық Jingshi институты (Petroleum Engineering Technology) ашылды. Білім ордасы мұнай инженериясы саласына жоғары білікті кадрлар даярлайды. Мұнда болашақ мамандар озық технологиялардың көмегімен тәжірибелерін шыңдап, кәсіби дағдысын жетілдіреді. Институтта ағылшын тілін меңгерген 25-тен астам студент білім алып, Қытайда тәжірибе алмасу жоспарланып отыр. Бастама «Бір жол – бір белдеу» жобасы аясында қолға алынған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
– Цзинши институты әлемдік деңгейдегі білім беру стандарттары мен технологиялық жетістіктерімен танымал. Жоба арқылы қазақстандық студенттер халықаралық білім беру бағдарламаларына қол жеткізіп, Қытайдың жетекші университеттерінің профессорларынан дәріс алу мүмкіндігіне ие болады. Алдағы уақытта Қытайдағы Қарамай колледжінен профессорлар келіп, университетімізде мұнай-газ саласына қатысты және дрон технологиясы бағытында дәріс береді, – дейді Utebayev University Халықаралық қатынастар орталығының жетекшісі Алмагүл Тұрдағалиева.
Айта кетейік, «Beijing Huatec Information Technology Co.» компаниясы Орталық Азияда білім беруді интернационалдандыру жөніндегі стратегиялық бағдарламаны іске асырып келеді. Бағдарлама энергетика және химия өнеркәсібі, металлургия, мұнай-газ ісі мен жаңа материалдар өндіру саласы бойынша білім беруді қамтиды. Өткен жылы компания мен Utebayev University арасында келісімшартқа қол қойылды. Осы келісім шеңберіндегі Utebayev University мен Jingshi Institute (Petroleum Engineering Technology) ынтымақтастығы еліміздің мұнай-газ саласындағы кадрларды даярлауға жаңа серпін беріп, ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға септігін тигізбек.