Индустриялық парктер игілігі
Шағын және орта бизнес – елорда экономикасының негізі. Оның қала экономикасына қосатын үлесі 72%-ды құрайды. Күн сайын 244 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілдері жарты миллионнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Бұл қаланың жұмысқа жарамды тұрғындарының 70%-ын қамтиды. Кәсіпкерліктің пайдасын осыдан да байқауға болады.
№1 индустриялық парк – барлық индустриялық парктер арасында республикалық көрсеткіштер бойынша елде көшбасшы. Жұмыс істеу кезеңінде бұл парк 8,1 трлн теңге өндіріс көлеміне жетті. Республикалық көрсеткіштер бойынша парк өндіріс көлемі жағынан 73%, салық аударымдары бойынша 51%, ал экспорт үлесі бойынша 21%-ды құрайды. Индустриялық парк аумағында жалпы инвестиция көлемі 317 млрд теңгені құрайтын 118 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 185 млрд теңге сомасына 60 өнеркәсіп нысаны іске қосылып, толық жұмыс істеп тұр. 5700-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылған, 58 жоба жүзеге асыру сатысында. №1 индустриялық парктің табысты тәжірибесі №2 индустриялық паркті іске қосуға серпін берді.
Жаңа парктің аумағы 409 гектарды құрайды. Оның әлеуеті 2042 жылға дейін есептелген. №2 индустриялық парк инфрақұрылымы өндірістік ғимараттар, логистикалық қойма, кеден, электрмен жабдықтау желілері, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері, жылумен жабдықтау құрылысын қамтиды. Бұл индустриялық парктің негізгі артықшылығы арнайы экономикалық аймақ мәртебесі болмақ. Бүгіннің өзінде инвесторлар тарапынан қызығушылық байқалып отыр.
Аталған аумақтың қажетті инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету 2025 жылға қарай аяқталады деп жоспарлануда. Осы мерзімде инфрақұрылымның 1-кезегін салып, толық аяқтау 2030 жылға жоспарлануда. Аталған алаңды дайындау жұмысы аяқталғаннан кейін өңдеу өнеркәсібінің жаңа инвестициялық жобалары тартылады.
Астана қаласының әкімдігі Назарбаев университетімен бірлесіп, «Астана-Технополис» АЭА №2 индустриялық паркін дамыту мәселелерімен, өнеркәсіп кластерлерін ғылыми зерттеулермен және инновациялармен интеграциялау есебінен айналысады. Индустриялық парктер базасында жаңа кәсіпорындар ашу көзделуде, оның ішінде №2 индустриялық парк аумағында 500 млрд теңге сомасына 150-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Кендебай АДАМБЕК,
Астана қаласы
мәслихатының депутаты