Бас балуан анықталмақ
11 қаңтар елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұлттық брендіміз – қазақ күресінен «Дала қырандары» республикалық турнирі өтеді.
Әлемге қазақ күресін насихаттау, спорттық дәстүрлерді нығайту және қатысушылардың шеберлігін арттыруға бағытталған бұл турнирде 8 салмақ дәрежесіндегі Қазақстанның ең үздік 8 балуаны анықталады.
Осыған дейін 2024 жылдың басынан бастап, Қазақстанда қазақ күресі бойынша 5 рейтингілік жарыс өтті. Бұл жарыстардың нәтижесінде әр салмақ дәрежесінде ең көп ұпай жинаған үздік 8 балуан анықталған болатын. Енді, міне, олар өз салмағының үздіктері ретінде елордадағы бәсі биік «Дала қыраны» титулы үшін күреспек. Турнирде жеңіп шыққандар өз салмақ дәрежесінің «Бас балуаны» атағына ие болады. Сонымен қатар, жеңімпаздар қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жарыстың жүлде қоры –
100 000 АҚШ доллары.
Ал турнирге екі мәрте әлем чемпионы, 5-Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының және Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының жеңімпазы Жұмажан Қожамбеков, әлем чемпионы, 5-Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының жеңімпазы Ерсұлтан Мұзаппаров, Азия және Әлем кубогтарының жеңімпазы Алтынбек Аусағитов, әлем және Азия чемпионы, «Дала қырандары» РТ екі дүркін чемпион Нұрдәулет Жарылғапов және «Қазақстан барысы – 2024» турнирінің жеңімпазы, екі дүркін күміс жүлдегер Ерасыл Қажыбаев сынды палуандар қатысады.
– Биылғы турнирдің басты ерекшелігі – шоу элементтерінің енгізілуінде: танымал қазақстандық спортшылар Руслан Әбдіразақов, Саят Шәмшиев және Василий Тахтай боз кілемде ММА спортшылары Фарид Абдуллаев, Ислам Джангоразов және Данил Ельбаевқа қарсы шығып, қазақ күресінің ережесі бойынша күреседі. Сөйтіп, бұл қадам жұртшылықтың дәстүрлі турнирімізге деген қызығушылығын арттыра түсіп, жарысқа жаңа леп береді деген сенімдеміз, – дейді жарысты ұйымдастырушылар.