Төтенше жағдай қызметі дамуда
Төтенше жағдайлар қызметін дамыту жөніндегі Кешенді жоспар аясында, Астана қаласының әкімдігі мен мәслихаты алдағы үш жылға бекіткен бағдарлама шеңберінде, Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің инфрақұрылымын жетілдіру және жабдықтау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
-Маңызды қадамдардың бірі — Қордай көшесі, 95 мекенжайында орналасқан №23 өрт сөндіру депосының құрылысын аяқтау болды. Сондай-ақ, «Тельман» тұрғын үй алабында өрт сөндіру депосын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. «Интернациональный» тұрғын үй алабындағы өрт сөндіру депосының құрылысына қатысты жобалық құжаттама сараптамадан өтуде, – дейді Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.
2024 жылы қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен 800 арнайы киім жиынтығы сатып алынды, ал 2025 жылы еуропалық өндірістен тағы 100 арнайы киім жиынтығын жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, өткен жылы депутаттық корпустың қолдауымен 33 бірлік арнайы техника және 2 ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынды. Бұл жабдықтар өртті жедел сөндіру мен қызмет тиімділігін арттыруға ықпал етеді.