Тарих пен болмыстың шырақшысы
2025 жылы 10 қаңтарда тарихшы, жазушы, зерттеуші, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин АҚШ-та қайтыс болды. Осылайша, 2006 жылдың желтоқсан айында өзі аса үлкен жүрекпен, асқақ махаббатпен сүйген туған жері, туған елінен кеткен қазақтың абыз ақсақалына мұхиттың арғы бетінен топырақ бұйырды. Арысының денесін жат ел, жат жерде тастамайтын қазақпыз ғой, Мұхаңның сүйегін елге әкелер ме екен деген соңғы үмітіміз де орындалмады.
Қазақ әдебиеті мен тарихына тың құбылыс ретінде түрен салып келген Мұхтар Мағауин иісі қазаққа 26 жасында танылып, «басына тас емес топ тисе де», алған бетінен қайтпай, жанкештілікпен жұмыс істеп, саналы ғұмырында қазақ халқына жазушылық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөз жайлы жазған 27 томдық мұра қалдырды. Түсінген, сезінген адамға бұл – ұлтымыз үшін қисапсыз қазына, баға жетпес байлық.
Пайғамбар жасынан асқан кезінде «О, Тәңірім, маған мұрсат бер, ойымдағыны түгел орындай алғам жоқ» деп Жаратушыдан іштей 23 жыл – 82 жасқа дейін ғұмыр сұраған Мұхтар 85 жас жасады. Ресми деректерде «Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген» деп жазылғанмен, Мұхаң 29 қаңтарда туған. Оны өзі айтып та, жазып та кеткен.
Бала кезінен қазақ ауыз әдебиеті мен халық мұрасына құштар болып өскен Мұхтар бұл қызығушылығын болашақ кәсіби жолына негіз ете білді. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған ол одан кейінгі өмірін әдебиетке, тарихқа және ғылымға арнады. 1965 жылы «Қобыз сарыны» монографиясын жазып, орта ғасырлардағы қазақ әдебиетінің маржандарын жарыққа шығарды. Бұл еңбегі арқылы қаламгер қазақ әдебиетінің түп тамырын терең зерттеген ғалым ретінде танылды. Әдебиетті зерттеу саласындағы еңбектері қазақтың ұлттық болмысына алапат күш бітіріп, ұлттық мәдени мұраны қайта жаңғыртуда шешуші рөл атқарды. XVII ғасырдағы қиын-қыстау кезеңдерді тіліне тиек еткен «Аласапыран» романы да қазақ халқының сөніп, үзіліп бара жатқан рухын қайта сілкіп оятты. Әбіш Кекілбайдың «Алдаспан» мен «Қобыз сарыны» өз тұсындағы қазақ әдебиеті мен қоғамдық ойында шешуші бетбұрыс жасай алды» деп бағалауы – соның дәлелі.
М.Мағауиннің «Шақан шері», «Тазының өлімі» сияқты шығармалары адам мен табиғат арасындағы байланыс, рухани құндылықтардың құлдырауы, заманның көлеңкелі тұстарын ашып көрсетеді. Әсіресе «Тазының өлімі» әңгімесінде адамның рухани азғындауы мен табиғат арасындағы қайшылықты жан тебірентер көркемдікпен, көрегендікпен суреттей білді.
Қалам иесі өмір бойы қазақ халқының ұлттық санасын оятып, тарихи әділдікті қалпына келтіруді мақсат тұтты. Сосын да оның шығармашылығы тәуелсіздік идеясының жаршысы ретінде танылды. «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегі қазақ халқының тарихи санасын қайта жаңғыртса, «Ұлтсыздану ұранында» қазақ халқының ұлттық болмысын сақтап қалу, рухани тәуелсіздік, тіл, діл және мәдениет мәселелерін қозғап, құндылықтарымызды қорғауға батыл үндеу жасады.
Мұхтар Мағауин – қазақ әдебиетінің ғана емес, тұтас ұлттық руханияттың шамшырағы. Оның шығармалары мен ғылыми еңбектері ұлттық болмысты сақтаудың, тарихи сананы жаңғыртудың, ұлтты рухани тұрғыда байытудың үлгісі. Ол – өзінің сан қырлы талантымен, ұлтқа деген сүйіспеншілігімен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихында мәңгілік орын алған тұлға. Осы тұрғыдан алғанда, Мұхтар Мағауиннің қазасын «қазақ үшін бір дәуірдің аяқталғаны» деп қабылдасақ та артық емес. Өйткені бұл дәуірде Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев және Ақселеу Сейдімбек сынды қазақ әдебиетінің алдыңғыға мұрагер, кейінгіге бұйдагер болған тұлғалары өз шығармашылығымен қазақ халқының рухани әлемін байытып, ұлттық болмыстың мәңгілік құндылықтарын сақтауға зор үлес қосқан һәм соны бекемдеуге бек күш салған мезгіл болды.
Енді біздің ұлтқа Әбіштей абыз, Мұхтардай дана қаламгер бұйыра ма, жоқ па – оны уақыт көрсетеді. Дегенмен XIX ғасыр қазақ мәдениетінің алтын ғасыры болса, XX ғасыр қазақ қаламгерлерінің алыптары туған дәуір болды. Бұл пайымға да Әбіштің «Ертіс пен Жайыққа, Алатау мен Алтайға бармаған адам қазақ жерін көрдім деп айта алмайтыны сияқты, төл әдебиетіміздің Мұхтар Мағауиндей кемел суреткерінің құнарлы туындыларының тұнығы мен тұңғиығына бойламаған адам қазақ елін, қазақ ұлтын білдім деп айта алмасы хақ. Ондай іргелі суреткерлерді шытырманы мен шырғалаңы мол күрделі дәуірлер туғызары анық» деген сөзі дәлел секілді.
Иә, «Мына мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы алапат бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, мәңгілік аруаққа айналамын! Иә!» деп өзі жазып кеткендей, қазақ барда Мұхтар Мағауин есімі бұл фәниден өшпек емес. Керісінше, күн сайын биіктей бермек!
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ