Қоқысты қайта өңдеуге өткіз
Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экоакциясы жалғасып жатыр. Елорда тұрғындары да шет қалмай, түрлі экологиялық шараларға қатысады. Қала тазалығы мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосудың тағы бір жолы – тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге тапсыру. Бұл жұмыс туралы толығырақ «LS Astana» директоры Сәуле Тәжібаева айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Сәуле Тәжібаева қайталама шикізатты жинау және бастапқы өңдеумен айналысады.
Оның айтуынша, соңғы жылдары тұрғындардың қаладағы экологиялық жағдайға көңілі артқан.
«Күн сайын бір қабылдау пунктіне 1 тоннадан астам, айына 25-30 тоннадай шикізат келеді. Осы қоқыстардың барлығы полигонға араласқан қалпы жіберілуі мүмкін еді, бірақ енді ол қайтадан пайдаланылатын болды. Тұрғындарымыздың хабардарлығы қуантады. Қайта өңдеуге жарамды материалдарды тапсыратындардың 70-80 пайызы табыс табу үшін емес, қаланы таза ұстау үшін осындай қадамға барады», – деп атап өтті LS Astana басшысы.
Оның айтуынша, елордада қалдықтарды бөлу жүйесі белсенді түрде дамып жатыр. Мысалы, астаналықтар қайта өңделетін материалдарды тапсыра алатын қалада 5 LS Astana пункті бар.
«Біз қосымша материалдардың 17-ден астам түрін әрі қарай өңдеуге қабылдаймыз. Олардың негізгілері картон, полиэтилен, пластик бөтелкелер, алюминий банкалар, канистрлер, макулатуралар (кітаптар, газеттер, журналдар және т.б.). Қалдықтарды кәдеге жарату үшін Телжан Шонанұлы көшесі, 36/1а мекенжайында орналасқан негізгі базаға, сондай-ақ қаланың бірнеше жерінде орналасқан қабылдау пунктеріне әкелуге болады. Бұл пунктер тұрғындарға ыңғайлы болу үшін арнайы ашылған. Біз қабылдау кестесін барынша ыңғайлы етуге тырыстық», – деді Сәуле.
Қайта өңдеуге болатын материалдарды таза түрде тапсыру керек екенін есте ұстаған жөн. Мысалы, майлы картон немесе сусын қалдықтары бар бөтелкелер қабылданбайды. Қайта өңделетін материалдар түрі бойынша алдын ала сұрыпталуы керек.
«Біздің қызметкерлер пунктерге түсетін қалдықтарды қоймада әртүрлі түрге сұрыптайды. Көп мөлшерде жиналған кезде оларды негізгі қоймаға тасымалдаймыз. Қайта өңдеу зауыттары қайта өңделетін материалдарды белгілі бір формада қабылдайды. Мысалы, пластикалық бөтелкелерді қайта өңдеу үшін біз оларды ашық және қаралау деп бөлу үшін сұрыптау таспасын қолданамыз. Содан кейін шикізат престеледі және қатты пластик ұсақталады. 20 тонна материал жиналып, отандық зауыттарға өңдеуге жіберіледі», – дейді ол.
Қалдықтарды кәдеге жаратқаны үшін астаналықтар прайс-парақшаға сәйкес ақшалай сыйақы ала алады. Құны қайта өңделетін материалдың әрбір түріне 1 кг үшін анықталады. Қалдықтарды қабылдау кезінде пункттегі қызметкер оны өлшеп, есеп береді.
Естеріңізге сала кетейік, елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясы жалғасуда. Экологиялық акция аясында қаланы, нөсер және суару арықтарының кәріз желілерін санитарлық тазалау, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық орындар мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.